Қартайды, күш-қуаттан айрылды. ~ Біреудің алашасын тоқысты, біреудің жүнін түтісті… шамалары келетін шаруадан тартынған емес. Өстіп ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, тамыры суалған кәрі емен еңкейіп шөгіп, саясындағы қос шыбық күнге бой созып биіктей берген. Сафура оныншы класс бітіретін жылы әжесі қайтыс болды. Т.Сәу. ~ Жалау майданға кетерде өзінің туып өскен елін, өзінің береке құтындай көретін колхоздың жапырағы қуарып, тамыры суалған бәйтеректей болдың– ау деп кеткен еді. Соңғы жылдарда келген ел хабары колхоз жайы онан гөрі басқаша баяндайды. Ә.Әб. ~ Сенсіз менің өмірімде мағына жоқ, тамыры суалған, жапырағы қуарған теректей мәнсіз. С.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАНАУЫ ЖЕЛПІЛДЕДІ (ЖЕЛПІНДІ)
Елірді, ерекше күйге түсті. ~ — Құлады, құлады! — деді Володя. Көзімен емес мұрнымен көріп тұрғандай, екі танауы желпілдеп кетіпті. Ғ.Мүс. ~ – Абдолла! — деп саңқ ете қалған дауыстан селк ете түсіп, жалт бұрылып төмен қарады. – Тәтем үйде ме? — деп сұраған ер баланың танауы желпілдеп, алқынып тұр. С.Ғабб. ~ Аузың дуалы әйтеу. Секратар да сескенеді сенен. Қанатпен қауыштырғаның абзал болған екен оны. Мақтаған сайын көпсіп, көңілі түлеп тұратын Айдынбай, алшаң басып, еңсесі көтеріліп қалды. Танауы желпініп, тамағындағы күре тамыры білеуленіп, бүлкілдеп тұр. Т.Рыск.
ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ
Себебі, сыры әріде. ~ Қазымыр болса, оның тамыры тереңде — өмірге өкпелі. Соңғы бес-алты жылына кеңілі көншімейді. О баста болашақтан күткені көп еді. Мектеп бітірісімен мүйізі қарағайдай москвалық студент атанды. М.Қаб. ~ Бакенбарды мұртына иіле жалғасқан ат жақты, шырайын жоғалтпаған жүзінде Ұлы Британияның дүние жүзіне дүрілдей жайылған даңқына орайлас менмендік пен аса байқала қоймайтын асқақтықтың, ұстамдылық пен тамыры тереңде жатқан салқын ақылдың нышаны аңғарылады. А.См.
ТАНАУЫ ҚУСЫРЫЛДЫ
Ашу қысты, анын ішіне тартты. ~ Әттең, кәпір өлімінде кетемін — ау, уға толған ішімді жарып жіберер едім! — деді. Өңі құп-қу боп, танауы қусырылып, даусы қалтырап кетті. Ашуланғанда әйел баласының көзі қанталайтынын Біркімбай бірінші рет көрді. Т.Әл. ~ Базарға келгенде мал басына төніп тұрған осы қатерді айта келіп едім, ол үндеген жоқ. Маған әлі де өкпелі сияқты, үлкен мұрны сорайып, танауы қусырылып кетіпті. Ә.Әб.
ТАМЫРЫ ШЫМ ЕТТІ
Денесі дір еткендей болды. * Сол отырыстың үстіне төрт-бес жігіт – Баймандар келді. Оларға серпіліп орын берісті. Неге екені белгісіз, найзағай ұшқыны зулап өткендей, Күнікейдің тамыр біткені шым ете түсті. Ж.Айм.
ТАНАУЫ ШЕЛЕКТЕЙ БОЛДЫ
Мақтанды, күпінді, әлдеғандай болды. ~ Қайта, реті келсе: «Өкіметке шын берілген, нағыз отаншыл, сенімді ру сендерсіңдер. Өйткені сендер басқалар сияқты ешқайда ауа көшкен жоқсыңдар» деп біреулерінің қолтықтарына дым бүркіп, еліртіп қояды екен. Соған-ақ аңқау ағайынның танауы шелектей болып, өзге руларды мүйіздейтін көрінеді». Ж.Шәк. ~ Ол әйелін сүйгенде жай емес, кәдімгідей күйіп-пісіп сүйеді. Кейде өзін қорсынып, бұртаңдап жоқ нәрсеге өкпелеп таусылып қалса, кейде әйелін мақтаныш етіп танауы шелектей болады. Т.Ахт.
ТАМЫРЫМЕН ҚҰРТТЫ
Түгін қалдырмай жойып жіберді. ~ Кенесары көтерілісін түп тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр,— деді Горчаков,— көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. І.Ес. ~ Болашақ жауларының ана құрсағында жасырынып қалуынан да сақтанған, жантүршігерлік жазаға ұшыраған халықтың орнына қайта тұқым себер, ұрық төгер барша мүмкіндікті түп тамырымен құртып жіберуге тырысқан. Ғ.Біл.
ТАНАУЫМЕН КӨК ТІРЕДІ
Паңсыды, менсінбеді, әлдеқандай болды. ~ Өкінішке қарай, біздің танауымен көк тіреген «аса білімді» режиссер көкелеріміз мұндай «арзан-қол» фильм түсірмейді. БАҚ. ~ Әлдебір қатын пұшық танауымен көк тіреп, өзгені болмаса да өзін-өзі жұлып жейтіндей мықынын таянып шығып еді, Мәтпұсаның жорғасы екен … Қ.Ысқ.
ТАМЫРЫН БАСТЫ (ҰСТАП БАЙҚАДЫ)
Көңіл-күйін, пиғыл-ниетін байқап көрді; сынады. ~ Осындай реті келіп тұрғанда, керекті қонақтың тамырын басып қойғанды дұрыс көрді. О.Сәрс ~ Келгендердің тамырын басып көріп ек, өзіңді болашағы бар бала деп жатып кеп мақтады М.Қаб. ~ Ел сорлы бақтың құсы емес пе, біреудің басына байыздап отыра ма? Болымсыз жем шашсаң талайы-ақ теріп кетейін деп отыр. Әр жерден тамырын ұстап байқап жүрміз. М.Әу. ~ Ойымда да, көзімнің алдында да Нағима. Әлгінде шай үстінде ептеп қалжың — қақпай айтып, тамырын басып көргендей болғанмын. Б.Соқп.
ТАНАУЫН ТЕРІС БАҒЫНДЫРДЫ
Әлдеқандай болып, кісімсіді. * … сары кемпір өзін де, Асекеңді де біраз жерге жеткізіп салды. — Танауыңды теріс бағындырмай айтарыңды айтсай, неге шақырдың?!. Қ.Ысқ.
