АЖАЛ ОҒЫНА ТАП БОЛДЫ

Опат болды, өлім құшты. ~ …өрттей заулап келе жатқанда, ажал оғына тап болып, арманына жете алмай, жастай кеткен арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының аруағына арнаймын. Ж.Айм.

АЖАЛ ОҒЫНА ТАП БОЛДЫ Read More

АЖАЛ АУЗЫНАН (УЫСЫНАН) ҚАЛДЫ (ҚАЙТТЫ, ҚҰТЫЛДЫ)

Бір өлімнен аман қалды, жанын сақтады. ~ Мал таппақ оңай ма? Екі рет ажал аузынан қалды. Біріншісінде, Иркутскінің «қара базарында» өз аузынан қағынғаны. Т.Сәу. ~ Бірақ ол қуанышы да ұзаққа бармады. Сыртында «паштет» деген жазуы бар арзан қалбырды асығыс ашып, ішіне аздап ел қонғанмен оның арты азап болды. Уланған Айдын ажал аузынан қайтты… С.Досан. ~ Ортаңа ажал уысынан, арыстан аузынан құтылып, қайта оралып Базаралы келгенде, «еңді етегіңнен ұстап өлермін-ау» деген серттерің болатын. М.Әу. ~ Сол жылы Еркебұланның жолы болмай қойды. Көктемде көкпарда Қызыл атының аяғы сынды, өзі ажал аузынан әзер қалды… Ә.Тар.

АЖАЛ АУЗЫНАН (УЫСЫНАН) ҚАЛДЫ (ҚАЙТТЫ, ҚҰТЫЛДЫ) Read More

АЖАЛ САҒАТЫ

Өмірмен қоштасар сәт. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу. ~ «Қашан шақырту келеді?» — деп, ажал сағатын күткендей жүрегі күпті болып, ала қол билердің кәрін күтті. М.Әу. ~ Бұдан сол бұрын осы көпірден құлап түсіп, суға кетіп өлмек болған еді, енді шалдың болжағаны дәл келіп, тағдырдың қалауымен оның ажал сағаты кейінге қалдырылды. О.Бальз.

АЖАЛ САҒАТЫ Read More

АЖАЛ АУЗЫНАН АЛЫП ҚАЛДЫ (ШЫҚТЫ)

Өлімнен сақтап қалды. ~ Сондай әулие адамның қадірін басымызға іс түскенде ғана білеміз!.. Бүкіл бәлністі аяғынан тік тұрғызып, әпкемді ажал аузынан ап қалды! .. Иә, бәрі де Мұраттың арқасы ғой! .. Айтпақшы, оның өзі қайда?!. Қ.Ысқ. ~ Арқасына салып, өзімді ажал аузынан алып шыққан сол жанға іштей мың мәртебе алғыс айтсам да, дұрыстап тілдесе де алмай арманда қалған едім. М.Им.

АЖАЛ АУЗЫНАН АЛЫП ҚАЛДЫ (ШЫҚТЫ) Read More

АЖАЛ АУЗЫНДА

Өлім алдында. ~ Жарты жылға жетпей жатып көз жұмды. Қатын-баласының бір уыс топырағы да бұйырмай, жат жерде қалды: сөйте тұра, ажал аузында жатып бұған «кетпе» дейді. Онысы несі? Ә.Кек.
~ Түн баласы ұйқы көрмейді. Ажал аузында тұрғандай, бүкіл өткен ғұмырына, істеген ісі, айтқан сөздеріне ой жібереді. Т.Әбд. ~ Ал, шынында, өмір мен өлімнің арасында, яғни ажал ауызында көп болған адамның аузынан ешуақытта құдай түспейді, құдайшылық сөз түспейді. А.Жақ.

АЖАЛ АУЗЫНДА Read More

АЖАЛ ЕЛЕСІ

Көзіне өлімнің сұлбасы сықылды көрінген, ажал болып төнген қауіп-қатер. ~ Бірақ Бірішектің бұл әдісі де сәтсіз болды. Жалт бұрылып бағытын өзгерткен Бірішек енді ойға қарай тоңқаңдай шапқанда, артында ажал елесіндей боп қалмаған кер аттыны тағы көрді. С.Жүн. ~ … осының бәрі көңіліне еміс-еміс елес беретін, сәби күнінде көзімен айқын көрген Ажал елесі, Мәңгілік үрей азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан боп көрінеді. Т.Әбд.

АЖАЛ ЕЛЕСІ Read More

АЖАЛ ЖЕТТІ

Өлер шағы, ақтық демі таяды. ~ Рас, Сталин қайтыс болды. Ол да Құдайдан кем емес деп жүрсек, кәдімгідей пенде екен, ажал жетті, өлді. ~ Туыс жолы бір бөлек. Бірақ тумақ бар да, өлмек бар. Біреудің өлімі оттан, біреудікі судан. Бүгін, міне, маған да ажал жетті. Өкінбеймін. Әлі де бір кәдеге жарасам, сол жетеді. С.Жүн.

АЖАЛ ЖЕТТІ Read More

АЖАЛ КӨЗІНЕ КӨРІНДІ

Ақтық сәті жақындағанын сезді. ~ Ғұмыры жалынып, жалбарынып көрмеген басым, мүсәпір боп отырғанда қоқаңдап батырсынып тұрған болысқа не істерсің, бөрінің де бір айласы болады, ажал көзіме көрінгенде тілім шықты. С.Жүн.

АЖАЛ КӨЗІНЕ КӨРІНДІ Read More

АЖАЛ КҮТІП ТҰР

Өлім тақап қалды, алдында тұр д.м. ~ – Сен қу қақпас, кімді алдамақсың?! Өз өтірігің өзіңе! Мен оған сене алмаймын! Сені алда ажал күтіп тұр! – деді мейманасы тасып тұрған Құтыз ақи көзін ақшитып. Д.Рам. ~ Әуелгі шоғыры сиреп қалған жау тобы Ызғұтты кірген қорымға кіре алмады. Алдынан ажал күтіп тұрғандай шегіншектеді. Ж.Шәк.

АЖАЛ КҮТІП ТҰР Read More