Сыры құпия д.м. * Өйтсе де, кейбіреулердің «тап осы бағытымнан ауып кетсем, жақпай қалармын» деп ыңғайға аунап, көп сырын ішке бүгіп қалуы мүмкін ғой. Ә.Кек. ~ Табағаттың тылсым сырын ішіне бүккен күйі қызғылт каньон жардан төмен құлаған күйі ағатаңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. С.Пар. ~ … сырын ішіне бүккен Шыңғыстаудың қасиетті топырағынан жаралып, қалың қазағының ғана емес, әлемнің ғұламасы мен данышпаны болып, адамзаттың ақыны мен классик жазушысы, данагөй пәлсафашысы атанған Ұлы тұлғалардың осы топырақта жаралуының да тылсым сыры бары ақиқат. Ж.Әуб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫРТЫ НҰРЛЫ, ІШІ СЫРЛЫ
Іші-сырты бірдей; жүзі мейірлі, жүрегі таза. ~ Ибалы қоғам, иманды адамның сырты нұрлы, іші сырлы. Олар рухани да бай. С.Дос. ~ Өзіңіз сынды сырты нұрлы, іші сырлы нәзік жанның тілі ғана емес, ерекше нәзік, ерен сұлу бет бейнесі де сөйлеп тұрады. С.Дос. ~ Сыпайылықтан аспайтын сынық мінезде де жасандылық жоқ. Сырты нұрлы, іші сырлы Тәрбие күн өткен сайын Талапты өзіне қуатты магниттей тарта берді. С.Дос.
СЫТЫЛЫП ШЫҚТЫ
Жылыстап шығып, бойын алыстатты. ~ Қалмай қапталдасып отыратын совхоздың сары егістінен сытылып шыққан соң, тоқтағаны — атақты Батпаққара сазы. Жайқалған қалың қияқ, бидайық белуардан. Б.Ыб. ~ Бәйтен Хадишаны құшақтаған күйі, үстіндегі адамдарды итере — митере, топтың арасынан сытылып шықты.. Т.Әбд. ~ Балбөпенің құшағынан сытылып шығып бір аунап, ес жиды. Дәл сол сәт ыстық ерні бет шарпып жақындаған келіншектің маңдайынан ұстай алды. С.Смат.
СЫРТЫ СЫЗ, ІШІ МҰЗ
Сырт кейпін асқақ ұстағанмен, ішінде жатқан мұңды жасыра алмайды. ~ Тұлға-тұрпатында басқаның мысын басатын пандық бар. Сырты — сыз, іші — мұз табашыл жанның кейпінде кеудесін шалқақ ұстап, шіренеді де жүреді. Ө.Кәр. ~ Бірақ онысы тым жасандылау. Сырты — сыз, іші — мұз екенін жалған мінезбен он жерден көлегейлесе де, қырыс қабағына жасырынған қиястық суық назарынан байқалып қалады. Ө.Кәр.
ТАБА БОЛДЫ
Ұятқа қалды, жұрттың мазағына айналды. * Табаласа, табаласын… Ақылың жетіп тұрған жерге дәрменің жетпей тұрса, таба болмағанда қайтпексің! Ә.Кек. * Қызбалтай сансыраса да сыр бермеуге тырысты. Әбжалға таба болмауды ойлады. Н.Дәу. * — Обал?! – Ол тыз ете қалды. — Сөзінің сиқын… «Обалдарына мен қалдым» деп ойламайсың ба? Жұртқа таба болған талайына араша түсе алар едің ғой. С.Әбік.
