Posted in

СӨЗГЕ ЖЫҚТЫ

Сөзбен жеңіп, ыңғайына көндірді. ~ — Торғай да бұтаны қорғалайды. Сенің еліңе келіп елді ғой, қорғамайсың ба?-деп жеңіпті. Сөйтіп, Найман елін сөзге жығып, қайтыс болған адамның жарты құнын өндіріпті. Р.Кар.

Posted in

СӨЗ ПАРҚЫН БІЛЕДІ (ТҮСІНЕДІ)

Сөз түсінеді. ~ Сағат өтпей жатып жаңалығының құны екі есеге кеміді. Ал прораб сөз парқын білетін жан. М.Қаб. ~ — Түу, түу, Құспан! Сөздің парқын білмейтін надан екенсің! С.См. ~ Сөз парқын түсіне білетін Сәлима күрсініп алды да: ─ Ана, Әспет дегенің кім? ─ деп сұрады. С.Шай. ~ Сөз парқын түсінетін Асқарбай осы бір хабар мына тұрған ана үшін, мынау жатқан дала үшін қандай қымбат екенін бар жүрегімен жаңа ұққандай болды. К.Қаз.

Posted in

СӨЗ ТОЛҒАУЫ

Сөйлеу мәнері. ~ Мына жана тағайындалған еңбек комиссарының сөз толғауынан, өз жауаптылығын тереңдей түсініп, жаңа жұмыс тәртібін ретке қоюға шүйілгенің сезінді. С.Бег. ~ Жүріс-тұрыс сөз толғауына қарағанда бірбеткей аңқылдаған жігіт тәрізді. С.Бег.

Posted in

СӨЗГЕ КЕЛДІ

1.Тілі икемге келді; әрең сөйледі. ~ Его плакоротие бұл кезде үйде отырушы ма еді, жоқ, кеңсесінен табасыңдар, бірақ кіре алсаңдар, – деп сөзге келді. С.Жүн. ~ Ерні әрең қимылдап, Әбутәліп сөзге келді: – Кешіріңіз, жеңіл киіммен шығып кетіппін. Үйге жеттім, енді жылынамын ғой. Ш.Айт. ~ Оттама, әй, сен оттама, – Досмағанбет бар күшін жинап әзер сөзге келді. – Ақтамақтан аулақ, пәлекет. Н.Дәу. 2.Дау шығарды, тілдесті, бір-біріне ауыр сөздер айтты. ~ Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ РЕҢІ БҰЗЫЛДЫ

Сөз сұйыла бастады, көркін жоғалтты д.м. ~ Сөз реңі бұзыла бастағанын сезген Әли астындағы ақтабанына сеніп сырғыта жөнелейін десе, тұғырда отырған бүркітімен кең көсілтіп кете алмайды. Б.Тоғ. ~ Бұзылып кетпесін де сөз реңі, Сөз қуған бір бәлеге кезігеді. Кешегі ақын-жыршы, серілердің Сезімі сере қарыс семіз еді. Д.Қап.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІ

Негізгі ойы, айтпағы. * — Ыраштай… Әлгінің сөз төркінін көрдің бе? « Ісегін дейді ғой. Анау кескен томардай аяғымен тақымына басып алмақ. Нағыз ер… М.Сүн. * Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес. І.Ес. * Ұзын составтың бас жағындағы бір вагоннан ақырын әнгімелескен кісілердің күбір-күбір даусы естілген соң, Дьяков ішке басын сұқты. Сөз төркініне қарап мұндағы қазақ жігіттері екенін білді. Ә.Нұрп. * Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Дос.

Posted in

СӨЗ САЛДЫ

1.Қызға, әйел балаға көңілін білдіріп, қолқа салды. ~ Қаламқас деген қыз болды, Көлей соған ынтығып, Сөз салды мен арқылы… Қыз — әйелдің сұлуы, Ішті өртейді күлуі. Мырзамызды ұнатпай, Қиын болды көнуі… Б.Майл. * Соны Жанқожаның үйінің дәл қасынан тауыпты да, алдымен сол қарындасы арқылы сол қызға сөз салыпты. Қ.Шабд. ~ Жасы отыздан жаңа асқан, ұзын бойлы, жар қабақ, өткір қоңыр көзді, аққұба жігіт күндердің күнінде сөз салса бұл не демек? Б.Тоғ. ~ Тоты өзіне сөз салғандардың ешқайсының тілегін мақұлдамады. Ү.Жәл. ~ Егер Мырзагүл мұның сөз салғанын жақтырмайтын болса, онда неге бірден тура айтпайды? Ш.Айт. 2. Ойын жеткізді, бұйымтайын айтты. ~ Жігіт мұңын үн қатпай, сыр бермей тыңдаған Абылғазы, Оралбай әңгімесінің аяғында азғана сөз салды. М.Әу. ~ Ел ел болсын дегендер, Елдің қамын жегендер Біріне бірі сөз салды. Аулақ үйге жиылды, Ортаға үстел қойылды, Дереу мәжіліс басталды. М.Жұм. ~ Ол үшін ел ұлтаны боп саналатын төрт Шөменнің бұрын аты шыққан игі жақсыларына сөз салу қажет. Б.Алд.

Posted in

СӨЗ ТӨРКІНІН АҢҒАРДЫ

Әңгіменің аңысын аңдады; астарлы ойды ұғынды, сөйлеушінің жұмбақтап не айтқысы келіп отырғанын сезді. * ─ Мен де майданның от пен суын кешкен офицермін, — Сейілбек сөзінің бір шетін әлгі суретке тіреді. Харитон оның сөз төркінін бірден аңғарса да тіс жарып үн қатқан жоқ. С.Ом.

Posted in

СӨЗ САЛМАҒЫ

Сөздің мән-мағынасы, құдырет-күші, мазмұны. * «Жарылғанды жау жейді, бөлінгенді бөрі жейді», елден кетіп, жерден кеткендегі жұмақтарыңыз осы ма? – деп, сөз салмағын үлкендерге бұрды. Ж.Шәк. ~ Тартатыным сонан ғой азап-зарын, аяймын да, мен сені шын сүйемін. Сөз салмағын жоғалтса өңшең залым сонан тағы сырқырар сай-сүйегім. А.Ахм. ~ Сөз жансыздана бастады. Жансыз сөз – тұл болып, жауыр сөз бен қысыр әңгіменің заманы туды. Сөздің салмағы түсіп, қадірі кете бастады. Егер бұрын сөзге тоқтау деген болса, қазір ол да жоқ. Сәйкесінше сөзді еститін құлақ та қалмай барады. Ж.Қуан.

Posted in

СӨЗ ТҮЙІНІ

Айтылған сөздің қысқа мазмұны, мән-мағынасы. ~ Сөз түйіні менің оңтайыма шешілсе екен деп сыпайысығаным емес. Риясыз пейілі деп қабылдаңыздар. К.Сег. ~ Мына түннің мән-маңызын ұқтырып тынған сәтте алыстағы күй үні, шықты біреу: «бүгінгі сөз түйіні – ашық,– деді ол, көлеңкелер жиыны». Ж.Нәж.