Үсті-басында түк жоқ; киім атаулыдан ада. * – Қа-қалай?!! – Қосымханның жас жуған түймедей көздері шақырайып шарасынан шығып барады. – Тұттай жалаңаш шешіндірді емес пе, аналар қалтаңнан алмап па, әлде кабинаның бір жеріне жасырып па едің? Т.Сәук. * Содан да шығар, дүние бей-берекет, бардың өзі ұқсамайды. Анау Бимендінің балалары тұттай жалаңаш. Ал қой дегенің отар-отар болып мыңғырып босқа жатыр. К.Қазыб. * — Сол жетімекті асыраймын деп арқа етім арша, борбай етім борша боп жүрмін. Қанша шарқ ұрсам да, шөлкиім жамалатын сұры жоқ. Мына өмірден тұттай жалаңаш өтетін секілдімін… Ж.Шағ. ~ «Енді маған есемді қайтар», — дейді. Атасының басы! Он жыл баққан қойын бұлдағанда, ішкен асын, киген киімін есепке алмайды екен ғой! Тұт жалаңаш жүргенде басына пана тұрғызып берген де Әкімбек емес пе еді? «Бұлар қан сорғыш сүліктер!» деп көкіді-ау! Көрсетермін қалай қан сорғанды! Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰНЖЫР ҚАБАҚ
Көңілсіз, жабырқау. ~ Салақ әйел сыққан кірдей, қара бұлттың етегінен жаңбыр сілбіреген күздің тұнжыр қабақ күні еді. Қосымхан емтихан тапсыруға кеткен әулие-әнбиелерге сыйынып. Т.Сәу. ~ Қаланың муниципалитіне қарасты көше сыпырушылар, қоқыс тазалаушылар жалақыға риза болмай, ереуіл үстінде. Муниципалитет өкілдері бүгін таңертең тұнжыр қабақ, шалбар бет, ауру адамдай бір бейшараларды тауып әкеліп еді, ереуіл жасаушылар жолатпай қуып тастапты. М.Қаб.
ТҰРМЫС ҚҰРДЫ
Тіршілік жасап, күнін көрді. ~ Біздің қатарымыз әлі де болса өнердің де, білімнің де қалада екенін білмейді. Қалаға барса тұрмыс құра алмайтындай көреді. Үркеді. М.Сүн. ~ Біз колхозсыз өмір сүрудің тұрмыс құрудың, әсіресе мәдениетті тұрудың мүмкін еместігін әбден ұқтырған сияқтымыз. Бұл үлкен жеңіс. С.Бақ. Үйленді, үй болды. ~ Әскери тәртіпке пісіп алған Мұқаметқали, жәй қызмет үстінде де сол жүріс-тұрысын бұлжытпайтын: — Мен әлі үйленіп тұрмыс құрғаным жоқ. Оны жақсы білесін. Менің шешемнің, ағамның ойларын да білесің. Олар — әкең атастырған қалыңдығын бар, соны ал» деп мазалайды. С.Бег. ~ «Әке балаға сыншы» депті ғой. Маған дегенде ықыласы бөлек еді. Тұрмыс құрғасын әкем маған: «Баламның алды, тұла бойы тұңғышым едің. Саған мына қоңыр іңгеннің ішіндегі ботаны енші қылдым» — деді. Ү.Жәл. ~ Кеңестік тәртіп те, өмірдің ыңғайы да оларды қалыпты арнаға түсіре бастады. Жергілікті орыстың жастарымен үйленіп, тұрмыс құрып, біртіндеп қан араласып кетті. Ә.Асқ.
ТҰТТАЙ БОЛДЫ
Түгі қалмады; жалаңаш қалды. * –– Апа, гуртоправ айтты, табысы мол, ақшасы да көп дейді, мен осы Семейге мал айдатсам қайтеді. Заготскотта соған кісі жетпей жатыр ғой. Киімнен де тұттай болып барамыз,-деді. Қ.Ысқ.* Ол да болса әулие ата Қарынбайдың шапағаты шығар?! Боранқұл үй-ішінің бұрынғы жасау жабдықтан тұттай болғанын есіктен кіре байқаған. Ғ.Біләл.
ТҰНЖЫР ТАРТТЫ
Қабағына кірбің түсті. * Оның қылмаған айласы жоқ. Жылайды, жұлқынады, күлгірленеді, алдайды, еркелетеді – бәрін қылды. Не үшін? Байы еркектерден асам деп талпынуы үшін. Мұрда қартайды, кірпідей жиырылып, тұнжыр тартты. Ж.Айм.
