Сырын ішіне бүккен д.м. ~ Әй, осы ит асау ғой, деймін,— деді жүгендеуге келе жатып Әбіш. — Асау болсашыңғырар еді, бұл сыр десте жылқы, тезірек жүгендеңіз,— деді Сатан. І.Жанс. Ой-толғаулар топтамасы д.м. ~ 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. БАҚ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫПА БАСЫ
Жалғыз өзі, қара басы. * «Мен де түйе балуанға бір атты атадым» дейтін бәсекешіл ағайындар, оның үстіне Солтан байдың атан бастатқан бір тоғызы бар дегендей, қалмақ елінен әзірге салт атпен сыпа басы ғана келген Барат біраз мал жинап алған. К.Сег.
СЫР ЖАРДЫ
Құпиясын айтты, жүрек құпиясын бөлісті. * Осылайша, бәлкім шамалы басқаша, өз тілінде бипаздатып-мипаздатып айтып келді де, сөзінің соңында: – Исаханның әйелі сүйекті итке тастамай, құрдым суға тастайтын бопты ғой! – деп екіұшты сыр жарды. Т.Әл. * Сол кеште Шәріп әйеліне сыр жарды. Бикен де сыбырлап: – Қайдам, айналдырып көрейін: Тек Бимендеден сақ болайық! – деп ішкі қаупін аңғартып өтті. Т.Әл.
СЫПСЫҢ ҚАҚТЫ
Сумаңдап, жылмаңдап қозғалды, жылпостанып әрекет етті. ~ Мәлішін қағып-сілкіп жайып жатса, Көзінеелес еткен түсті жарық. Жалт етіп жарқ еткенге қарай қалса, Барады сұлу қатын сыпсың қағып. Қасаптың ләпкесінен ағып өтіп, Келеді дүкеншіге қайта оралып. Сұлудың сылаңдаған сымбатына Аузынан сілекейі кетті тамып. ҚАӘ. "Ғаяп қатын". ~ Мұндайда бұта, бүргеннің арасынан сыпсың қағып жорғалаған кекіліктің дауысына ілесіп сайрайтынбыз келіп. Ж.Сәм. ~ Жабырқау сезім шалығы домбыра сағағында емеуріндеп сыпсың қағады. Ғ.Біл. Сампылдап өсек айтысты. ~ Сыпсың қаға абысындар сыр тартып, азулысы сүйкеп өтіп, бір қарпып,орнатыпты отауына жесірдің басынғандай жары жоқ деп тың тәртіп. Г.Сейт. ~ Дана болсаң, ойбай, онда сабалық, Абайды да орға жыққан даналық. Бұл бір енді таптырмайтын жаңалық, Балағың мен жағаңыздан алалық. Өсек пенен өлшеп-пішіп таңалық, Өрден ойға сыпсың қағып шабалық. Тырнақ асты бір кір іздеп табалық, Көк желкеңнен, ту сыртыңнан қадалып. Теспей сорып қаныңыздан алалық. С.Ад.
СЫР ЖАРМАДЫ
Тіс жармады, сыр бермеді. * Шаңырақтың діңгегіндей сүйеу сыңар, Жылқының тарпаңындай күйеу шұбар. Қалыңдық сыр жармайды сыртқа тебер, Дауылдан солқылдамас бейне шынар. Т.Әл. ~ Осындай ниетпен Елеусіз жонға келісімен-ақ Гүлнаш апайды тілге ала бастады. Бірақ Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр жармады. Тіршілік талқысына көп түскен адамның аузына берік келетінін істеген. Т.Әл. ~ Елеусіздің аңғаруынша, Шынардың мынау сұмдық, суық хабарын Қараштың да құлағы шалған сияқты еді. Бірақ ол сыр жармай, сазарып тұра берді. Т.Әл. ~ Шәйкүл қожайынына қарады. Қожайыны сыр жармай, сызданып отыра берді. Т.Әл.
