Түкті де ұқпады. * "Шала оқығаны" – расқа саяды, ала "шала туғаны" несі екен мұндардың? Түсінсе бұйырмасын. О.Сәрс. * Жазған материалдарынан қате кетті ме? Онда хатшы алдымен редакторымен бажайлап сөйлеседі, бастық сонан соң мұны шақырады… Әрі бұл істейтін газет аудандық партия комитетіне қарамайды. Түсінсе бұйырмасын. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮТІНІН ТАНЫТПАДЫ
Райын, не ойлағанын білдірмеді. * Екі-үш күннен бері түтінін танытпай жатқан жұрт бар, бәріңнің де ойыңды білгіміз келеді. Ғ.Мүс.
ТҮСКЕ БЕРГІСІЗ
Өңінде болса да, түс көргендей әсер етті. ~ Түс емес еді бәрі де, Бірақ түске бергісіз. Шіркін, сондай шақтар-ай Екі айналып келгісіз! О.Айтанұлы.
ТҮТІНІН ТҮЗЕДІ
Шаруасын көтеріп, жағдайын оңалтты. ~ Кейбір аузы сүйреңдеген шыдамсыз әйелдер «ойбай-ау, тіпті құлпырып барады, Төлептің маңдайына сыйса жарар еді», — деп күндей бастады. Осындай күндеуді жеңгенің аузынан естігені де бар Жанардың. «Саған ерегескенде ме?» деп түтінін тіпті түзей бастады ол. К.Қаз.
ТҮСКЕ ДЕЙІН КИІЗ, ТҮСТЕН КЕЙІН МЕЙІЗ
Мінезі айнымалы кісі туралы. * Ауытқымалы толқымалы, қылт етпе кісі. Бір бойына дала, қала қасиеттері қатар сыйысқан. Кейде түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Маған шаң жолатпады, әйтеуір. Бірде араздасып, кейде татуласып жүріп, ол ер жетті, мен бой жеттім. Арамыз түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Әлі дала тұтас қарая қоймағанмен, тебе, қыраттардың күнгей беттері жалаңаштанып, дымқыл жер иісі шуақты күндері бүкіл атырапқа тарай бастаған. Күннің түске дейін мүйіз, түскен кейін киіз дейтін шағы. С.Жүн. * Оған мына «түске дейін — мүйіз, түстен кейін — киіз» аталатын жаймашуақ қабаттасқаннан кейін ит жонданып, бүкіс тартқан жоталардың төскейі тіпті алабүйректеніп шыға келді. К.Ахметб.
ТҮТІНІН ТҮТЕТТІ
Шаңырағын құлатпады, отын өшірмеді ~ Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей. ~ Сондықтан тірі қалғанымызға тәубә дейік. Бәрінен де Тілеулі ақсақалдың түтінін түтететін Сәменнің аман қалғанына мың шүкір деп отырмын. Б.Нұрж. Бір үйдің бар шаруасын атқарды. ~ Осы әулеттің табалдырығынан аттап, түтінін түтеткеніне бірнеше жылдардың жүзі өтіпті. О.Көш. * Әне, сол кезде сан жылдар бойы отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған шүйкедей кемпір табалдырық алдында таяғына сүйеніп қарсы алушы еді ұлын. М.Қаб. ~ Иә, кеше түстен кейін жеңешем алыстағы малды ауылдан артынып-тартынып келе қалмасы бар ма. Үлкен ағаның отын жағып, түтінін түтетіп отырған ақылды жеңешем ғой баяғысында. М,Қаб.
ТҮТЕ-ТҮТЕСІН ШЫҒАРДЫ
Быт-шыт қылды. ~ — «Дүние бір қақ байтал, екі айғырды өзара шайнастырып ащы қылған», — дегендей, — деді біреу, — осы үйдегі салдақы қатын ғой, Итаяқ пен Ақпанды шайнастырып, бірін-біріне жем қылған. Неге сол салдақының түте-түтесін шығармадық манадан бері? С.Мұқ.
ТҮТІНІН ТҮТІНГЕ ҚОСТЫ
Қиянат қылды, зұлымдық жасады. ~ Бұл әңгімеге хазірет те құлақтас болғаны теріс емес. Мейлі дүние өртене берсін. Нәзипаны иықтап алуға ыты келген жер осы. Енді мұның ізін суытпау керек. Түтінін түтініне қосып қалайық — еді. І.Жанс. ~ Таза азамат, адал кісі болсаң приставты өз қолымызға бер. Өзің біз жаққа шық, сонда саған сенеміз. Әйтпесе, мәймөңкелеген көлгір сөзіңнің насыбайлық нанымы жоқ… Түтініңді түтініне қосамыз. Шаңырағың шағылады…— деп болысқа қамшыны білеп — білеп қойды. І.Жанс.
ТҮТЕГЕН БОРАН
Шытынаған аяз, қатты бұрқасын туралы. * Тозақтың демін бүріккен мың-сан аруақ кебіндері сүйретіліп ажал биін биледі. Түтеген бораннан тіршілік шырағы өшіп, жер-дүниені түнек басты. Т.Сәу. ~ Олар таң ата тысқа шықса, түтеген бораннан қарға адым жер зорға көрінді. Төлеген рацияға барамын деп үш жығылып, үш тұрды. Б.Тоғ. ~ Оның үстіне көзге түртсе көргісіз айсыз түнде де, түтеген боранда да бір адаспай, көздеген жеріне салып отырып алып баратын жолшыл, сенімді мал. С.Жүн. ~ Түтеген боран Жәлелді шыр көбелек айналдырып, дедектетіп ұшырып әкетіп бара жатқандай болады. С.Жүн.
ТҮТІНІН ТҰМАН ҚЫЛДЫ
Зорлық-зомбылық жасап, шаңырағын ортасына түсірді. * Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін тұман қылды. Б.Қыд.
