Posted in

СУЫҚ ЖҮРІС, СУМАҢ ҚЫЛЫҚ

Жеңіл жүріске, нәпсіқұмарлыққа бейім мінез хақында. * «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстаным бойыншаш суық жүріс, сумаң қылыққа тиым салынады. БАҚ.

Posted in

СУҚАНЫН ҮЙІРДІ (ҰШЫРДЫ)

Зәресі кетті, қатты үрейленді. ~ Суқаныңды үйіріп неден шошып тұрсың? Осы тобан аяқ қарабайырымды қайсыбір арғымағыңа айырбастамаймын тегінде. Ә.Асқ. ~ Әй, өзің де… дәңгірлеп! Ел құлағы елу, «сыра ішейігің» бас редактордың құлағына «арақ ішейік» деп жетпей ме. Сен сияқты ерігіп жүрген жоқпыз, қызметтеміз. Суқанымды ұшырдың, пәлекет…— деп, өз сөзінен өзі табаны тайып, тиянақсыз бітірді. М.Қаб.

Posted in

СУЫҚ ЖҮРІСТІ АДАМ

Күмәнді іспен айналысатын, қылмысқа бейім адам. * «Ел құлағы — елу» ғой, суық жүрісті адам білінбей не тұрсын? Сұрастырып, қағып, келгенде, осының бәрін қылып жүрген Мұқаш екені кешікпей-ақ ашылды. Ж.Айм. * – Басқасы «үгітшілердің қосымша міндеті» деп аталады. Куәлік – жолхатсыз қонақтарды, көбірек қыдыратын «суық жүрісті» адамдарды байқай жүріп, пайзысоларға ұстасып беру керек. – Тыңшылық деші! Қ.Шабд. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Әлгі суық жүрісті кісі бұған қарсы жүрді. Екеуі бетпе-бет келді. Күренді неге мінесің деп салғаннан соқтығатын шығар деп ойлаған. Беті қалыңдау еді, сонысына баққан ол суық сазарды. Ө.Кәр. * Қызыл келіншектің үйіне Тіндәй өңдес, бірақ, одан үлкендеу бір жігіт лыпылдап келіп кірді, қақпадан кірерде жанжағына қарағыштап қоюынан, оның да суық жүрісті екенін сезгендей болып, үйдің төбесінен түсе жүгірдім… Қ.Шабд.

Posted in

СУЛЫ ЖЕРДЕ АСЫП, СУСЫЗ ЖЕРДЕ ҚУЫРЫП ЖЕДІ

Ойына келгенін істеп, қорлады, ұрып-соқты, қинады. ~ Баласының бұзықтық істеріне бұл жауапты емес. Бұзық баласы қолға түссе, «сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесеңдер де» мен іштеріңдемін. Шешесіне, қатын-баласына тигізбеймін!.. С.Мұқ. ~ … мен ойлаймын: мейлі, құмырсқа теріп жеп жүр, мейлі бір көзіңнен қан, бір көзіңнен жас ағып, теперіш көр, мейлі сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесін – ата қазған жерошақты басқа жұрттың мәңгі сөнбес отына айырбастама… О.Бөк. * Бұл қыз менің боданым. Көзімді беріп алған құныкер қызым. Сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесем де қолымнан қақпаймын деген әкесі. О.Бөк. * Ертең екі қызымды алып, қаладағы төркініме аттанайын. Далаға тастамас. Ал, мынау шалды сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесеңдер де өздерің біліңдер. О.Бөк.

Posted in

СУЫҚ ІЗ

Күдікті жақ ж.м. ~ Осыдан екі жыл бұрынғы бұл сайланатын жалпы жиналыста арғы беттің Тоғамыс бастаған тобы арқилы сылтау айтып, мынауың басқарма бола алса нетті деп өңештеп–ақ еді. Суық із сол жақтан тартпаса игі… М.Қан.

Posted in

СУЛЫҚҚА ЖАРАМАЙДЫ

Түкке жарамайды, еш құны жоқ. * Ол ыза болды, оның ызасына біздің бұрқылдағымыз сулыққа жарамайтынын білгендіктен, жайылған аузымды дереу жиып алдым. М.Қаб. ~ Кейде қулық та сулыққа жарамайды. С.Шай.

Posted in

СУЫҚ КӨЗБЕН (АТА) ҚАРАДЫ

Жақтырмады, ұнатпаған кейіппен қястана қарады. ~ Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Абай. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. С.Жүн. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. М.Әу. ~ Апам суық көзімен ата қарады. Ағаттау айтып қалғанымды сезіп жерге кіріп кете жаздадым. Б.Тоғ.

Posted in

СУМАҢ ЕТТІ

Жылмаңдап, шыға келді. ~ Толқындардың нән жотасын құшып тұрған өңгеріп, Құзар орға жеңіл қайық сумаң етіп келді еніп: Шомбал-шомбал дуалдарды шойын дедім, мен көріп. М.Мақ. ~ Күнәсіз сәбидің өліміне қандай күдік– күмән жүруі мүмкін. Еріксіз Әйбәттің тағдыры сумаң ете қалады. Нұрғанымның еркіндігі де сондай бір «қылғаныңа – қылдымның» қысастығы болып жүрмесін. Т.Жұрт. ~ Ержан: — Әй, Тәшеник, танып ал, әне, қоңырың…— дей беріп еді, табын арасынан көк сиырдың тұмсығы сумаң етіп көрінді. М.Қаб. ~ Ой, мынау не? Шөптің жоғарғы жапырақтарының, сабақтарының арасынан сумаң-сумаң етіп, әлдене көрінді. Б.Ыб.

Posted in

СУЫҚ КӨЗҚАРАС (КӨЗ)

Ұнатпай қарап, салқын сыңай таныту туралы. ~ Кәдірқұл мына жағдайдан оңай құтылғанына іштей қуанса да шығып бар жатқанда Тоқаштың суық көзқарасынан шошып қалды. Б.Тоғ. ~ … кентаврдың көзілдірік астынан зәрені ұшырып, мұздай қарып қарайтын суық көзқарасы, үңгір ішіндегі қиямет-қайым, Жамалдың түймеленбей қалған тартпа бауы дейсің бе, бәр- бәрі көз алдымнан кезекпен шапқылап-өтіп, лықсып келген наза тамағыма тас боп тығылды. М.Қаб. ~ Сусылдаған қызылкүрең шашы желп-желп етіп қабағы түксиіп, шүй-лігіп қарағанда сұп-суық көздері адамның өңменінен өтеді. Б.Соқ.

Posted in

СУМАҢ ҚАҚТЫ

Жылмақайланып, лыпылдап әрекет етті.~ Жағаңдағы сұлу тал, Саясының шөбі бал, Ерекше семіз ішкен мал. Сумаң қағып сүйріктей, Шалқып шапқан жүйріктей Екіге бөліп ерке су Қас пенен көздің арасын! Дулат Баб. ~ Салт атпенен сумаң қағып, Жүрсе қырда жалғыз қаңғып, Мынау тасқа тартып атын, Тежелетін қайыс тізгін… І.Жанс. ~ Шәкенің ақ сұр бедеуі тізгін ұшымен сумаң қағып, лыпылдап, алға түсе берді. М.Әу. ~ …биік жарқабақ астындағы шүңет көкиірім адам тұлғасын бір толғап қана жұтып әкеткесін, сергіп, көңілденіп, билеп ала жөнелгендей шырқ үйрілді. Аждаһадай сусылдап, шиыршықтала сумаң қақты. Ғ.Біл.