Ауқымы мол, ~ Әніміздің тынысы кең, әуезі майда қоңыр болғанымен, күйіміздің күмбірлеген көмейінде төгілмелі түйдек бар, — дейтін Алдияр мұңды үнмен сөзін жалғап. Ә.Әл. ~ Даланың желкемдеу ауасы таза, тынысы кең төңірек құлаққа ұрған танадай тиыш жел жақтан көлдің дымқос барқыны, судың толқыған сыбдыры сезіледі, құстардың шулаған дауыстары естіледі. С.Мұқ. ~ Біржан орта бойлы, сұлу келбетті кісі еді, дауысы өте зор, тынысы кең, әнді екпіндете түрлендіріп шырқап салғанда, базарға келгендердің бәрі қасына жиналды… Е.Байб. ~ Қазақтың ұлттық саяты – аса қасиетті, тарихы ұзақ, тынысы кең, айтары, берері көп, қыры мен сыры мол мұра. Ж.Баб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫЛАҒЫН ШЫҒАРДЫ
Саусақтарымен әдепсіз ишарат жасады. ~ Дүниеге жарымаған байғұстар: «қызымызды ажыратып алсақ – дүниесінен де ойып аламыз» деп жүрген шығар? Мә, алады, — деп Қыздығой тылағын шығарды. К.Ах.
ТЫНЫСЫ КЕҢІДІ
Еркін тыныстады, рухы жоғарылады. ~ Достық өскен, ерлік ескен ортаңа Енген сайын кеңи түсер тынысым. Т.Айб. ~ Бет бақтырмайтын үскірікке қарай алмай қиналып, булығып, не істеуге білмей сасқан кезде кенет тынысы кеңейіп жүре береді. Әлібек оянып кетті. Х.Ес. ~ Қарғаларым-ай, сендерді де ерте оятып жібердік-ау, –деп Елісханның екі ұлының торсықтай маңдайларынан кезек иіскеген Әліптің сарайы ашылып, сәтке болса да тынысы кеңи қалды. Ж.Шәк. ~ Сарайы ашылып, тынысы кеңіп, көз жанары жайнайды оның. БС. "Қ.Ерт." ~ Артта Тоқмырзаның тоқал тамы қалып барады. Тоқал тамнан ұзаған сайын тынысы кеңіп, жүрісі ширай түскендей. Тек ауруынан әлі айықпаған ба, басы зеңіп, шекесі солқ-солқ етеді. Д.Әш.
ТЫЛСЫМ ДҮНИЕ
Құпиясы мол, сыры сан қилы, жұмбақ әлем. * Сол бұйырмаған махаббат, достықтан біткен екеуінің баласы, жөргектегі нәрестесі — жас ұлан, әкесі мен шешесінен айрылған күні жөргегінде жылаған күйінде мынау шеткі Ақшоқының есіз биігінің басына апарып тасталды. Дәл сол қаза күні байып батқанша шегі қатып, жылап жатты. Суық дүние, тылсым дүние ортасында, тас бауыр адамнан алыс, жалғыздықта… үні өшті!.. Мәңгі өшті!..— деді де Абай сөзін бітірді. М.Әу. ~ Тұрса да ақырзаман аран ашып, Кетесің от пен суға араласып. Кіресің тылсым дүние құшағына, Дауылмен жалғыз өзің жағаласып. Н.Айт. ~ Өйткені Абай әлемі табиғаттың өзіндей тылсым. Ол сәт сайын жаңғырып, түлеп, сәт сайын қозғалысқа түсіп, сәт сайын жан-жағына сәуле жамыратып тұрған әлем. Сол құпия тылсым дүниенің стихиялы қозғалысына үңілу, оны бақылау — Абайды ғана емес, өзіңді де өзіңше ашу болып табылады. Т.Мед. ~ Ішкі еркіндік, жаңа жерлерді, алыс та түсініксіз қиырларды, беймәлім тылсым дүниені көруге деген құштарлық, құпия көкжиектің шекарасын аттасам деген балалық аңқау талпыныс. С.Байх.
