Posted in

ТАБАҚТАС БОЛДЫ

Бір дастарқаннан дәм татысты. * Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгілі, ондай дәурен ойына кіріп көрмеген Итжемес ханның қосынан бір-ақ шыққанын білгенде қақалмағанда қайтсін! Ә.Кек. * Мен не қадірімді асырып келіппін мұнда? Пайғамбардың құттыхана мешітіне келіп, өзімен табақтас болу үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді менің? З.Қаб. * Қап-қара еріні дүрдиіп, бүлдек иттен айнымай қалыпты. Табақтас болуға татымайды-ақ. С.Дос. * Шөке қамшының сабындай қысқа өмірін еліне арнаған ерлігін шынымен абырой сезіп, талай дабыралы жиынның төрінде отырып, не бір қасқа мен жайсаңдардың тізесін басып сөйлесіп, табақтас болып өмірін өткізе берді. Б.Жұмаб.

Posted in

СЫРТЫН ЖЫЛТЫРАТТЫ

Бет-әлпетін түзеп, боянды, бипазданды. * Сыртын жылтыратып сайдингпен қаптағанмен, жықпыл-жапсарынан сыздықтап жел үрлеп тұратын қамсауы жоқ дүңгіршек түнге қарай қаңырап кетеді. Т.Сәук.

Posted in

ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Үйге кірді, ішке енді. * — Бұдан былай біз көріспейміз, Беке! Фильм түсіресің бе, жүк тасисың ба, есектіңартын жуып, мал табасың ба, қайтсең өйт, тәтеңнің аз пенсиясына көз сатып, алақан жайғаныңды қойған күні ғана менің табалдырығымды атта! Оған дейін менің есігім сен үшін тас жабық, — деді. М.Қаб. * Еркінен тыс бір тылсым күш жетелеп әкелгендей. Табалдырықтан аттағаны сол еді, алдынан ақша бет, аққу мойын, әдемі бойжеткен сылаңдап шыға келді. Д.Рам. * Анадан туған осы күнгі нәрестедей, мен де алғаш дүние табалдырығын аттағанымда — жылағам. Т.Берд. Әлдебір межеден аттап өтті, жаңа бағытқа бет алды. * Өңшең жалшы бас қосып, жуырда ғана ел болды.Колхоздасып, жаңа өмірдің табалдырығын аттады… Т.Берд. ~ . Өндіріс іргелері бой көтеріп, жұмысшы тобы күлтеленіп, әсіресе жас жалынды қауымның басы қосылуы, жаңалықтың жарқын табалдырығын аттағандай еді. С.Бег.

Posted in

СЫРТЫНА ТЕПТІ

Көзге ұрына көрініп, білеуленіп тұр. * Жануардың жаясы жатып ұйықтайтындай боп, сан еттерітысырайып, сыртына теуіп тұр. Т.Рыск. * Келіншектің жұп- жұмыр жалаңаш иық, қос анары томпиған жартылай ашық омырау, қолдарын шыныменен күн сүйіп қызартқан екен. Жас дене өзгеше түлеп қуатын сыртына тепкендей. С.Елу. ~ Мүгедек демесең — тап-таза киінген, келбетті, сырбаздығы сыртына теуіп сызданады. С.Досж. Тұла бойын кернеген әлдебір сезім хақында. * Шынардың қуанышы жалғыз қалған соң ғана сыртына тепті.Әуелі су етіктерін үйге лақтырып жіберді. Ғ.Мүс. * Қыр мұрын, сопақ бет, мінсіз құйылған серпінді сұңғақ дене шырыны шыпшыған жас қайыңдай қуаты сыртына теуіп бұлықсып тұр. Т.Сәу. * Қыз баланың ішкі қуаныш толқыны сыртына тепкенде бетіне шыға келетін қызғылт сағым Зипәгүлдің жүзінен елес бермеді. Жылы шырай да білдірген жоқ. Томсарған беті сыртқа шығып кетті. Ғ.Біл.

