Posted in

ТАЛМАУ ТАРТТЫ

Осал тартты, әлсізденді. * Дарханның көңілі өзгеше мұңға беріліп, денесі өз-өзінен талмау тартты. О.Бөк. * Қызық… бейне бір құс төсек, мамыққа оранып жатқандай бой-бойы балбырап, бүкіл денесі талмау тартты да… қызық… үлкен башпайынан, саусақ-саусағынан өзгеше бір қытық жүріп, дызылдап қышығандай ма-ау … О.Бөк. * Әйтсе де екі иінімнен қос қолдап басқандай тынысым тарылып, талмау тартып отырмын. Қарным ашқаны сезілді. О.Бөк.

Posted in

ТАЛМАУЫР ЖЕР (ТҰС)

Осал, ұрымтал тұсы. * — Сенен көрі көлеңкем артық шығар, — деген де, орнынан оқыс тұрып, жүре берген. Бұл сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді, тым талмауыр жерден соққанын кейін білді. Д.Әшімх. * Қазір ел үшін талмауыр тұс болған сол бір қиын кезеңдерді сипаттап, суреттей алатын роман, хикаяттар жазылып, жариялана да бастады. Т.Мед.

Posted in

ТАМАҒЫНА ӨКСІК ТЫҒЫЛДЫ

Жылауға тақау қалды, көз жасын әрең тиып тұрды. ~ …өткеннің шексіз қайғысын бойына жиған Тораңғыл қасқа елестегенде күні бүгінге дейін тамағыма өксік тығылады. Т.Әс. ~ "Мама, деймін. Маматай, кетпеші ешқайда. Маған киім де, ойыншық та керек емес. Тастамашы мені", дегенде тамағына өксік тығылып, сөйлей алмай қалды. А.Үс. ~ Таяп келіп, шашымнан сипады. — Қарғам-ай, жүдеп кетіпсің ғой. Бейуақта бүк түсіп неге жатырсың? — Әшейін, — дедім тамағыма өксік тығылып. — Жәй жатырмын, апай. Ж.Шағ. ~ Ананың балаға деген сезімінің күштілігіне тәнті болып, тамағыма өксік тығылып, көзіме жас келіп, тәлейіме қайран қалушы едім. Н.Қуан.

Posted in

ТАЛМАУЫР ТАРТТЫ

Әлі кетті. * Жаңа осы әзірде ғана талмауыр тартқан Құландының тыныштығын бұзған поездың, тарсылдақ үні естілді. О.Бөк. * Жүрегі суырылып, түпсіз тереңге шым батып, құрдымға құлап бара жатқандай мең-зең хал кешті. ысынып, суып ұзақ жатты. Талықсып, талмауыр тартса да, қапсыра құшақтаған қарағайдан айрылған жоқ. О.Бөк.

Posted in

ТАМАҒЫНА ТАС ТЫҒЫЛДЫ

Айтарын айта алмай үнсіз қалды. ~ — Тәте!..— деді табалдырықта теңселген жігіт тамағына тас тығылып. Бет моншағы үзілген қызыл шырайлы қыз: «О не дегеніңіз, тәтеңіз кім, мен кім?» — деп ытырынып үріккен жоқ М.Қаб. ~ Еламан Судыр Ахметке шошына қарады. Судыр Ахмет өзінің жаңағы қоразданып едірейіп алған қалпынан кенет күрт өзгеріп, тамағына тас тұрғандай тоқтап қалды. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАЛ БОЙЫНДА (БІР) МІН ЖОҚ

Бүкіл бойынан кемшілік таппайсың. ~ Жұрттан асқан шеберді іздеткенде ханның бір бегі тұтқын арабты жіберді. Тал бойында бір міні жоқ, сүйріктей қара торы жігіт шатырға кіріп келіп іркілмей бас иді. Ж.Айм. ~ Асылы, сұлулық, шіркін, тек әйелге ғана емес, есебін тапса еркекке де жарасады екен– ау! Солай! Мәліктің тал бойында мін жоқ. З.Қаб. ~ Тәңірім– ау, мұндай да адам баласы жаратылады екен! Тал бойында бір міні жоқ. Қ.Жұм.

Posted in

ТАЛАЙ ҚҰҚАЙДЫ КӨРГЕН (ҚУ)

Әккі, кәнігі; тәжірибесі мол; өмірдің қиындығын көп көріп, әбден шыныққан. ~ Мен шарасыз қалыпта айран-асыр болсам, бұдан бұрын да талай дауды өткерген, талай құқайды көрген журнал редакторының өзі басын шайқап, жерге түкірген. М.Мағ. * – Әлгіге Ақтөсті қосып жібердім. Салпаңқұлақ та құлағын жымып барын салды. Ол неме де талай құқайды көрген қу екен, бұлтылдап қашып, атты тіпті шаужайлатар емес. Д.Досж. ~ Бірақ аш мәлін дереу қайта оралыпты. Соған қарағанда, талай құқайды көрген кәрі. Әйтпесе, былай-былай айнала жүріп, теке мен қошқарды қорқытып қуып жіберуді ойламас еді. Б.Ыб.

Posted in

ТАЛАПАЙҒА ТҮСТІ

Басы бәлеге қалды,. ~ Астарындағы көлік талапайға түсіп, әр қазақтың алдында кетті. Ә.Кек. ~ Болат таққа отырып, жұрт ханталапайға аттанып жатқанда: «Жақсы хан таққа мінсе, өзі талапайға түсер, жаман хан таққа отырса, елі талапайға түсер. Осы немеңді бала кезінен білетін едім… Иә, жасық шығар. Иә, пасық шығар. Қайсысы болғанда да, айдарларыңнан жел есе қоймас», – деп анықтап айтқан да жалғыз сен едің. Ә.Кек. ~ — Е, тәйір- ай, елге келген енші ме десем, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін берекесіз бірдеңе десейші. — Ағайын келесінен аттап, тал түсте талапайға түскен дүниеде не қасиет болушы еді? Қ.Жұм.

Posted in

ТАЛ БОЙЫНДА ҚЫРЫМ АРАМ (АРТЫҚ БІТКЕН СЫЛЫМ) ЕТІ ЖОҚ

Тұла бойында қырып аларлық та еті жоқ, денесі тарамыстай,, арық. ~ Шаршы ғана аласа бойлы, тал бойында қырым арам еті жоқ, қаршығадай сары жігітке сүйіп қосылды. Ү.Жәл. ~ ~ Бұрын керген адамым емес. Аққұбаның әдемісі. Тал бойында артық біткен бір сылым ет жоқ, таң асырған жарау аттай жұп-жұмыр, жеп-жеңіл, жып-жинақы. К.Қаз.