Posted in

СУДАЙ ШАШТЫ

Аямай төкті, рәсуа қылды. ~ Адам баласының ғасырлар бойы тырнақтап жасаған қазынасы мен қорын қурайдай өртеп, судай шашып, құтырынып алған. Ғ.Мүс. ~ Баспа ісімен айналысқанымен, соғыста жүйкесі жұқарған, операция жасауға қабілетсіз болып қалған інісі ішкілікке салынып, тапқан-таянғанын судай шашады. Сэлиндж. ~ Анау… – Әбжал ауа жетпей алқым түймесін ағытқан, – айдалып кетті ме? – Айдалады. Иттің баласы, қанын судай шашсам да, жанына ілесіп барған контрларды айтпай қойды. Бәлкім, сен білерсің? Н.Дәу.

Posted in

СУ ТҮБІНЕ ЖІБЕРДІ

Түп-тамырымен құртты, түбіне жетті. * Малдыбай айыбын мойындағандай, төмен қарап үндемей қалды. Оның мына түрін көріп, Бәйтен сәл–пәл есін жиғандай болды. ─ Осынша су түбіне жіберетіндей, сізге не жазығы болып еді? – деді даусы тарғылданып. – Адамдық қасиеттен осынша жұрдай болып, не құдай ұрды сізді?! Т.Әбд. * Алдағы топтың қайда түнеп, қалай қарай жүретінін күні бұрын біліп отырады. Өздері де Кенесарыға сондай өшіккен екен. Кешегі жолдастарын бүгін су түбіне жіберуге бар… І.Ес. * Мұрттай ұшырады. Жабыла талайды, жабыла қуады. Жаппай іске алғысыз қылады. Жоғарыдан теке көз едірейсе, қитар көз шадыраяды. Пәлен көз су түбіне жібереді. Төлен көзі "онымен бізді салыстырма деп" шыға келеді. С.Смат. * Құдайдай табындырды түгел елді, Ұнатты құлдық ұрып сүмеңдеуді. Кемшілігін айтқанды кешірместен, Келместей су түбіне жібереді. "Кенжекейдің кешірмелері".

Posted in

СУ ТҮБІНЕ КЕТТІ

Біржола құрыды, із-түзсіз жоғалды. * Су түбіне кетіп бара ма, әлде адам көрмеген бір бақытқа кездесе ме, бұл — Злихаға қараңғы еді… Ендеше, үйін, байын, ішінен шыққан баласын тастап, елеске еріп несі бар еді?.. М.Мақ. * — Бектемірдің әкесін білетін, сыйлайтын азаматтар көп. Соларға арқа сүйесе, Мақан, сен су түбіне кеттім дей бер. Онда менің де шамам келмейді. С.См. * Осы уақытқа дейін бір сәт тыным таппағаны, әрекеттен қол үзсе-ақ, су түбіне кетердей ма¬засы қашып, дегбірі тозғаны да содан екенін сезеді… Оған қылар қайраны тағы жоқ… Т.Шап. ~ Жүрегін қобалжытқан қауіп-қатерден арыла алмай жүні жығылып жүдей қалған Күреңбай: − Қолға түсіп қалсам, су түбіне кетем ғой, — деді. С.Ом.

Posted in

СУДА ЖҮЗГЕН БАЛЫҚТАЙ

Әлдебір істі емін-еркін, қысылып-қымтырылмай, еш қиындықсыз, армансыз өқмарта істеу туралы. * Тіпті аудиторияда тұрғанын, қарсы алдында отырғандардың көбі шауып шыққанда шала шәкірт қана екенін ұмытып, өзінің үзеңгі достарымен оңаша әңгімелескендей шешіле сөйлеп кетеді. Еркін, емін-еркін, суда жүзген балықтай… З.Қаб.

Posted in

СУ ЖЫЛАНДАЙ СУМАҢДАДЫ

Жылмаң қақты, жылпостанып, сумаң қағып, сұғанақтанды. ~ «Сегіз аяқ», оқыған сайын, бірде шоқ басып алғандай шошындырып, от жалап алғандай күйдіріп, енді бірде мың-мың су жыландай сумаңдаған суық жел қойын-қоншыңды түгел аралағандай тұла бойыңды түршіктіріп бара жатады. Т.Мед. ~ Есіктен кіре еңкейіп, тоңқаңдап төрге шыққан соң, кеудесін керетін қытайдың бақай қулығы есіне түсті Қанаттың. Әйтеуір, мынау су жыландай сумаңдап, жылпың аттай желіп алдына түскеніне айран-асыр. Т.Рыс. ~ Айнала дүниенің барлығын ақ қанатты ақ сайтан арбап жүргендей. Ақ перідей зырлай ұшқан жентек қар мойын, қойын, жағаның қуысына су жыландай сумаңдай кірді. П,Дүйс. * Қытайдың он жылға созылған мәдениет төңкерісі тұсында жұрт алдында сылаң қағып, су жыландай сумаңдаған ерке тоқал, ұлы көсемнің өзін де қолға қондырып алған. Т.Рыс.