СЫРТЫ ТҮК, ІШІ БОҚ (ТЕЗЕК)
Малдың аты мал, оны асыра бағалаудың жөні жоқ д.м. ~ Бұл сонда «О не дегенің, әзілім ғой. Жаныңның қысылғанын пайдаланып, жанды жеріңе жармасар қорқауың мен емес. Ғұмырымызды ортақ қызықтап жүргенде сырты түк, іші боқ қыл құйрығыңды алмаймын. Керегі жоқ» дегісі келгенмен, олай дей алмаған. К.Сег. ~ Мекендесе жүректің түбін ынсап, Керегі сол пендеге шын ұғынсақ. «Сырты түк те іші боқ» дегенменен, Түлігіңнің ішінде жылы-жұмсақ. Қ.Осп. ~ Егер дәл осылай тағы бір жеке кәрін тіксе сырты түк, іші боқ хайуан қалмас. О.Бөк. ~ -Әй, жетесіз, бері қара,-деді. Құла айғырдың, оның үйірінің мен үшін орны бөлек, қымбат болғанымен шындығына келгенде сырты түк, іші боқ малдың бірі. Оны қасқыр жеп кетсе де істейтін амалың қайсы. О.Көш. ~ Сондықтан осы бастан ашып айтайын, мен өзге құн жоқтаушылардай, ысқырса желдікі, аударса — жаудікі, іші тезек, сырты түк қыл құйрығыңа бітпеймін. Маймақ түйе, маубас қой, сасық тұмсық сиырының керегі жоқ. Ж.Ахм.
ТАБАҚ ТАРТТЫ
Қонақ алдына табақпен ас әкелді. ~ Қонақтарға шай, қымыз беріп, табақ тартысып, жерошақ маңында болып, жүгіріп жүріп қызмет еткен Асан ара-тұра ірге тыңдаушылардың да сөзіне қатынасып қойды. С.Мұқ. ~ Бұрын отырған ауыл адамдары жанына келіп қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігісетін болған. Одан соң жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп табақ тартады. С.Досж. Үлесін берді. ~ Қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай табақ бір тартылсын. Ә.Бөк.
СЫРТЫН БЕРДІ
Теріс қарады; қырына алды. ~ Бақтыбайлар да біраз уақыт өкпелі боп үнсіз жатып алып еді, қыз алған жақ одан сайын тоң- теріс сыртын беріп, қарым-қатынасты біржола үзді. С.Жүн. ~ «Есі кірмес, ержетпес ұлт екен», – деп, Мына заман қазаққа сыртын берді. Болмайтынын білсең де жаза жеңіл, Айтқызбасты айтқызар нала көңіл. М.Кенж. ~ Сонда бір білгір Ақсақ Темірге ақыл айтыпты дейді: «Құл- Қожа- Ахметтің ұстазы Арыстанбаб қой. Сол ұстаз, сірә, шәкіртімді менен артық санадың ба деп сыртын беріп, өкпелеп жатса керек» депті. Қ.Түм. ~ Сынақ өмір сыртын беріп барады, Жеңі-жырым, сауыс-сауыс балағы. Серіңді де, еріңді де еңкейтер, Сізден де бір, бізден де бір қалады. Д.Бай. сыртын жылтыратты навести марафет
ТАБАҚТАС БОЛДЫ
Бір дастарқаннан дәм татысты. * Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгілі, ондай дәурен ойына кіріп көрмеген Итжемес ханның қосынан бір-ақ шыққанын білгенде қақалмағанда қайтсін! Ә.Кек. * Мен не қадірімді асырып келіппін мұнда? Пайғамбардың құттыхана мешітіне келіп, өзімен табақтас болу үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді менің? З.Қаб. * Қап-қара еріні дүрдиіп, бүлдек иттен айнымай қалыпты. Табақтас болуға татымайды-ақ. С.Дос. * Шөке қамшының сабындай қысқа өмірін еліне арнаған ерлігін шынымен абырой сезіп, талай дабыралы жиынның төрінде отырып, не бір қасқа мен жайсаңдардың тізесін басып сөйлесіп, табақтас болып өмірін өткізе берді. Б.Жұмаб.
СЫРТЫН ЖЫЛТЫРАТТЫ
Бет-әлпетін түзеп, боянды, бипазданды. * Сыртын жылтыратып сайдингпен қаптағанмен, жықпыл-жапсарынан сыздықтап жел үрлеп тұратын қамсауы жоқ дүңгіршек түнге қарай қаңырап кетеді. Т.Сәук.
