Posted in

ТАҢ ҚАЛДЫ

Әлденеге таңданды, қайран болды. * Бүркітке қасқыр алдырған, Тазылары бөрі алып, Көп елді таң қалдырған, Қара арғымақ қатырған, Қара лашын ұшырған, Жігітке сұлу құштырған, Сұлтандарды жаулаған, Момынның малын даулаған. Сегіз Сері. * Түйенің иір мойнына, салбыраған астыңғы ерні мен қылтиған құлағына қарап, өз үйінің сауын маясын жазбай таниды. «Қандай шебер еді Құзыр» деп таң қалады. Ү.Жәл.

Posted in

ТАҢДАЙ ЖІБІТТІ

Аздап шөлін басты. * Бізді бір беті ашық қораға қамап қойып, солдаттар шай қайнаттырды. Шайдан бір-бір ожау шай ішіп, таңдай жібіттік. І.Жанс. * Одан бері біраз уақыт өтті ғой. Қысылмаңыз. Күн ыстық, таңдай жібітіп отырыңыз. С.Дос. * … ей, дала, сен абзал ару болсаң, мен қолаң шашыңа таққан алтын шашбау едім; ей, дала, сен еңіреген ел болсаң, мен көз жасың едім; сен ақтаңдақ шөл болсаң, мен таңдай жібітер сусын едім. О.Бөк. ~ Содан, өзге мұқтаждық-тарын былай қойғанда, таңдай жібітер ауыз судың өзіне зар бұл жұрт, шелектерін салдыратып әр жаққа босып жүргендері. М.Қан. ~ — Қап, қап! Рәсуа, рәсуа! Обал. Қасқа құлынның аузынан жырып, таңдай жібіткен қымыз еді. Жә, Ғайшаны жібере қояйын. Жуып, сүртіп алсын. Досантай, сен сыртқа шығып, бой жазып қайт. Көп ұзамай қуырдақ, шай да келіп қалар. М.Қаб.

Posted in

ТАҢ ҚАРАҢҒЫСЫНДА

Күн шықпай, жарық түспей тұрып. * Бар ұятының, кісілігінің жеткен жері: бейбақ құрбандығының жүзін көруге шыдамады, таң қараңғысында атқа қонды… Ж.Нәж. ~ … Шалдың бажылдап айтқан сөзін ешкім де елемеді. Олар сол күні таң қараңғысында жолға шығып кетті. Қ.Мүб.

Posted in

ТАҢДАЙ КЕПТІ

Сусады, шөл қысты. ~ — Қап, қап! Рәсуа, рәсуа! Обал. Қасқа құлынның аузынан жырып, таңдай жібіткен қымыз еді. Жә, Ғайшаны жібере қояйын. Жуып, сүртіп алсын. Досантай, сен сыртқа шығып, бой жазып қайт. Көп ұзамай қуырдақ, шай да келіп қалар. Д.Аман.

Posted in

ТАҢ ҚҰЛАН ИЕКТЕНДІ

Таң қылаңданды, бозарды. ~ Құлан иектеніп таң атты. Қала халқы қалың ұйқыда. Т.Ә. ~ Таң құлан иектенген мезетте жұлдыздар шаңытып, бірін- бірі жеп жоғалып, олар да таусылды. Ендігі үміт көп ұзамай шығар Күн ғана… О.Бөк. ~ Таң жаңа ғана құлан иектеніп келеді. Ә.Әб.

Posted in

ТАҢДАЙ ҚҰРҒАТТЫ

Шөлдетті. *… Тамсандырып, таңдай құрғатып, талықсытып, тамыр өртеп басталған адами ләззат әрекеттің қалай аяқталуға тиіс екенін білмей қалып, кейін біреулерден ұқса қасірет. Н.Дәут.

Posted in

ТАМАҚТАН ӨТЕР ТАЛШЫҚ

Азын-аулақ нәр берерлік тағам. ~ Тамақтан өтер талшық табу, қарға адым жер жүру мұң болған сол бір сор қайнаған заманда, пыран киіп, пырақ мінген бұлықсыған мырзаның басынан бағы тайған заманда, кимешегінің жағы меруерт- маржанмен шеттіктелген, кер маралдай керілген сұлудың шытырма көйлек етінен, нұр сәулесі бетінен кеткен заманда, сор дария, қан өзен болып аққан заманда не істерін білмей сасқан, етегін басқан халық тентіреп, қаңғып, біреуі жекжат- жұрат қуалап күн кешсе, енді бірі кәдімгі сыңсыған орманға кіріп, қайыңды тесіп, оның сөлін ағызып, не сорып күн көрді. Б.Қыдырб.

Posted in

ТАНАУ ЖАРДЫ

Тым жағымсыз не ерекше иіс туралы. ~ Пішен иісі танау жарады. Күн батысымен көтерілген желемік шыбын-шіркейдің де ту-талақайын шығарған, құдықтың сорайған ұзын мойынын сықыр-сықыр ырғап жүйкені тырнады. Қ.Ысқ. ~ Жүк машинасы кең айналып барып пыс тоқтады, лезде бензин иісі танау жарды. М.Қаб. ~ Бірақ ышқына алмадым, бұтаға шалынып етпетімнен құлап түстім, біреу көк желкемнен түйіп жібергендей болды, жердегі саңғырлап кепкен шөпті барып құштым. Шөптің хош иісі танау жарғандай. Ә.Асқ. ~ Іш-дүниесі қасқырша ұлып қатты ашыққанын осы сәт сезінді Хансұлу. Зағра нан, піскен бидайдың иісі танауын жарып барады-ау. Жарып барады. С.Ел. ~ Трактор құлақ тұндырады, жанар майдың күлімсі иісі танау жарады. М.Қаб.

Posted in

ТАМҰҚ ЛЕБІНДЕЙ

Айрықша ұнамсыз, сасық иіс туралы. * Ақбілектің үстіне артып, қақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын, жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді. Ж.Айм.

Posted in

ТАНАУ КӨТЕРДІ

Әлдеқандай болып, мардымсыды; кеудесіне нан пісті. ~ Құрсын демеңіз, театрдағылардың ішіндегі ең мықтысы сіздің шалыңыз. Басқасы ресторанға шақырсаң танауын көтеріп барса да зорға — зорға барады, ал сіздің шалыңызда еш отказ жоқ. Н.Сер. ~ Жаутаңдаған өзіне жарасады екен, көз шарасы жасқа толып, әдеміленіп сала берді. Іштей аяй бастағандаймын. Кей — кейде танауын көтеріп, бәлсінетіні болмаса, жақсы қыз былайынша. М.Қаб. ~ Әлгі жаман неменің танауын көтеріп, әлдеқандай болып кеткенін көрдің бе? Иттің қиы дәрі болса, дарияға… – деп Қарасай алақанына салып сығымдаған насыбайын ерніне тығып, шырт түкірді . С.Жүн.