Posted in

ТҰМАН ТОРЛАДЫ

Жабықты, жабырқады, мұңайды, көңіліне қайғы үйірілді. * Тұман торлап жүзіңді қалды маай! Деуші еді ғой: «жалғыздың жары Құдай», Неге таси береді қаным ұдай?! М.Мақ. * Әсет шексіз шиырды шарлағандай түңғиыққа шөккен-ді. Көңілін сұрғылт тұман торлағандай. Қара басының қамын күйіттей бастаған сыңайы бар. Қ.Тол.* Армансыз адам болмайды, Кімдердің гүлі солмайды? Көк тіреген таулардың Басын да тұман торлайды. Еңкейіп қалдың, жан әкем! Т.Сәу. * Бұдан әрі сырын жасыра берудің реті жоғын сезген Сыбан — Рабтан жастық дәуренінің Шолпаны туып, көкжиегінен рауандап көрініп келе жатқан шұғыласы барын айтты. Сол тылсымдай арбаған шұғыласын кейде бұлт басып, тұман торлайтынын да көңіл күдігімен қоса жеткізді. С.Смат.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ ТІТІРЕДІ (ТІТІРКЕНДІ)

1. Әлдебір алапат сезімнен (күйзеліс, қорқыныш т.с.с.) бүкіл жаны түршіккендей болды. * Нұрлыбай мұны ойласа тұла бойы тітіркеніп салқын тердің қалай шыққанын да сезбей қалады. «Тек құдай бетін аулақ қылсын!» — дейді ішінен күбірлеп. Б.Майл. * Апарады да сасық Мырзаштың қойнына салады. Сонан соң жата бер, іріп-шіріп… көне бер, өле бер… Ұлпанның тұла бойы тітіркеніп кетті… бала мінезді болушы еді, қатты қорыққан екен жас балаша жылады. Ғ.Мүс. * Бұл өзі — ағасы өліп, мұңды болып жүрген Қамардың айтқан сөзі екенін білгенде, Мақсұттың тұла бойы тітіреп кеткендей болды… Ж.Ахм. * Бөлме ішін ызғар есіп өткендей Зухраның тұла бойы тітіреп кетті. Т.Сәу. * Қыздың тұла бойы тітіркеніп кетті. "Бұлар өстеді енді!.. " Ә.Тар. . * Лимада үрей қалмайды, тұла бойы тітіркеніп, жаны түршігеді. Ә.Тар. 2. Суықтан дірілдеп кетті. * Күндізгі қара суық қазір күшке мініп қылшылдап тұр екен. Салған жерден қойны-қонышына кіріп тұла бойы тітіркеп ала жөнелгесін, жалт беріп қамыс қостың ығына тұра қалған-ды.. Ә.Нұрп. * Су беті қарақұрықтана тұңғиық тартып, қара жанның жөн арқасындай жыбыр-жыбыр мөңкіп жатқандай болды да жауырынын белгісіз бір ызғар шымшылап, тұла бойы тітіреніп кетті. Қ.Ысқ.

Posted in

ТҰМСЫҒЫ БАТПАДЫ

Кіре алмады. ~ Жер бөлімінде — қазақ. Бұрын қазақтың тұмсығы батпайтын азық-түлік мекемесіне де қазақтан кісі кіріпті. Кәсіпшілер кеңесінде саяси бөлімде де қазақ қызметшілері. Ж.Айм. Жүрегі дауаламады. ~ Арада үш қонып жеткеніміз ғой. Түнде далада түнедік… Байшоқының сегіз қанат үйі аузы-мұрнынан шығыпты. Төремұраттың тұмсығы батпады. З.Шүк. ~ Балталап кесіп бермесең, тіс батпайтын өліктерден нәпәқа түспеген соң, көз ұяларын ойып түсерге тұмсығы батпай, олар да түңіліп торығып кеткен сияқты. Ғ.Біл.

Posted in

ТҰЗ-ДӘМ АЙДАДЫ (БҰЙЫРДЫ)

Бір жерге келуге жазды, сәті түсті. ~ Ишаны қол тапсырған ішіндегі, Осындай кесапаты молақ қала. Бұл елге тұз-дәм айдап тағы кеппін, Талақ тастап кетіп ем біржолата. БС "Болат, Жанат". ~ Келіп қалдым Баянға дәм-тұз айдап, Таңертеңнен жүрегім тау-құзда ойнап, Толқынына шомылып, құмында аунап, Жасыбайды жатырмын жалғыз жайлап. С.Мәу. ~ Ақ Жайықтың бұйырды да тұз-дәмі, Өр көңілім тұңғыш сертін бұзбады. Мені көрсе сызылғанмен жігіті, Көйлегімді ауырлайды қыздары. Б.Баймұқ,

Posted in

ТҰЙҒЫНДАЙ ҚҰНТИДЫ

Жұдырықтай болып жиырылды. ~ – Аруақ атқыр! Менің атым! – Қадыр дүрс қойды; тұйғындай құнтиып, беткелген атқа ақыра жармасты. Дереу атып мінді. Ж.Айм. ~ Өзінен басқа жан жоқтай, Жетіп келді ұмтылып. Қарсы ұмтылды Алпамыс, Ақ тұйғындай құнтиып. "Алпамыс батыр." ~ Жануар торы жорға су төгілмес қой жорға екен, қамшы салдырмай келеді. Тіпті кейде арындап, шүрегейге түсетін тұйғындай құнтитып, ауыздықты баса береді. Б.Қыд. ~ … Бейіт басына тұйғындай құнтиған жеңіл мәшине кеп тоқтады. Ө.Кәр.

