БІР ҚЫЗАРЫП, БІР СҰРЛАНДЫ (БОЗАРДЫ)

Қатты қобалжыды, ұялды; бойын сезім екіұдай биледі. ~ Молдаш бір қызарып, бір сұрланып, үндемей тұрып қалды. Бір-екі жылдан бері Әжігерей мырза Молдашты жолдас қып, осы топқа істемегені бар ма? Б.Майл. ~ Ол қызбен көшеде қарсы ұшырасып қалса, бір қызарып, бір сұрланады. Махаббат па? Қып-қызыл махаббат! М.Қаб. ~ Жамалдың жүзі бір қызарып, бір бозарды. Әлденеге түсінгендей. Басын изеді. Ә.Кек. ~ Тек Меңтай ғана сыр бермеуге тырысып, ернін тістеп, бір қызарып, бір бозарып, қолынын ұшын ғана берді де, үнсіз қалды. Ә.Нұрп.

БІР ҚЫЗАРЫП, БІР СҰРЛАНДЫ (БОЗАРДЫ) Read More

БІР ҚЫДЫРУ

Біршама, көлемі (саны) әжептәуір. ~ Кешегi жылдары қараңғы халықтың Ақмырза көтерiлiсiне қатысып, бүлiншiлiк бастағанын‚ елдiң әбiгерге түскенiн бiр қыдыру баяндап өттi. Б.Алд. ~ Ұмытпасам, аты — Сырдаң. Былтыр жазғы демалыс кезінде паркте волейбол ойнап жүріп танысқаным бар. Бір қыдыру жаман ойнамайды екен, мен де допты жақсы көремін. К.Қаз.

БІР ҚЫДЫРУ Read More

БІР ҚҰШАҚ

Құшақ толтыратындай көлем. ~ Әлгі екі кісі Шердиманды үстіндегі киімдерімен бірге киізге орап алып шықты, артынан бір құшақ киім-кешегін арбаға салды. Ж.Шәк. ~ Өткен қыста ақ тақыр боп шөбім таусылып, жалғыз сиыр түнімен мөңіреп, ұйқы бермеген соң, жеті насырым жерге кіріп, алдыңа бардым. Сонда сен албарыңнан бір құшақ шөп беруге қарадың ба? Т.Әбд.

БІР ҚҰШАҚ Read More

БІР ҚҰРТТЫ БӨЛІП ЖЕДІ

Ашаршылықта барымен бөлісті. ~ Жарты жылдай бірге ойнап, бір құртты бөліп жеген Маралбай да өліміне қатты жабығып, жасып қалды. Т.Рыс. ~ Жаздың ұзақ күні алаулап аспан төсіне сіңіп бара жатқанда Дәріжан «Кеш жарық» деп кіріп келді. Бұл — Аязбидің сыныптасы‚ кәдімгі шөп тістескен‚ бір құртты бөліп жейтін жан аяспас досы. Қ.Түм.

БІР ҚҰРТТЫ БӨЛІП ЖЕДІ Read More

БІР ҚҰЛАҒЫНАН КІРІП, ЕКІНШІ ҚҰЛАҒЫНАН АҒЫП КЕТЕДІ

Айтылған сөз есінде қалмайды, естігеніне мән бермейді. ~ Айбаланың нашарланғанын, Ботагөздің жылағанын көріп аяған көршілес жатқан жүмысшылардың әйелдері, түні бойы жұбатқысы кеп, Ботагөзге әртүрлі сөздер айтып еді, ол сөздер Ботагөздің миына бармай, бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан ағып кетіп жатты. С.Мұқ. ~ Қанипаны зорлықпен жеңіп алатын болған соң әбден көкіп кеткен Әли алдында тау тұрса қарайтын емес. Айтылып жатқан қытымыр кінә бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан ағып кетіп жатыр. С.Ом.

БІР ҚҰЛАҒЫНАН КІРІП, ЕКІНШІ ҚҰЛАҒЫНАН АҒЫП КЕТЕДІ Read More

БІР ҚҰДАЙҒА ТАПСЫРДЫ

Енді не болса да Жаратқанның қолында д.м. ~ Қызметші қатынға «Мырзам келмей, мен ешқайда көшпеймін», – деді де сырттағы шаруаларын тындырып, сол бəленің өзінен де, баласынан да аулақ деп бір Құдайға тапсырды. С.Досж. ~ Мен қалсам қайтеді, Күлше? Бір құдайға тапсырдым, онан соң мына балаларға тапсырдым. Апарып салар роддомға. Әрине, Ақиқат пен Сазанбай апарып салады. Ш.Мұр. ~ Құшақтап келген бөстекті әйелінің астына төсеп, үстіне көрпе жапты, қымтап «ал, бір құдайға тапсырдым» деді де, отарға жүгірді. О.Бөк.