ТҰРСАМ КҮЛКІМ КЕЛМЕЙДІ, ЖАТСАМ ҰЙҚЫМ
Ғашықтық дерті жанын жеп, мазадан айырды. ~ Басылмас қартайғанша жастық серпін, Жасымнан еркеледім емін-еркін. Тұрсам күлкім келмейді, жатсам ұйқым, Ішкен асты сіңірмес сенің дертің. ХӘ. ~ Басылмас қартайғанша-ей жастық серпін, Жасымнан еркеледім емін-еркін. Ей, Ақмарал, Сұлу бикеш, Жан сәулем. Келмейді тұрсам күлкім-ей, жатсам ұйқым, Сіңірмес ішкен асты сенің дертің. ХӘ.
ТҰНЫҒЫН ЛАЙЛАДЫ
Абыройына нұқсан келтірді; қорлады, бүлдірді. * Абай бұған да онша емексіген жоқ. "Қасиет деген сақтаса қасиет, былғаса, таптаса, тұнығын ылайлап қорласа немесе сындырса, ол қасиет қайда кетті, соны ойлау керек қой!" М.Әу. * Ел тұнығын лайлаған «өтірік большевиктің» буалдыр тұманынан Жетісу аспаны тазарған. І.Жанс. * — Біздікі алды қатты, арты жұмсақ далбаса ашу ғой әншейін. Әйтпесе тұнығымды лайлап жүрген шалым жоқ. Үйге кіріңіздер! — Тез жібіді.— Шай қойып жіберейін. Әй, Әлия, жүгір, құдықтан су әкел. М.Қаб. * Бұдан беті қайтқанмен, екі түйсіксіздің көршілерді жағалап, талайдың тұнығын лайлағаны кәміл. Т.Сәу. * … енді өзінен-өзі қысылып, «Ағаға осынша тымық түкпірін қопартып, тұнығын лайлағандай несіне сұңқылдай қалып едім» деп өкініп отыр. З.Қаб. * Сыртымыздан сұмдық өсектің неше түрін таратып жүрді. Ол өсектің шеті үйде отырған Бақытжанның құлағына да тиетін болуы керек. Менің отбасындағы тыныш тірлігімнің тұнығы лайланып, берекесі қашты. Ү.Жәл.
ТҰРЫМТАЙ ТҰСЫМЕН (ТҰСЫНА)
Әркім өз жөнімен кетті. * Тірлік дегенде колхоз тарап, тұрымтай тұсымен кеткен тұста Мылтықбай қарап отырған қора-қопсыны аудан орталығындағы дөйдің бірі бәленбай жылға әренделеп алған. Н.Дәу. ~ Бұрынғы жақсы мен жайсаңның жұрнағы қазір тұрымтай тұсына тоз-тоз боп бытырап кетті ғой, — деп ауыр күрсінген анамның ойын әрі қарай әкем өрбіткен-ді. С.Ақт.
ТҰНЫҒЫН ШАЙҚАДЫ (ШАЙҚАЛТТЫ)
Адал ниетін бұзды, ақ сезімін қорлады, берекесін кетірді, зиян қылды, күйе жақты..* Елдігіміздің, тұнығын айқалтпауды ойлайтын кезіміз осы. Осылай жалпы ықтатып алар қауіп-қатерді тізе келіп, билер сөз аяғында кешегі айтқан мұрагерлік, әменгерлік жайларын қадағалады. Ғ.Мүс. * Лиманың көңіл күйі солай болатын. Әлдене ішін өртеп, тұнығын шайқап кеткендей. Ә.Тар. * Сәуле Балтаға тазалығымен, пәктігімен асқақтап сала берді. Соны ұғынғанда, іштей бір: "былғап алмаймын ба, тұнығын шайқап, лайлап жібермеймін бе" дейтін сезіктену тұтана жаздап, тез өшті. С.Смат. ~ Ескі ауылдың тұнығы мен түндігі шайқала бастағанын әсіресе, патшаның отаршылдық қысымынан қоныс таршылығын сезінген бір топ ақындар ескіні, ежелгіні аңсап, күңіреніске түсті. Қ.Бекх.
ТҰРЫМТАЙ ТҰСЫМЕН (ТҰСЫНА) БАЛАПАН БАСЫМЕН (БАСЫНА)
Әркім қара басының қамымен жүр д.м. * – Е, балам-ай, қайда дейтіні бар ма? Тұрымтай тұсымен, балапан басымен болған заманда бір жанының амандығы үшін дүние-мүлкінен безіп кетті де. С.Досж. ~ Қазір менің қасымда үркердей ғана топ қалды, екі жарым мың үй қалды… — Пәлі десейші! — Тұрымтай тұсына, балапан басына деген заман ғой! З.Шүк.