Posted in

ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТОЗДЫРДЫ

Біреуге не бір мекемеге қайта-қайта бас сұғып, мезі қылды. * Қазіргі жылы кездің әр күнін пайдаланып, іс тындырудың орнына өзімнің мазам кетіп, өзгелерді қоса мазалап, кеңсе — кеңсенің табалдырығын тоздырып, уақытымды текке өлтіріп, сандалумен жүргенмін. Б.Соқп. * — Ғалия мен Гүлбаршын бой жетті. Кәзір қолыңда болғанмен жат жұрттық екенін білесің. Қыз айттырушылардың алды табалдырығыңды тоздыра бастады. О.Көш. * — Ә, онда баспаға қолыңды бір сілте де, кел, машинаға мін. Баспа ешқайда қашпайды. Ғұмыр бойы осының табалдырығын тоздырып өтесің, ертең де үлгересің. М.Қаб.

Posted in

СЫРТЫНА ШЫҒАРМАДЫ

Сыр бермеді, сезімін, ойын жасыра білді. ~ Бала молданы қолқанат қылғанына Көрпебай мәз. Аз күн болса да, Жүністен сабақ алғанына Қартқожа мәз. Молда басымен даяршы болғанына қорланса да, сыртына шығармай, шыдап жүр. Ж.Айм. ~ Адамның іші-бауырына кіріп тұрған үшбу хатты жазған адамның Советтің келіншегінен мүлдем бөлек адам екені ойымда тұрды. Бірақ оны сыртыма шығармадым. Б.Қыд. ~ . Осы уақыт ішінде қасындағы жарының мінезіне, сыртына шығармаса да өзін толғандырып жүрген ой-пікіріне қанық сияқты еді. О.Көш.

Posted in

СЫРТЫНАН ЖҰДЫРЫҚ ТҮЙДІ (КӨРСЕТТІ)

Жауы жоқта сыртынан қоқан-лоқы жасады, сырттай кіжінді. * Мен әйелімді алдаттырып қоймаспын,— деді қарт келіншегінің алдында қоқиланып, әлде кімге сыртынан жұдырық түйіп.— Жә, енді жетті. Кергімей жина төсек сал… М.Сүн. * Мәмбеттің шынашағына тұрмайтын күйкентай, сыртынан жұдырық көрсетуін көрдің бе? – деп, Пазыл жерге түкірді. Х.Ес.

Posted in

ТАБАН АҚЫ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КЕЛДІ (ЖАСАЛДЫ, КҮНЕЛТТІ, ТАПТЫ, ҚҰРАЛДЫ)

Адал еңбекпен келген табысы, ауыр бейнеттің зейнеті. ~ — Адам баласы…. табан еті, маңдай терімен күнелткен таза жолдан шыға жайылды. Еңбексіз мал тапқысы келеді. Бұрынғылар өз табан ет, маңдай теріне жалынған… А.Байт. ~ Мәдениеттің, ғылымның, тәжірибенің қай саласын алсаңыз да сансыз адамның «табан ақы, маңдай терімен жасалғалы» мәлім. С.Мұқ. ~ Біреудің малын біреу тартып алып жатқан жоқ, біреудің жеке меншігіне қол сұғушылар да көрінбейді, бар байлық табан ақы, маңдай термен келді емес пе? Б.Тоғ. ~ Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді- енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Б.Мом. ~ Дәм татып, отымыздың басын көріп, дидарыңды көрсеткеніңе рахмет. Табан ақы, маңдай терімен Төре ауылының сарқытынан құралып өсіп-өнген малымыз мына далада жайылып жатқан. С.Бег. ~ Кім өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан малын, астығын құр-бекер бере салады?! Б.Тоғ.

Posted in

СЫРТЫНАН ТОН ПІШТІ

Бір нәрсенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, долбар жасады. ~ Анада мені дінге қарсы сөйледің деп, ел–жұртқа мазақ қылып, итімді шығарған жоқ па? Істейтіні — осы, біреуді біреуге айдап салу, үгіт тарату, біреуді мазақ қылу, сыртынан тон пішу. Т.Әбд. ~ Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал әдет өз күшінде еді. Б.Мом.