ТЫНЫСЫ ТАРЫЛДЫ
Қобалжыды, берекесі кетіп, сабырынан айрылды. * Мырқы мырзаның адымы, тынысы тарыла түсті. Д.Досж. * Оу, ағайындар-ау арыстай азамат деймісіңдер? Оған неге көмектеспейсіңдер? Алла…» Біртүрлі Жәзираның тынысы тарылып кетті. М.Сүн. * Алғашқы сабақтың бірінші үзілісі жақындаған сайын Бағиланың тынысы тарылып, сабыры кете бастады. Д.Исаб. ~ «Маймаңгер, ән қосайын жүрісіңе, Дер екен қалқа қалай келісіме» деген әнші жалғыз отырған Ақшабақтың үстіне кіргенде, Әлібектің тынысы тарылып, булығып, жүрісінен жаңылды. С.Жүн.
ТЫМ-ТЫРАҚАЙ (ТЫРАҚАЙЛАП) ҚАШТЫ
Бей-берекет, жан-жаққа қашты, жан сауғалады. ~ Ауыл шетіне Нұрперзент асау торы тайды алқындыра кірді. Жолда ойнап жүрген бір топ бала тым- тырақай қашты. Қ.Ысқ. ~ Біз шу ете түсіп, тым- тырақай қаштық. С.Мұр. ~ Қорықпандар! Мылтық атсаңдар өздері де тырақайлап қашады. Оларда қару жоқ. Б.Тоғ.
ТҰЯҒЫН БАСТЫ (ЖАЛҒАДЫ)
Біреудің өмірін (ісін) жалғастырды. * Апырмай, тұяғыңды басады, атыңды жалпақ жұртқа жаяды деп үмыттенген ұрпағың енді он жыл, он бес жыл өткенде де өзіне ұқсап күйбеңдеп тары ексе, түйе сауса – несі қызық?! Д.Досж. ~ Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей.
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ
Қысылтаяң жағдайға, аяқ бастырмайтын кедергіге тап болды; әлдебір мәселенің оң шешуін таппай қиналды. * Ендеше, дәл қазір жаңа жорыққа шығардай кім табыла қояды. Кім? Ол мынау тығырыққа кеп тіреліп қалды. Ә.Кек. * Жай отырып ойласа, айтары ағыл-тегіл. Енді соны жазбақ боп, қолына қалам алуы-ақ мұң, тығырыққа тіреледі де қалады: неден бастамақ, немен аяқтамақ? Ш.Айт. * Тығырыққа тағдырым тірелгенде, Күреңітіп ой кешем күрең белде. Р.Ниязб. * Әбубәкір төмен қарап отырып қалды. Баласының бір нәрсеге бет алса, бұрылмайтынын білетін ол шарасыздықтан тығырыққа тіреліп отыр. Б.Тоғ. * «С оншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіпақ қалғандай. С.Жүніс. * . Қауқаш койшы жаны иненің ұшында тұрғандай абдырап, аузына сөз түспей, өзіне қадалған сан алуан көздерден қашып құтылатын тесік таба алмай тығырыққа тірелді. С.Елу.
ТҰЯҒЫН ТАС ҚАҚПАДЫ
Кедергі көрмеді. ~ Басқа қазақ жазушыларының талайы «Мәдениет төңкерісі» кезінде, оның алды-артында Тарым лагеріне айдалып, жазаланып жатқанда, Жұмабай еш кедергі көрмей, тұяғын тас қақпай келе жатқан белсенді қаламгер. Қ.Жұм.
ТЫҒЫРЫҚТАЛҒАН ТҮЙЕДЕЙ
Еркінен айрылған д.м. ~ Оған ырық бермесе мұның да танауын тесіп, бауына сүйектен не ағаштан жасалатын бір жағы тұйық тығырық өткізеді. Бұлай еткенде мал ырыққа тез көнеді. Тіл алғыш адамды «тығырықталған түйедей» деуі содан. С.Мұқ.