Posted in

СУДАЙ (СУ) ЖАҢА

Жап-жаңа киім, бұйым; жаңалық, сөз т.т. * Алдабергенов судай жаңа костюм шалбарын, тағы басқа жаңа құсқысын киіп, үлкен жолға, Көксуға қарай кететін қара жолға шықты. С.Бақб. * Аса сезімталдықпен туындаған су жаңа сөзі қоғамдық байланыстағы жаңалыққа, жаңа хабарға, жаңа сөзге, жаңа бұйымға жаңа мәртебесін беруге, оның жаңа екенін анықтай түсуге, сендіре түсуге, су ағысы табиғатының үздіксіз лыпыл қағып жаңарып тұратын табиғи қасиетінен «су жаңа» сөзін жасаған. Ж.Баб. * Бір кезде шымылдықтың ар жағынан: — Өзің өңкей бір… Сойған түлкідей ыржалақтап күле бергеннен не шығады. Одан да ана су жаңа жігітке кезек берсеңдерші, — деген дауыс шықты. Қ.Найм.

Posted in

СУ ЖЫЛАНДАЙ СУЫРЫЛДЫ (СҮЙРЕҢДЕДІ)

Сусылдап, жылп-жылп етіп, сумаңдап, алға жылжыды. ~ Ердің үстіне нығыз, маңғазсып отырды да, Қымбаттың әкесінің жәпірейген жер үйі жаққа жалтақ- жалтақ қарап қойып, таңғы ұйқыдан мажаураған шағын қалашықтан, бурыл атты тайпалта жорғалатып, су жыландай суырыла шығып ұзап бара жатты. Т.Рыск. ~ Қара дәу ыстаулығынан пішен шабуға аттанған күннің ертеңінде, Көпжасар көз шырымын алды да, ақ некелі әйелінің төсегінен су жыландай суырылып шыққан. Т.Рыс. ~ Сұмдық-ай, бүйте берсе ұрғашы атаулы құтырған иттей көзі қанталап иесінен безер болар, қыз-қырқын әзәзілдік жолға түсер болар» деген алып-қашпа сөз су жыландай сүйреңдеді. С.Жүн.

Posted in

СУДАЙ АҒЫЛДЫ

Толассыз, үсті-үстіне келіп жатты. ~ Бұл кездері баяғы теңмін деп құмартып, құлқынын құртып жүретін замандастарынан жоғары секілді телміріп жазған өлеңдер, хаттар судай ағылып келсе де, кейбіреулерін жауапсыз жыртып, кейбіреулерін өзінің шешендігімен жебедей жерге енгізіп, енді қайтып бас көтеруге жаратпай тастай беруші еді. С.Тор. ~ Тұтанып өршуге бет алып тұрған араздық ал енді дауламасы бар ма? Дүрілдеген өсектер, гүрілдеген өсектер судай ағылды. Әй, не сұрайсың?.. С.Тор.

Posted in

СУ ІШКІЛІГІ (ІШЕРЛІГІ) БАР

Әлі көрер күні бар, жарық дүниеден татар дәм-тұзы әлі таусылмаған д.м. * Жағым қарысып, тыныс алуым қиындап, енді болмаса өлуге шақ қалғанда, суішкілігім бар екен, бір бұраңбел бикеш патша жаяу баратын жайға асығыс кіріп кетіп еді, атып шығып: — Бізді бітеу дей ме! — деп, кеңірдегіме кептелген рулонды жұлып алғаны тәңір жарылқағыр. Т.Сәу. ~ Бәрімізге бірдей келген зауал ғой бұл. Су ішкілігіміз бар екен. Қайта жанымыз қалды. Қыршын жасы жазықсыз қиылғандар да баршылық. Т.Рыск. ~ Сейітханның су ішерлігі бар екен. Моңғолға аман асып кетті. Бірақ артында қалған бала-шағасы не болды. Торғайдай тозды. Көрмегенді көрді. Ж.Шәк.