Ұғынықты, қисыны бар. ~ Негізгі мақсат, әрине, айқын: қазақ тілін мүмкіндігінше байыту, жаңартып отыру, заманауи ағымға сәйкестендіру, өрісін кеңейту, … негізінде ақылға қонымды, әуезді, тілге жатық жаңа ұғымдар туғызу. Г.Бел. ~ Бiздiң көп сөздерiмiз дыбыстық өзгерiске түсiп кеткендей сезiледi. Қарғы ол кәдiмгi бұйым, ал, тұмар «жаным-ау менiң жағама тағар тұмарсың» деп келетiн жыр жолдары бар. Сосын хақ Исламды ұстанғанымызды ескерсек, соңғы тiркес ақылға қонымды көрiнедi. Е.Рау.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛ ТАПТЫ
Әлдебір қиындықтың шешімін тапты, жол көрсетті. ~ Жолтай тез ақыл тапты: қат-қабат жиналған көп көрпенің ең үстінгісін жұлып алды да, маған «шық, жүкаяқтың үстіне!» деп бұйырды. Б.Тоғ. ~ Сағатбай бұған да ақыл тапты. Жеребе салып, ешкім ренжіместей етіп бөліп берді. Б.Соқ.
АҚЫЛҒА ҚОНЫМСЫЗ
Қисынсыз, келісе алмайтындай, жөнсіз. ~ Жер бетіндегі пенделерше пайымдайтындығымыздан ормантөстіктердің бұл тіршілігі бізге әлі түсініксіздеу, ақылға қонымсыздау көрінеді. Ш.Айт.
АҚЫЛ ТАРАЗЫСЫНА САЛДЫ
Әлдебір мәселені жан-жақты ойластырды, ой қорытты. ~ Осы сойқан жігітті не себептен ұнататынын өзі де білмейді. алғашында аяушылық сезімнен шығар деп жүрді, кейін ақыл таразысына салып көрсе, мүлдем олай емес, шын сүйеді екен. О.Бөк. ~ Ой тоқтатып, ақыл таразысына салып қарасам, Камоға хат жазбауым ағаттық болады екен. Адамгершілік ұжданыма кір келеді екен. С.Ом.
АҚЫЛҒА САЙ
Саналы, парасатты. ~ Молқыда тәйжі Алпыс, би Шерікбай, Әрбір ел тап-табымен болды ыңғай. Әбдірақ, Кәлпе менен Әжік байлар, Бәрі де адам еді ақылға сай. БС. «Үркін- Қорқын».
АҚЫЛ ТОҚТАТҚАН АДАМ
Кемеліне келіп, ой-санасы жетілген, өмірден көрген-білгені көп адам туралы. ~ Бағила ақыл тоқтатқан, ересек адамдардың және бірін–бірі бұрыннан білетін адамдардың өзара отырып та ресми қарым–қатынастың оңай тұтқыны бола салатындарына түсінбеді. Д.Ис. ~ Мұндайда не істеу керек? Ақыл тоқтатқан адам өзін қалай ұстағаны жөн? Соның амалын да, емін де таба алмай пұшайман болып отырмын, мінеки. Ә.Асқ.
АҚЫЛ ТОҚТАТТЫ
Ес кіріп, ер жетті, санасы жетілді. ~ Асылжанның балдай тәтті кішкентай кездегі неше түрлі қызық қылықтары көзінің алдына елес беріп өте шықты. Ол енді ақыл тоқтатып, сабасына түсті. М.Әбд. ~ Жеті мүшесінің түгел орынында, орынында емес екенін тексергісі келгендей тұла бойын түгел бір шолып шықты. Баласы ақыл тоқтатып есейіп қалыпты. Ә.Кек.~ Балалық, жастық дәуренде көп нәрсеге мән бермейді екенбіз, енді елуге таялып ақыл тоқтатқанда алды-артыңды шолғың, білгің келеді — бірақ сырласатын адам азайған. (Өзімнің шешем, әжем құралпы адамдарды айтам…) Б.Тоғ.
АҚЫЛ ТІС
Адамның түпкі азу тісі, бала есейе келе шығатын болғандықтан осылай аталған. ~ Ақыл тістің орнына алтын тіс салдырған бітене тұйық кісі қырмабастың сөзін бөлді. Б.Тоғ. ~ Бұл жолы оң жақ езу жоғары әжептәуір көтерілгендіктен әйелдің ақыл тісінің алтын екенін отырғандардың бәрі де көрді. Б.Қыд.
АҚЫЛ ТІСІ ШЫҚПАҒАН
Ақылы кірмеген деген мағынада. (Ақыл тісі шықса, ақыл кіреді деген түсінікке орай). ~ Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі — әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі — орысшыл мәңгүрт. Біреуі — азған, біреуі — тозған. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған ағалар кінәлі. БАҚ
АҚЫЛҒА ДИҚАН
Ақылға жетік. ~ Реңкі жаман құбылып, Ашылмаған бала еді, Ақылға диқан дана еді, Сөз айтпады суырылып. БС. «Болат — Жанат». ~ Бір падиша бар еді, Ақылға диқан дана еді, Жасөспірім бала еді. Өзінің аты Халдарша, Әкесі Жұлдыз хан еді. БС. «Болат — Жанат».
