Posted in

ТАР ҚАПАС

Абақты, түрме, қамау. ~ Ел елдігін қылмай ма, жұрт жұрттығын, Қайран ел қатын болып қалады ма? Құдай-ау, құдіретіңе таң қаламын, Ішінде тар қапастың зарланамын. І.Жанс. ~ Игі істер үшін әзірмін Қиюға қасық қанымды, Бұл ара бірақ тар қапас, Саудагер кілең сабылды! Г.Гейн.

Posted in

ТАП-ТАП БЕРДІ

Тұра ұмтылды, шап берді, екілене тиісті. * Саурық көрсетпегенді көрсетті. Қыс демей, жаз демей оның малын баққаннан басқа біздің жазығымыз болған жоқ. Ол бізді ит жеккенге айдатам деп, тап-тап береді. Ә.Шәр. * — …Өшір үніңді, атаңа нәлет! Өшір! — деп жатты Қиқымбай әйеліне тап-тап беріп. С.Елу.

Posted in

ТАР ҚҰРСАҒЫН КЕҢІТТІ (КЕҢЕЙТТІ), ТАС ЕМШЕГІН ЖІБІТТІ (ИІТТІ)

Перзент көтерді; сәбиін бағып-қақты, әлпештеп өсірді. * Ақбілек жылай берді, жылай берді… Сорлы Ақбілек! Сен жыламай, кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың! Ж.Айм. ~ Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аналар аңырап қала ма? Барлығы да келе жатқан кер заманда болуға мүмкін. М.Әу. * — Жалбыр балақ, саба құрсақ жаман қатыннан туғаннан құдай сақтасын. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, қыздан тусақ, несі айып? Ә.Кек. ~ Алланың қылған ісіне, Пенденің бар ма шарасы?! Тар құрсағын кеңейткен, Тас емшегін жібіткен, Ғұмырында көрген сәулесі — Кеткен соң жалғыз баласы! М.Ж.Көп. * Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ діңгек көріп, пана тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық уыз қасиетті танимыз. Ж.Аяз. ~ Оның тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін иіткен Әкім ғой. Ж. Айм.

Posted in

ТАР ҚОЛТЫҚ

Ұрымтал тұс. * «Тауда болар тарғыл тас, Тарықса, шығар көзден жас. Тар қолтықтан оқ тисе, Шығады сүйеп қарындас. "Қобыланды б."

Posted in

ТАП-ТҰЙНАҚТАЙ (ЕТТІ, БОЛДЫ)

Әп-әдемі қылып жинастырды. * Лабораторияларды аралап көріп шықты. Бәрі өз орнында, тап-тұйнақтай. Артық тұрған ешбір нәрсе жоқ. К.Қаз. * Қазанның татарымын» — деп құран ақтарып отыратын шоқша сақал, шегір көз еркектің тап-тұйнақтай қора-қопсысының бұлар әбден есін кетіріп қобыратып бітті. І.Кек. * – Осы Асанның үйі қалай тап-тұйнақтай боп кеткен! Бұрын былықтау еді. С.Мұқ. ~ Бүгін де сол дағдымен үйін жинады. Ошақ басын сыпырып, тазалап тап -тұйнақтай етті. С.Ел.

Posted in

ТАР БЕЙІЛ (ПЕЙІЛ)

Іші тар, қызғаншақ, біреуге жақсылығы жоқ адам туралы. * — Құдайдың жері кең еді ғой. Тек тар бейілдан сақ болыңдар, ағайын. Бір Ақирек үшін есенәлі-әйдербектің жігі айрылмасын. Ертеңімізді де ойлайық. З.Шүк. ~ Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Х.Ерғ.

Posted in

ТАП БАСТЫ

Айнытпай таныды, үстінен түсті, дәл тапты. * – Достоевский психолог қой, – деп бір нұсқалы ой өрбітті. – Бетіне тіктеп бір қараса болғаны, кімнің кім екенін тамыршыдай тап басып, дәл айтып береді екен. З.Қаб. * Арамтамақ Аббас хан, Өз құлқына тап басқан, Уәзір жиған өзіндей. Сұм¬сұрқия уәзірлер Хан керегін әзірлер Шауып, шаншып, ел талап. М.Жұм.* Бұл еңбектердің бәрін тебіреніп, сүйсініп, таңырқап оқисыз. Ұзақсонар дәйектеме келтіріп, сілтеме жасағыңыз келеді. Бүгінгі заманның кеселдерін тап басып, аяусыз әшкерелейтіндей. Г.Бель. ~ Сұңғыла ақынның сезімтал жүрегі жас келіншектің көкейіндегі наласын жәудіреген нәркес көздерден тап басып ұққан. Ү.Жәл.

Posted in

ТАР ДҮНИЕСІ КЕҢІДІ

Көңілі жайланды, тіроігі оңалды. ~ Үй оңаша болса да, суға барса да кездескен келіншекті құшақтап, арсалақтап қалады. Марданға бұл бір мұрат. Сақытайға қолы тисе тар дүниесі кеңіп сала береді. Келіншек те Марданға бейілін салып жіберген. І.Жанс.

Posted in

ТАП БЕРДІ (ЕТТІ)

Оқыс шабуылдады, қарсы ұмтылды, бірден ұрынды. * Тап етті, шап етті, Ап кетті қу түлкі. Ант ұрған сол тұрған Жерінде боп күлкі. Абай. * Жылқышы айқайлап қайырмақ болған екен, жаңағы дию тісін ақситып өзіне тап беріпті. Т.Әсем.

Posted in

ТАР ЕСІК, ТАС БОСАҒА

Ауыртпалық, қиындық, басқа түскен сынақ. ~ Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. М.Әу. ~ Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді екен, сүлдесін сүйретіп елім-жұртым, ауыл-аймағым деп мұнда келгенше, тар есік, тас босағаның ішінде, абақтының түбінде жатқанда неге өліп кетпеді екен? Ғ.Біл.