Жан құпиясын жайып салды. * Бітеу жатқан жан жарасын тілімен жалаған мұң самалы сағағынан үзілердей, қалтыраған құба жапырақтарға сыр шерткендей – шешен тілмен көсем сөйлеп, жорғақ басты. Ғ.Біл. * Талай сыр шертісіп, әңгіме-дүкен құрып, қосылып ән салып, аунап-қунаған, масаты дала шаңы бұрқыраған тақыр жердей. С.Жүн. * Аяушылығын ба, әлде басқа сезімін бе, бәрі-бәрін білдіріп тұрған осы күміс сымдай саусақтары. Оның әрқайсысы өзінше сыр шертіп тұрған сияқты. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫПЫРЫП-СИЫРЫП ӘКЕТТІ (АЛЫП КЕТТІ, КЕТТІ)
Түк қалдырмай жалмады. ~ Әріннің қатыны ұятсыз екен, үстелдің үстін сыпырып-сиырып пакетке салып әкететін әдеті бар көрінеді. Нұржан – мешкей. Сәрсеннің дүкені болғанмен сараң… Т.Сәу. ~ Артель болып, Аралдан балық аулап кәсіп ететін. Енді қараса, жар басында шөпірейіп он шақты-ақ үй қалыпты. Еркек атаулыдан ешкім жоқ, бәрін соғыс сыпырып-сиырып әкеткен. Ш.Айт. ~ Еттің де бәрін сыпырып-сиырып алып кетті. Бір жапырақ та қалдырған жоқ, — деп, Қатша ызалы уайым үнін білдірді. М.Әу. ~ Комбайнның соңынан масақ түгілі кәшек қалушы ма еді?! Ағамыз түк қалдырмай түгелімен сыпырып-сиырып кеткен екен. И.Сап.
СЫРАЛҒЫ ДОС
Етене жақын, ежелден бір-бірін білетін, сырлас, сыйлас шынайы дос. * Басқа-басқа, өзінің сыралғы досы десе де боларлық, осы әйел келген кезде де алпамсадай шикі сары, қаны бетіне шығып тұратын қызыл өңді ол өзінің ықтиятты қожайын екенін көрсетіп қалуға тырысады. Ж.Айм. ~ Қарасай ойлай-ойлай келіп, Жәңгірді құтқарыуға сыралғы досы Ағынтай екеуі ғана барыуды ұйғарды. Ойындағысын ың-жыңсыз оңаша орындағысы келді. Б.Нұрж. ~ Бұл ауылда Жырғал деген ескіден сыралғы досы бар еді. Еділдің бойында саят құрып жүріп танысқан. Содан бері қатынастарын үзбей, ылғи түз төсінде аңшылықта жолығатын. Ә.Ыб.
СЫР АҚТАРДЫ
Шетін ойларымен бөлісті. ~ Зерделі, көкірегі ояу жігіт деп айтып жатырмын саған. Кім көрінгенге ақ та тоқ сыр ақтарып әуре болғым келмейді. С.Им. ~ Сондықтан ол сахарадан кетер шағында Шынармен оңаша сыр ақтарысып, бел шешіп сөйлесер кезең іздеген. Т.Әл. ~ Елді елең еткізіп, сонау ел білмес ескі заманнан сыр ақтарған, жеті қабат жер астынан алтын іздегендей Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби», «Саншура Күнби» романдарының да аңысы аз емес. Ж.Шәк. ~ Арал жайлы саудагер Сыр ақтарды корольге: – Шіркін, ондай бар ма ел Мына жалпақ әлемде… С.Қал.
СЫРАЛҒЫ ЖАУ
Айла-шарғысы белгілі ежелгі дұшпан. * Менікі үйреніскен ауру ғой, сыралғы жау: бір күні ол жеңеді, бір күні мен жеңем. Бүгін сәл бетім бері қараған түрі бар. Т.Сәу. ~ “Аттан! Аттан! Жау шап- ты!” Жұрт дүрлігісті. Суыт хабарды ақылмен топшылап мән- жайды ой елегінен өткізген елбасылар сыралғы жаудың бұл жолғы қоқайының зымияндығын салғаннан-ақ тап басқан. Ө.Кәр.
