Posted in

ТАЗА ҚАНДЫ

Қан араластырмаған, будандастырылмаған; қоспасы жоқ. * О, құдірет, албырт шақта тот-тозаң баспаған көңіл, кірқолаң шалмаған пәк ой, арамдық-қулық қаппаған таза қанды жүрек қандай алғыр, қандай қасиетті десеңші. Жастың жарты ғасырды алқымдап тастағанына қарамай бәрі де, бәрі нақ бір бүгінгідей көз алдымда тұр-ау! С.Бақб. ~ Әр дыбысы әуен боп таза қанды, Жапыраққа мас торғай жазады әнді. С.Нұрж.

Posted in

ТАҒДЫРЫНА МОЙЫНСАЛ БОЛМАДЫ

Мойын ұсынбады; тағдыр сынына қарсы тұра білді. * Қолға түскелі бері тағдырына мойынсал болмаған кербез ұлықты құлатып жыққан жерін айтпаймысың?! Ғ.Біл. * Тағдырына мойынсал болмаған, мөндібастанып үлгірмеген қияңқы таккаббарлық уыт төгіп, көбік шашады. Ғ.Біл.

Posted in

ТАЗДАН ТАРАҚ ҚАЛҒАЛЫ ҚАШАН

Жақсы кезім артта қалды д.м. ~ – Сіз сондай жұмбақты, қызық адамсыз, – деді мұғалім қыз. – Балаңыз зерек. Сонан соң суретті де жақсы салады. Сіз үйреткенсіз– ау… – Қойшы не дерін білмей, сасқалақтап қалды. Бар айтқаны: – Таздан тарақ қалғалы қашан. Сурет біздің не теңіміз, – деді де, шанасына отырды. О.Бөк. ~ Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Тыраштаныпақ болдың-ау, — деп уәжден жығылып қалған шалын қағытқан болып келіншек ара түсті. Үлкен ұлына орамал мен шылапшын ұстатып жатып Бескемпірге менсінбей биіктен қарап еді. Қ.Ысқ. ~ Ауырып тұрсыз-ау, — дедім. Серуенге шығып жүрмісіз? — Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Төрт қабырғаға қамалып қалдым. Жүрек, шіркін сыр беріп жатыр. Бес инфарктты көтерген бұған рахметтен басқа не айтамыз?! Р.Сей.

Posted in

ТАҒДЫРЫНА НАРАЗЫ

Өз болмысына, өміріне өкпелі. ~ Талмасы жиілеп әңкі-тәңкісі шыққан Данаш дағарадай үйде сорайып сопа басы ғана қалды. Тағдырына наразы тас қабақтау жігіт жора-жолдастан шола. Туыс деген айтарға. Ө.Кәр.

Posted in

ТАЗДЫҢ БАСЫНДАЙ

1. Қу тақыр д.м. * Түс ауып бесін болды, жолаушылар жарым жолды да жүрген жоқ. Күн ыстық, қайнап тұр, шаң жұрт басын қоярға жер таппады. Таздың басындай қу тақыр дала, жолда не ағаш, не бұта жоқ. Ә.Бөкей. ~ Айна таздың басындай жалтыраған аспанның жұлығында, сайлаудан кейінгі азбандардай, сұрқыл бұлттар сандырап жүр еді. Ж.Айм. 2. Жер бетінің аламыштанып тұру туралы. ~ Мынау жол жанында жатқан кішкене шалшық су — бұдан екі-үш ай бұрын шалғыны балбырап ұйысып жатқан көгал еді. Енді таздың басындай аламыштанып, ұйысқан шалғынның әр жерінде бір түбірі ғана қалыпты. Мына түріне қарағанда бұған көгорай шалғын бітті, кемерінен асып суы шалқыды деп кім айтар? Б.Майл.

Posted in

ТАҒАТ ТАПТЫРМАДЫ

Маза бермеді. ~ Шынында қызды сақтан-дыруы керек екен. Осындай бір беймаза ой тағат таптырмай қой-ға-сын айдалада отырғандай өзі-мен-өзі сөйлесті. А.Әк.

Posted in

ТАҒДЫРДЫҢ БАСҚА САЛҒАНЫ

Пешенесіне бұйырған тағдыр. ~ Жұкең аға ақтық аманатында: «Өкімет ұлттық аймақ орнатып беріп жатыр екен, сондағы қандастарыңның ортасына жетіп, өсесің бе, өшесің бе не көрсеңдер де тағдырдың басқа салғанын бірге көріңдер» деп өсиет айтқан соң біз де кешікпей көштің бетін бермен бұрдық. Ш.Рах.

Posted in

ТАҒАТТАН АЙРЫЛДЫ

Сабырын жоғалтты. ~ Сол кештен соң көп ұзамай басталған құпия кездесулер бозқырау түскенше тыйылмап еді.Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Ү.Жәл. ~ Мәтнияз бірдеңені ойға алса, қашан бітіргенше тағаттан айрылады. Баяғыда қазақ арасында жалғыз үй қалатын жолы да, Әнетейдің налығанын көре тұрып, тыңдаған жоқ-ты. Қазір де Сыр бойында байласан тұратын емес. З.Шүк. ~ Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Ү.Жәл.

Posted in

ТАҒДЫРДЫҢ ДЕГЕНІНЕ КӨНДІ

Тағдырға мойын ұсынды. * Үшінші сағатта: – Жеміс жұлғаным, менің Тағдырдың заңына көнгенім, – деген сөз шығарды. Төртінші сағатта: – Тағдырдың дегеніне көнбегенімнің өзі көнген болып шықты, – деді. А.Байт. * Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! І.Ес. * Әйтпесе мұның жары Ақтан емес, осы Есімхан болатын-ақ реті бар еді. Олай болмады, өмір өз дегеніне көндіргені. Ө.Ахм.

Posted in

ТАҒАТЫ ТАУСЫЛДЫ

Сабырсызданды, шыдамы бітті. ~ Көптен сарыла күткен өмір қуанышына емін-еркін кенелгенше тағаты таусылып алып-ұшып тұр. Ә.Кек. ~ Түннің бір уағында ғана қалаға жететінін ойлағанда тағаты таусыла тынышсызданып кетті. Ж.Шаш. ~ Енді не болады, мылтық өні шыға ма? Деген хабарды күткен Шөке бастаған топты азаматтың тақаты әбден таусылды. Б.Жұм.