Басынан бақыты тайды. ~ Жаратқанға жалынды: – Артымнан қуып жау жетті, Ашпадың Құдай бағымды, Жарылқасаң не қылды, Құтылам деп бұ жаудан Аралай қаштым тауыңды. Сақтаған Құдай көп екен Маған деген жауыңды. Басымнан кетті сәулетім, Бетімнен кетті суретім. Құртамысың, Құдай-ай, Бұл ғаріптің әулетін. «Қыз Жібек».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫНАН ӨТКЕРДІ
Өзі көрді, басынан кешті. ~ Олар әр түрлі, бәрі бірдей шермиген, кердиген емес: айналасына мейір-шапағат нұрын төгіп тұрған талай әділ, тура әкімдерді Бәймен осы өмірінің ішінде басынан өткерген. О.Сәр. ~ Әкiм жылы қабылдады. Әртүрлi әңгiмелер айтып, халықтың хал-күйi туралы да сөз қозғады. Бiрақ, ол кiсiнiң айтқаны Жапарға әлдеқашан белгiлi жайттар едi. Тiптi, сол тiрмiзiк шақтың бәрiн көпшiлiкпен бiрге өз басынан өткерiп келедi. Ә.Ыб. ~ Иматай Вахштың жағасында тұрып өткен өмірін ойлап, ауылда қалған бауырларының басынан өткеріп жатқан қиыншылықтарын ойлап, уайымға салынды. К.Өт.
БАСЫНАН НОҚТА АЙЫРМАДЫ
Құлдықта ұстады. ~ Жетпіс жыл өңшең құл табанды қойша иіріп, не тындырды кешегі өкіметің?!
Басынан ноқта айырмай тізгіндеп ұстап- ақ келді ғой қара тобырды. Алдына ас қойды, екі қолын бос
қойды. Алдады, арқасынан қақты. Беріле жұмыс істеңдер, сонда кәмөнизмге тезірек жетеміз деді. Теке
тойлы нан соғарлар илікті ме? Соның бірі өзім. Ө.Кәр.
БАСЫНАН ҚҰС ҰШЫРМАДЫ
Асты-үстіне түсіп, қамқорлық жасады, алақанына салып аялады, мәпелеп күтті. ~ Не тындырып жүргенін кім білсін, әйтеуір, Қарлығаш оның басынан құс ұшырмайды. Қ.Жұм. ~ Байымның баласын өзіне бер! Ана қыздардың бауыры боп өседі. Басынан құс ұшырмаймын, кенже қызым екеуіне емшегімнің сүті әбден жетеді, өзім асырап, өзім өсірем, – деп, бала жатқан бесікті көтере жөнеледі ғой. А.Сәб. ~ Әйтеуір қазақ байқұстікі әманда шамасы келсе келген қонақтың басынан құс ұшырмау. Б.Қыд. ~ Қаны сыртына тепкен, топ- толық, қара домалақ бала бір ауылдың басынан құс ұшырмас еркесі атанып, жақсы өсіп келеді. Қ.Жұм.
БАСЫНАН ҚИҚУ КЕТПЕДІ
Дау-дамайдан айықпады, басы пәлеге қалды. ~ «Әлі күнге дейін қолында жалшы ұстап отыр» деп қажыны жиналысқа салып, басынан қиқу кетпеді. Қ.Жұм.
БАСЫНАН ҚАРА БҰЛТ АРЫЛМАДЫ
Өмірі қараң болды. Бұл тергеушінің Досмағанбетті сұраққа алуға келгенін естіген сәттен іштей егілген. «Мұның басынан осылай еш уақытта қара бұлт арылмай ма? – деп жанын жеді. – Неге?» Н.Дәу.
БАСЫНАН БАҚАЙШАҒЫНА ДЕЙІН
Тұла бойы, бүкіл тәні. ~ Алдында қабат-қабат темір тор — басынан бақайшығына дейін коғала болат құрсанған Шыңғысханның ең таңдаулы шеп бұзар батырлары. Артында бірнеше арқан бойы тереңдікте шымырлап қайнап жатқан қара қазан-өр Алтайдың Қара Ертісі. Ж.Шәк. ~ Оның балалық жеңіл пайымы Киттің ызасын келтірді. Иә, бұл — басынан бақайшағына дейін Ларридің тура өзі. Кеше ғана сүмірейіп, үрейі ұшып тұрған ол енді: «Маған бәрібір!» дегендей батырсынған болады. Дж. Голс. ~ Тіпті басынан бақайшағына дейін қаруланған Қытай қызыл армиясының 7 реткі қоршап жоюына тап болса да, құрып-жоғалмаған ерлігі кісіні қайран қалдырады. Ж.Шәк
БАСЫНАН БАҚ ТАЙДЫ
Жақсы күндері артта қалды, дәурені өтті. ~ Күні кеше Тұрекелесіп, Тұрар Жұманович десіп, ізімді басып кетудің өзін ізетсіздікке санап жүрер сан достар басыңнан бақ тайып, төбеңнен бұлт үйірілген кезде тайқып шығады екен. К.Сег. ~Топыш сұлудың бауырлары Қырғын, Күш қара қалмақтың басынан бағы тайып, ішінен бүлініп бордай тозған Ежен хан тұсында қазақ арасына қашып келіп Абылайды паналап… Д.Дос.
БАСЫНАН БАҚ-ДӘУЛЕТ ҰШТЫ
~ Зер салып тыңдасаңыз, басынан бақ– дәулет ұшқан кер заманда күйзеулік көрген халықтың панасыз, айласыз күйінен күйректік еспей, жалын атқан жанының ышқынуын, өрлік пен ерліктің уайым қашырып, кекке бастап, шарықтан шалқуын көрер едіңіз. С.См.
БАСЫНАН БАҒЫ КӨШТІ
Басына қайғы үйірілді; бағынан айрылды. ~ Бағландарым басынан бағы көшкен Шығармапсың зобалаң шағын естен… Е.Дүй. ~ Қобланды аттан түскесін, Басынан бағы көшкесін, Жаудың көңілі өскесін, Қызылбас мінген ала-ды … «Қобыланды б.»

