Шалыс басқан қадам, ойланбай істелген іс туралы. ~ Апыр-ау, соншама не бүлінді? Ұрсам, өз баламды ұрдым. Бүтінді бүлдірме, жаңаны тоздырма дегенім бе? Әрине төбеден нұқығаным ағаттық болды. С.Смат. ~ ─ Әнеугі келгенінде осы іс жайын Қасболатқа айтып едім, соным әнтек ағаттық болды білем, — деп, бүгінгі көңілсіздігінің себебін осыған сайды. С.Ом.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҒАЛАП ШЫҚТЫ
Шеберлік танытты, айқын басымдылықпен жеңді, көш ілгері болды. ~ Екеуміздің достығымызды ұлғайта түсетін тағы бір әулекілігіміз бар: екеуміз де «бокс» ойынында жұдырықтасуға бірге түсеміз. Салмағымыз да бірдей, өнеріміз де бірдей. Кейде ол қапы кетеді, кейде мен қапы кетем. Сонда ғана бірімізді-біріміз бірер жұдырық ағалап шығамыз. Ғ.Мүс. ~ Тоғай бойының жігіттерін күрескенде қырғи тигендей қылам. Менімен біреуі де бел ұстаса алмайды. Шөп басында, өзен бойында, кешкі ауылда әлдеқалай бір күрес бола қалса алысқан жігіттерді ағалап шығам. Ат үстінен аударыссақ та мені аларлық жігіт жоқ. І.Жан. ~ Абайдың кейбiр қыстарда, үйде отырып қалғанда, әдейi шақыртып алып, жиырма күн, бiр айдай табан аудармай ойнап қалатын кiсiлерiнiң бiрi Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бiрi осы Көрпебай. Iшiнде Абай бар, осы үш-төрт ойыншы бұл атраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан және өзара
АҒАТТЫҚ ЖІБЕРДІ (ЖАСАДЫ)
Қателік жасады, жаңсақ басты. ~ Анасының әлгі әңгімесі осы жасында емес, сегізінде айтылса, мүмкін, дәл осындай ағаттық
жіберіп, әке-шешесін осыншалық сарсаңға салмас па еді. О.Бөк. ~ Бастық қызметкерлерін бөле-жарып қарамайтын. «Өңкей
қылшылдаған жастар «жұмысынан ағаттық жібермесе, кешеде бірдеңеге ұшырап қалмаса» деп іштей тілеп отыратын.
М.Қаб. ~ Өз денсаулығымызға өзіміз кесірімізді тигізіп, темекі шегіп, арақ ішіп, жүйкемізді аямай тамақты тоя жеп ағаттықтар
жасаймыз. Қ.Бег.
АҒАЛЫҚ АҚЫЛ АЙТТЫ
Өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, кеңес берді, дұрыс жолға тартты. ~ Жол-жөнекей менің барлық жайымды сұрап, істе жіберген кемшіліктеріме талдау жасап, ағалық ақыл, кеңесін ақтарыла айтып, жөнге келетін, жобаға жанасатын істеріме қатты қуаныш білдіріп, жанымды жасытпай, жігерлендіріп ынталандырып отырды. С.Ел. ~ Штабқа жиналған бөлімше командирлеріне ағалық ақылын айтып таратқан еді. Ә.Нұрш.
АҒАМА ЖЕҢГЕМ САЙ (АПАМА ЖЕЗДЕМ САЙ)
Мінез-қылығы ұқсас, бір адамдай (көбіне кекесін ретінде айтылады). ~ Сол қалыптарына қарап, Нұрбек сияқты қалжыңбас бозбалалар, «ағама жеңгем сай» дегендей, «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, «екеуін құдайдың тауып қосуы-ай!» деп күлісіп жүрген. С.Мұқ. ~ Сол Сақардың әйелі Ілгек «Ағама жеңгем сай» дегендей, өзінен өткен өжет болып шықты… Көпшілік: «Сақардың қатыны өзіне қайым» десетін. Ү.Жәл. ~ Уау, Бейсенбек! Жылқыда өт, төрешіде бауыр, құста сүт болушы ма еді? Ағама жеңгем, апама жездем сай демекші, өзіңе балаң да сайма-сай екен ғой! – депті төреші Тайжан. БС. «Екі суайт».
