Posted in

ТАР ЕСІК, ТАС БОСАҒА

Ауыртпалық, қиындық, басқа түскен сынақ. ~ Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. М.Әу. ~ Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді екен, сүлдесін сүйретіп елім-жұртым, ауыл-аймағым деп мұнда келгенше, тар есік, тас босағаның ішінде, абақтының түбінде жатқанда неге өліп кетпеді екен? Ғ.Біл.

Posted in

ТАП БОЛДЫ

Кезікті, жолықты. * Ол да керемет мықты, сабырлы болатын. Міне, о баста осыларға тап болдым, жақсылығын көрдім. Қ.Қайс. * Бүгін күн жексенбі болған соң әдейі қалаға барып, базар аралап, кешірек қайтқан жолында мына балаға тап болды. Е.Мұх.

Posted in

ТАР ЕТІГІН КЕҢ КӨРДІ

Барға қанағат етті; ындынын тиды. * Өзінен басқа жанды кем көрмесе, Құтыртып, абыстырып, жел бермесе, Табылмас аузына су тамызушы, Өзінің тар етігін кең көрмесе! М.Жұмаб.

Posted in

ТАП КҮРЕСІ

Елді байлар мен кедейлер деп бөлетін марксистік ілім бойынша кедейлердің "үстем тапқа" қарсы соғысуы. * — Ортақшылдар жолын, Кеңес өкіметін мақтаймыз… — Тағы да. – Тағы да еңбекшілерді тап күресіне шақырамыз; әйелдер теңдігіне арнап жазамыз. Жастарды оятамыз, жұртты оқуға үндейміз. Байды, жуан жұдырықты түйрейміз… Ж.Айм. ~ ─ Жиырмасыншы жылдары бұл жақтағы тап күресінің үлкен қантөгіспен жүргізілгенін өздеріңіз де тарихтан білесіздер. С.Шәйм.

Posted in

ТАР ЖЕР

Қысылтаяң, қиын шақ. * Қал!» деуге Түгелдің аузы бармады. Түймені артына мінгестіріп алды. Әуелгі ойынан мұрсатта айнып шыға келді.«Апамның өз қолымен мойныма артқан аманат жанын тар жерде тастап кеткенім жарамас. Не көрсек те бірге көрерміз. Ү.Жәл. ~ Шерубайды алдымен таныған Бескемпір: — Ассалаумағалайкум! — деп атасы қажыдан келгендей қуана тұрды. — Әлей болсын, ақсақал! — Беу шіркін, Бескемпірмісің?! — деді шал. — Қуға қу намаз шамда жолығасады деп, тағы да тар жерде тоқайластық па?!. Қ.Ысқ.

Posted in

ТАП СОЛАЙ

Күмән жоқ, дәл солай. * Қазақ өзі қойын жайып, жылқысын суара алмай ма? Олардың біздің мойнымызға мініп алып, Кейқуатша кердеңдейтіні несі? Құдайға күпір болсам да, мен көріп жүрген хан – қарақшы. Сұпы молда – алдаушы, тап солай”. М.Әбдіх. * Тамаша жер ғой, солай ма? – Тап солай, – дейді Гете де, Жұмақ та бұған жете ме? Шамалы күннің ішіндеақ. Болып та кеттім етене. А.Асылб. * Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?! — Зарлықыз… Үндемескүл… — Иә, тап солай! Д.Рам.

Posted in

ТАР ЖЕРДЕ ҚОЛ ҰШЫН БЕРДІ

Қиын-қыстау жағдайда көмек берді. ~ Мәмбет не болғанын білмей кетті. Тайғақ жолда таянып, тар жерде қол ұшын беріп, жарыққа қарай сүйреп келе жатқан Орловтан ажырау оған ауыр болды. І.Жанс. ~ Дәрігер қайда да болса дәрігер боп қалады. Тар жерде бір адамға қол ұшын берді. Қ.Түм. ~ Ұрқияның дауына ел билері шақырса да бармай, не ақтайтынын, не қаралайтынын білдірмей, жонын сыртқа салып қалас қалған Науан тар жерде қол ұшын бермегеніне сері алдында өзін айыпты санап жүретін. С.Жүн.

Posted in

ТАПА ТАЛ ТҮСТЕ

Күн шақырайған, жап-жарық кезде. * Тапа тал түсте, айдың күні аманшылықта, туды-бітті көлеңкесін де көрмеген бір әйел бұған қап-қара жала жауып әрі масқара етіп сөгіп отырса, қайтып ыршынбасын. О.Сәрс. * Әлдекімнің етсіз, епшіл саусақтары сырт қалтамды еркін тіміскілегендей болды. Жүрегім мұздап кетті. Тапа тал түсте қалтаға түскен арсыз бейбақтың бетіне түкірейін десем, бұрыла алмаймын. Т.Берд.

Posted in

ТАР ЖЕРДЕ ТАСТАП КЕТТІ

Қиын жағдайда қол ұшын бермеді. ~ Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасың тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — депті. Ә.Ысқ. ~ Әуелгі ойынан мұрсатта айнып шыға келді.«Апамның өз қолымен мойныма артқан аманат жанын тар жерде тастап кеткенім жарамас. Не көрсек те бірге көрерміз. Ү.Жәл.

Posted in

ТАПАЛ БОЙЛЫ

Бойы төмен. * Жұмакүл солдаттармен ілесе тысқа шықты. Тапал бойлы солдат Боқбасардың артына түсіпті. Б.Майл. ~ Алдыңғы лектің ортасынан тапал бойлы, жылмағай көсе кісі шыға келді. С.Ом. ~ Тапал бойлы, тығыршықтай төртпақ Қантай танауын бір пыс еткізіп, Саттар мен Бертайды ала көзімен ата қарады. Аспанқожа жанарына ілікпей қалды. Қ.Түм.