Posted in

ТҰЗ-ДӘМІ ЖАРАСТЫ

Тіл табысты; тату-тәтті тұрып кетті. * Ертеңінде Балта ауылына жалғыз кетті. "Әлден әйелге бет-ажарым өтпейді. Сонда тұз-дәміміз жарасты дей алам ба? Майсара екеуміздікі осы қандай тірлік? Қосылдық па? Әлде орысша айтқанда сожительство дейтін беймәлім берекесіз әрекет пе? С.Смат. * Бұдан бір жыл бұрын ЖенПИ — ді бітіріп келіп, осы мектепте математикадан сабақ беретін, көк етікті кезікпей, көн етіктікі менсінбей күйеу таңдап жүрген Мәрия деген қыз бар екен. Екеуінің тұз-дәмі жарасып, келесі көктемде үйленіп алды. Қ.Жұмад. * Ауылдан шыққан азамат, тәрбиесі, тәртібі қазақша деп арқасын кеңге салып, онша күдіктенбейтін. Қайта осы екеуінің тұз-дәмі жарасып кетсе екен дейтін іштей аналық тілегі болатын. Ақыры, міне, шошақай қыз тайраңдап жүріп шоқ басты. С.Смат.

Posted in

ТҰЙҒЫНДАЙ ТҮЙІЛДІ

Барынша жинақталып, шабуыл жасауға дайын тұрды д.м. ~ Мүмкін көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетерме. Бір мезгілде сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. БС. "Атымтай жомарт". ~ Дүңгендерден олжа түсіреміз деп, өздігінен ұйымдасқан суық жүрісті жігіттер, аң мылтықтарын асынып, сойыл, шоқпар алып, жаудың артында қалған әлсіз тобына тұйғындай түйіліп көрген. Т.Рыс. ~ Шәріптің көзінше тұйғындай түйілген жігіттерді, әзіл- шыны аралас жер соқтырып кетеді. Т.Рыс.* Күйеуінің сырына қанық Жақанның айласы қырық есектің жүгінен де ауыр. Шәріптің көзінше тұйғындай түйілген жігіттерді, әзіл-шыны аралас жер соқтырып кетеді. Шәріп соған мәз Т.Рыс.

Posted in

ТҰЗ-ДӘМІ ТАУСЫЛДЫ (БІТТІ)

Өмір жасы таусылды. ~ Тектілікті жақтаған, Бар еді ғой киесі. Таусылды да тұз-дәмі, Иесі өтті өмірден. Тіршіліктің ызғары, Шалды мұны көңілден. А.Түс. (Алма Түсіпбекова) ~ Жаратқанның үкімі бойынша, сол күні, қай түпкірде жүрсе де құтыла алмайды. Үйінде, мамық төсекте шалқайып жатса да… Өйткені, тұз-дәмі таусылды. Жаратқанның үкімі мінсіз болмаса, пайғамбарлар өмірден өтер ма еді? С.Қасымб. ~ Сәл кешіккенде, Бейсен Достарыңнан айырылып қалатын едіңдер… Әйтеуір, тұз-дәмі бітпегендігі шығар, оның үстіне құдай жарылқап, қызы үйінде болып, дер кезінде ауруханаға сол әкелмегенде, жағдайы қиын болатын еді ғой. З.Нұрт.

Posted in

ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Шарасы қалмады; не істерін білмей, дал болды. * Соныңмен Құдай жолын емес, ләззат қуған кәзіргі Адам түптің-түбінде тұйыққа тірелері хақ. Өйткені нәпсі – тұзды су. Ішкен сайын шөлдетер. С.Елуб. * Екеуі де тұйыққа тірелгендей бір ауық үнсіз қалды. Т.Әбдік. * … ал халық сорлы, бұрын-соң адам баласы есітпеген ем қонбайтын бейдауа індетке ұшырап, келешек ұрпақтың тағдырын тұйыққа тіреп қойғаны анау деді. Ә.Нұрп. ~ Күшің қораш болса, құлқыңмен жағып, еңбегіңді өткізіп сыйласып қинайсың. Не оның да тұйыққа тірелер осал жерін біліп ап, амалсыз көнуге мәжбүр етесің. Біреуіне қайрат, екіншісіне мінез, үшіншісіне айла керек. Ә.КЕк.

Posted in

ТҰЗ-ДӘМІН ТАТТЫ

Біреудің қолынан дәм татты. ~ Едәуір жыл болды-ау. Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр… тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттеріңді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой… Б.Май.