БІР ҚҰДАЙҒА ТАПСЫРДЫ Read More

БІР ҚҰДАЙ БІЛЕДІ (БІЛСІН)

Не нәрсенің де шындық-өтірігі Аллаға мәлім. ~ Қашан келіп, қашан үйренісе бастағанын бір құдай біледі. Әлгі неме түлкінің баласындай боп ыржиып күледі. Д.Дос. ~ Оқу жағы онша қонбаған, басқа жағы да шикілі–пісілі бірдеңе еді, ненің құдіреті екенін бір құдай біледі, шаруа қожалығын құрып, жер жекешелендіріп, байып алыпты. Н.Дәу. ~ Менің бұдан бұрынғы тірлігім қолдан–қолға өту болды. Бұрын ғой әркімге бала болып өткен едім. Енді Шөкеден айырылған тірлігім қанша адамға әйел болып өтерімді бір құдай білсін. Б.Жұм. ~ Қаншасы рас, қаншасы дақпырт – бір Құдайға аян. Т.Сәу. ~ Шындығында да бір кездері әкесі айтқан «батырға ажал бірін-бірі аямай шабысқан қан майданда келе ме, әлде бейбіт күндегі бір әумесердің қолынан келе ме, ол саған емес, бір құдайға аян»- деген сөзінің растығына талай рет көзі жетті. О.Көш.

БІР ҚҰДАЙ БІЛЕДІ (БІЛСІН) Read More

БІР ҚУЫС

Көзден таса, назардан тыс, көңілден аулақ жер. * Іштен келген жау дейін десе, бұл ауылдың бозбала-жігіттері қызға аш бөрідей қапылыста бас салмақ түгілі, бетіне тіктеп қарай алатын ба еді… Елшіекеңнің екпіні-ақ оларды бір қуысқа тықпай ма. Ш.Құм. * Аспан тұнжыр, жел үні бір сембейді, кез келген бір қуысқа кірсең дейді. Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай ыққа айналып бұталар бүрсеңдейді. Ж.Нәж. Содан кейін тығылып бір қуысқа, Шөлім бастым, толтырып жырды уысқа. Шырақ аман. Қалды артта ауыр сыным, Саусағымда сыңсиды қауырсыным. С.Нұрж.

БІР ҚУЫС Read More

БІР ҚОЛЫН ЕКІ (ЕКЕУ) ЕТЕ АЛМАДЫ

Жұмыстарын бітіруге үлгіре алмай, жанталасты, әуре-сарсаңға түсті. ~ Роза көз ұшында бұлдырап көрінген қыстауға қарай келе жатқан. Ауылдан алты-жеті шақырым. Күзгі қарбалас басталып, совхоздың бір қолын екі ете алмай жанталасып жатқан кезі. Т.Сәу. ~ Б а ғ и л а. Құдай-ай осы, кісі бір қолын екі ете алмай жатқанда сен де әміріңді бересің де жатасың. Қыл қимылдату деген жоқ-ау сенде. Жұрттың еркегі адам сияқты. Үйдің шаруасы десе елпілдеп тұрады. Т.Ахт.~ Қой, қарағым, бiр қолымды екi ете алмай жүргенде сенiң үшкөлiңе барып, жұмысiстейтiн жағдайым жоқ. Б.Алд. * Сұраса басқарма тұрғай, ферма меңгерушісі Ықсан да өгіз-арба жағынан жәрдем етер еді; сондық колхоз алдында да еңбегі барын біледі. Әйтсе де бір қолын екі ете алмай жатқанда тілемсектене аяғына оралуды ар көрді. М.Сүн. ~ «Мен сияқты алтын басты маман далада жатқан жоқ. Бір қолын екі ете алмай отырған Үкімет ертең өзі-ақ «қайдасың, көке!» деп іздеу салар. Т.Сәу. ~ Бұл шіркін де бір қолын екеу қыла алмай, жанын жалдап, титығы құрып жүр екен. Соны көре тұрып, қол үшін неге жалғамаймын. С.См.

БІР ҚОЛЫН ЕКІ (ЕКЕУ) ЕТЕ АЛМАДЫ Read More

БІР ҚОЛТЫҚ

Шамамен қолтық астына сиятындай мөлшердегі зат (шөп, тамызық, отын т.т.) * Ал мен болсам бәсіре тайыма төлдерге деп сақтап қойған жоңышқадан бір қолтық әкеліп тастай саламын. Б.Байәділ. * Соған күні бойы ақтарған бір қолтық журналдарды құшақтап тапсыруға келе жатыр ем, қарсы есіктен үстіне алабажақ сұрғылт пиджак киген сұңғақ бойлы ақ құба жігіт кірді. Ә.Кек.

БІР ҚОЛТЫҚ Read More