СЫР АЛДЫРДЫ
Ішкі ойын, әлдебір құпиясын сездіріп қойды. * Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді; сыр алдырмағысы келеді. Сиырлар қарқынын басқан кезде, Қартқожа бітегене тыныстап, оң жаққа қарады. Ж.Айм. Қорыққан баладай бірден сыр алдырып алғанына қысылып, қасындағыларға қарап еді, біразы қобалжып тұрсакерек, әдетте түнеріңкі жүретін қабақтары жұмсарып, өңдеріне күлкі де емес, қорқыныш та емес, бір бейжай сезімнің табы қонақтапты. Ә.Кек. * Досының ойын оқып Бахтияр елеусіз езу тартып қойды. Бірі алдадым деп, бірі алданған боп – екі жақ та бір-біріне сыр алдыртар емес. Т.Сәук. ~ Аяқ-қолына қорғасын байлағандай, сүйектері ап-ауыр. Сегізкөз, жон- жотасы сырқырайды. «Апыр- ау, бағана, осы кешке жақын- ақ тың сияқты едім ғой. Шынымен сыр алдыра бастағаным ба?.." К.Сег. Сол Ауғанбайдың өзін оққағар үшін алдыға салып сұр жыландай иріле шұбырған сұрғылт топ тұсынан өтіпболғанға дейін Боранқұл жігіттері дыбыс білдірмеді, сыр алдырмады. Ғ.Біл.
СЫРАЛҒЫ СҰРАДЫ
Аң аулап, олжалы келе жатқан аңшыдан сұрап алатын сыйлық. ~ Маңғыстау тауы мұнарлы, Өзіңнен медет сұралды. Сырыңды сенің ашуға, Отырмын сұрап сыралғы. Тұнған тарих тау тасы, Кең далам оның сырласы. Ашуға сырын ақтарған, Балаңыз енді жырласын. Н.Қож.
СЫР АШПАДЫ
Ойын жасырды, ағынан жарылмады. * Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. І.Ес. ~ Байғұс жетімегім-ай! Сөйлеспейді, сыр ашпайды деп кұстаналайды. О да қай бір жетісіп жүреді дейсің? Баласынан: Келінмен араларың қалай?»- деп сұраудың да реті жоқ. Ә.Кек. * Сыр ашпайды сенің құла түздерің, Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, Домбыраңның пернесінен іздедім. М.Мақ. * Онымен тұрып жатқанымды өзі ауру әкеме қалай айтайын, үйдегілерге ештеңе деп сыр ашпадым. С.Досж.
СЫРҒА БЕРІК
Ішке ойын, құпиясын сақтай білетін адамның сипаты. * Кофенің кермек дәмі тілімді үйірді. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Д.Аман. * — Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой! — Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой! Қ.Шабд. * Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады. Ж.Ахм. * — Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді. С.Жүн.
СЫР АШТЫ
Көңіліне түйген ойын жеткізді. * – Күнің аз, тауық жемей, жай жүретін, Ұрлықка құмар жансың мұнша неткен? Сыр ашып, сөйлеселік, оңашада, Ешкім жоқ екеумізден басқа шеттен. А.Байт. * Ең ауыры – бірнеше күннен бері осы үйде жатқан Сейіттің баласы Есет туралы сыр ашып қала ма, деп қауіптенген-ді. Р.Рай. * — Түсінем, түсінем, жас сәулетші мырза, ертең менің аудиенцияма келіңіз, сағат он бірде… күтем… сыр ашып сөйлеселік сонда, — деді хай-тек үрдісінің королі өз-өзінен қысылған сыңай танытып. Д.Досж. ~ «Ақылды сыйлайтын адам күшті сыйлайтын адамдардан әрдайым аз болады, алайда ақылды адам да күштіні сыйлайды, — деп, бір оңашада Жалаңтөс сыр ашып күлген-ді. — Сондықтан ақылдылар да күшке бағынады». Б.Нұрж.