СЫПСЫҢ СӨЗ (ӨСЕК)
Желдей ескен өсек әңгіме, жалған сөз. ~ Бейсембі. Елдің бәріне де сыпсың сөз кірген көрінеді (Қымыз келеді.) Жәркенің жігіттері: «Елді алдық», деп, есіріп жүр. Қанша сенің бауың берік болатынын кім біледі? Біз әлі қозғалғанымыз жоқ. Жаңа ғана жан айласын қылып, қыбырлай бастағанымыз осы. М.Әу. ~ Сенің адыра қалған уәдеңнің күйігі шығар, күйеуінен жыпылдаған ауыздардың сыпсың сөздері құлағына жеткен сәттен күн сайын көрген тепкісі бар, бәрі қосылды. Н.Дәу. ~ «Ұрылар ақжауын басталмай тұрып өтіп алған-ау!» деп болжамдады Мұса. Уақыт ұзатпай ұрылардың ізіне түскен бұл жатқа сыпсың сөз таратпай, жұлдызбен жусап келеді. А.Алт. ~ Ақиқатты тыққыштамай ашық айтқан жерде, сыпсың сөз, өсек- аяң да жайына қалады екен ғой. Қ.Жұм. ~ Бала кезінде, Таңжарық ақын мен Ақтоты жайлы ауыл әйелдерінің сыпсың өсегіне құлағының иі қанған. Т.Рыс. ~ Осыдан он жыл бұрын сыпсың өсек сыңар езулеп жүріп, Ақтоты ұзатылып кеткен соң, от орнындағы қоламтадай, бір- екі жыл қоздап жатып сөнген. Т.Пыс.
СЫР ЖАТЫР
Сөздің астарында, әлдебір істің, әрекеттің негізінде, түбінде маңызды мәселе жасырулы д.м. * Бас прорабтың осынша шәт- шәлекейі шығып шаптығуында үлкен сыр жатыр; осынау «алып құрылыстың негізгі сүйегін екінші тоқсанда толық құрастырып біттік, аяқтадық» деп жоғары жаққа, Құрылыс министрлігіне «рапорт» өткізуге тиіс. Д.Дос. * Бірақ, оның ар жағында басқа сыр жатыр еді, ол -үйге бір еркектің келуі және оны Сәргелге ешкімнің айтпай, жасырын сақтауы. Д.Ис. * Құртақандай қоңызда, тани білген кісіге, талай терең сыр жатыр. — деді Есімхан желпіне түсіп. — Ол дегеніңіз ғылыми атақ, машина, бедел. Ө.Ахм. * Бірақ «Мойныңа бұғау онсыз да түсейін деп тұрғанда…» деген сөзінде бір үлкен сыр жатыр-ау. Бұл сөзімен нені айтпақ? І.Ес. * Исатай хатты Гүлжаннан алып, қайта оқып шықты. — Менің білуімше, осы хаттың астарында таудай сыр жатыр,- деді екпіндеп. С.Ом.
СЫНЫҚ ИНЕ, ТҰТАМ ЖІП
Титтей нәрсе д.м. ~ Күлмира бұл үйдің сынық ине, тұтам жібін сетінеткен емес. Д.Әб.
СЫНЫН ЖОҒАЛТПАДЫ
Көркін, мәнін, денін сақтап қалды. ~ Шіркін, әйел заты осы Хансұлудай болмай ма екен?! Әлі сол қыз кезіндегі сәнін, сынын жоғалтпаған. С.Ел. ~ Жо-жоқ, мыңдаған жыл сынын жоғалтпаған даналықтың бір мезгілде құнсыздануы мүмкін емес. АҚ "Таразы өмір". ~ Әйткенмен, бет бұрған бағытынан айнымай тарта берді. Бір-біріне деген сыйлы көңілдің сынын жоғалтпауды қалағанынан сөйтті. Т.Әлж.
СЫНЫҚ КӨҢІЛ
Жабырқау, уайымшыл. ~ Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң. Көңілге түрлі ой түсер, Әр тереңге нұсқасаң. Абай. ~ Бірақ менен кінә жоқ деп, өзімді өзім жұбаттым. Жағдай, тұрмыс, ең бастысы — сынық көңіл аяғымды тұсап, артықша мүмкіндік қалдырмағаны рас. М.Мағ. * «Осынікі де жөн-ау», – деді ішінен. Бұдан соң ол аптыққан, әлденеге қысастанып, орынсыз шаптыға берген сынық көңілін сап-сап басып, ақылға жеңдірген. О.Бөк. * Атағына дақ түсіп, сынық көңіл болып, кеуделі ауылдың әлпештеулі бойжеткені — ол отыр. Керімбектің жаңағы сөзін үндемей құп алған Абдолла бүгін өзге топ тағы бір талай әңгіменің басын шалса да сөйлемей қалды. Ж.Ахм.