АҒАМА ЖЕҢГЕМ САЙ, АПАМА ЖЕЗДЕМ САЙ, БІРІН-БІРІ АЯЛАҒАН, ӘЛДИ-АЙ
Екі адамның мінез-құлық ұқсастығы, өзара сыйластығы хақында. ~ Ағама жеңгем сай, Апама жездем сай, Бірін-бірі аялаған, әлди-ай, – дегендей, Түсіпбек пен Бейсенбек те біріне-бірі сайма-сай. Анығын айтқанда: – Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен деген рас-ақ. Сіздер мен біздер осы өтіріктің өзіне емес, қиыстыра, қызықтыра айтқан қисынына сенейік, – депті төреші қарт Тайжан. БС. «Екі суайт».
ҮДЕРЕ КӨШТІ
Асығыс ауып кетті; қауырт, қопарыла көшті.
~ Олар Саурық іздеу салады, айналасын тінтеді деп үдере көшкен бойы Аякөз маңындағы орыс қаласының біріне барып орын тепкен болатын. Ә.Шәр. ~ Осы қызыл көзден құтылдық па, құтылмадық па дегендей анау- мынау еместен әккі құрылысшылар басқа объектіге үдере көшті.
К.Хамз. ~ Ана жылы бұл ауылдан бір күннің ішінде үдіре көшіп, Жетісу өлкесіне қоныс аударғанын, бала- шағалы боп өсіп- өнгенін, бизнесін жолға қойып байығанын… түгін
қалдырмады. Қ.Жиен.
ҰЗАҒЫНАН СҮЙІНДІРСІН
Қуанышың ұзаққа созылсын, жалғасын тапсын д.м. тілек.
* – Балаңды құтты орнына қондырып қайттың ба, шырағым, ұзағынан сүйіндірсін! Ж.Нәж. * Үзілісте лезде-ақ қоршалып қалдым. Жырқ-жырқ күлкі. Жымыраң-жымыраң жүздер. — Уа, ұзағынан
сүйіндірсін! — ЗАГС, әрине, құрметті мекеме. М.Қаб. * — Мінеки, енді сіздер де қолдарыңызды жылы суға малып отыратын болдыңыздар. Ұзағынан сүйіндірсін! Ж.Шағ.
ҰРШЫҚТАЙ АЙНАЛДЫРДЫ
Алдап-сулап, айтқанына көндірді.
- Жігіт біткенді көзінің құйрығымен ұршықтай айналдырып қойған Лененің өнеріне қатындар сүйсінеді, қатты ұнатады, еркектер мұның арты қан болмай тарамас деп ішінен түршігеді. Ж.Айм.
- — Өй, қойшы. Мен онымен сөйлесті ғой дейсің бе? Тері — терсек жинап, ауылға келіп-кетіп жүретін. Әйімхан дейтін жақын жеңгем бар еді. Шығаннан шыққан жылпос. Қайдан тапқанын, сопы тауып алыпты. Сол Әйімхан күндіз — түні басымды ұршықтай айналдырып, қалай тиіп қалғанымды өзім де білмеймін. Б.Соқп.
~ Осы мезгілде, баяғы атажұрттан көшкен босқын елдің жолында өлі ананың емшегін кергілеп еміп жатқан Жолдыбай жиырманың үстіндегі атпал азамат болған. Сол тентек бұл күндері ауыл жігіттерін ұршықтай үйіріп, иірімінен шығармайтын. Т.Рыс.
ШАБЫНА ОТ (ШОҚ) ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ
Оқыс ашуланып, зәрін төкті. ~ Сол мұң екен, Абыралының шабына от түсіп, шала бүлінді. Еш жүйесіз, қисынсыз быдыңдап, кәсіподақтың тура қарағайдай мүйізіне жармасты. М.Қаб. ~ Бисараның химия пәні бойынша жетекші мұғалім екенін есепке алды ма, әлде жалғыз бастылығын ескерді ме, ғылыми мүдір бұған алты сағатты артық бөліпті. Орынғайшаның талағын тарс айырып, шабына шок түсірген — сол сағаттар. Қ.Жұм. ~ Мына сөзге Айтқалидың жүрегі шым етіп, шабына от түскендей шамданып қалды. Сазарып қоштаспаған күйі шапшаң бұрылып атына мінді де, шапқылай жөнелді. Ә.Асқ. ~ — Сені сүймейді! — деді Артур шабына шоқ түскендей жер тепкілеп. — Сен просто алаяқсың! Оны алдағансың. Т.Сәу. ~ Қатты сынға ұшыраған Зейін Шашкин мен Темірғали Нұртазиннің повестері еді. Темкең үндемей құтылды. Қалғандары шабына от түскендей мөңкіді. Қ.Ысқ.

