Айтар сөзін, сөз өнерін пайда көзіне айналдырды. * Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақгаған, Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған. Толтырып сүйек-саяқ дорбасына Бір қора қайыршылар жүр қаптаған. І.Жанс. * Ол менің тұңғыш қаламақым болатын. Сөз сатып тапқан ақшаға тұңғыш ауыздануым. Б.Соқп. * Рас, Байсұлтан бұл жасына дейін біреуге сөз сатып, сөз бұлдатып көрмеген жан еді, амалың таусылса ондай кіріптарлыққа да баруға мәжбүр болады екенсің… Ә.Асқ. ~ . Бұрын Әбдірасылда, өзі ашық мойындамаса да, ақын- жазушыларды белгілі мамандығы жоқ, сөз сатып, тіл безеген біреулер ретінде көретін бір астамшылық болушы еді. Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗ ШАЛЫМЫ КЕҢ
Мән-мағынасы терең сөз хақында. ~ Бұл еңбегін ол өмір бойы жазған. Әр жолы, әр сөзі жүрегінен шығып, ақыл арнасынан туғандықтан, бұл қолжазбасы оған өте қымбат еді. Егер әр сөз шалымы кең осы жазғандарым кітап болып шықса, дүниедегі бір арманымның орындалғаны деп ойлаймын. І.Ес.
СӨЗ САУДАЛАСТЫ
Дауласты, сөз жарыстырды. ~ Олар өстіп сөз саудаласып тұрғанда, үйден Шәйі шықты. — Әкем бәріңді үйге кірсін деп жатыр. Арыздасқалы жатқаны ма деп, Тазабек шошып кетті. Б.Нұрж.
СӨЗ ШЫҒЫНДАМАДЫ
Босқа сөйлеген жоқ; айттың не, айтпадың не дегендей тіс жарған жоқ. ~ Тірі Тілеудің сөз шығындамаса да, оқта- текте бір мырс етіп осқырынып қоятыны болушы еді. Мына төмпекте о да жоқ. Ең болмаса бір топырағы бүлк етпейді. Ә.Кек. ~ Салтанат өзінен көп кіші қызға ала көзімен ата қарады. Тіл қатып‚ сөз шығындамады. Қ.Түм. ~ «Қап, мынаның ызасын- ай, ә?! Мыналарға ақыл айтып, сөз шығындап отырған мен де ақымақ екенмін, — деп ойлады Демежан зығырданы қайнап. Қ.Жұм. ~ Бірақ, болар тойдың тамашасына елтіп, қызығы тамсандырған бойжеткендер бұндайда ауыл-үйдің телі- тентектеріне текке мінез көрсетіп, босқа сөз шығындамайды. Ү.Жәл. ~ Онсыз да көп емеспіз ғой. Шүкір‚ бұрынғыдай емес‚ қалада қазақ баласы көбейіп қалыпты. Солар көбейе түсу үшін әр үйдің іші балаға толмай бола ма? Айтып сөз шығындамай- ақ қояйын. Қ.Түм. ~ Жарқын күрсінді: «Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді» деуші еді, сол рас шығар. Енді бұған бірдеңе айтып, сөз шығындаудың қажеті жоқ сияқты. Қ.Жұм.
СӨЗ САУДАСЫ
Тіл безесіп, тәжікелесіп, айтысып-тартысу. ~ Сыйды сатып бергенді мен де көрген емеспін. Қане, сөз саудасы осымен бітті, ат арбаны қашан қай, жерден алатыныңды айт. Ә.Әб. ~ -Жә, қойыңдар! Екеуің сөз саудасын бастадыңдар ғой?! Жақан, ей, жүр, ары қарай кеттік, болды! Ғ.Қаб.
СӨЗ ШЫҚТЫ
Сыбыс шықты, өсек гуледі. * Сонымен Қартқожа үйіне қайтқан. Үйге қайтпасқа болмайды. Қартқожаның жасы кінегеде 19- да деген сөз шықты. Ж.Айм. * Керімбек сияқты үкіметке ішін бермейтін, тоңмойын адамдардың аузынан қай жерде, қай уақытта, кімдердің көзінше, қандай сөз шықты? Соны бақылап, біліп қойын дәптерге түртіп жүресің деп үміткер болғаны бар. М.Әу. * Осы оқиғадан ауыл арасында келеңсіздеу сөз шығады. Д.Дос.
СӨЗ САУДЫ
Тіл мен жағына сүйеніп күн көрді. ~ Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған адамды бір бала жетелеп келді. Келе-ақ домбырасына қосыла сарнады сол адам: «… Сұрасаң руымды Қояныштағай Ішінде Қояныштағай Дәулет-Таңай. Белгілі Қақбан ақын мен боламын, Саумысың Махамбетше жарқыным-ай. Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан Тәңірім әр несіптен оны қаққан. Ғ.Мұст. ~ Даласы кеңнің – пейілі кең, дастарқаны кеңнің – несібесі егіз деп; өзге жұрт ой бақса – бұл қой бағып, өзге ел есігіне құлып салса – бұл жіппен байлап, көңілдің көркін ойлап, домбырасын күйлеп, сөз сауып алшаң басып жүре беріпті ғой! Д.Дос.
СӨЗБЕН ШЫМШЫДЫ
Кекетіп-мұқатты, мысқылдады. ~ Егер мәслихаттың бас кезінде Махамбет алдындағы отырған кісіні тек патша чиновнигі деп біліп, әдептен аспаса, енді сұхбаттасы сөзбен шымшып алғанда, өзінің әдеттегі үйреншікті қалпына түсті. Ә.Әл. ~ Бірақ оның есесіне, Матен– амбының анда– санда осылай келіп, тышқанды домалатып ойнаған мысықтай, сөзбен шымшып, тәлкек ететіні бар. Қ.Жұм. ~ Енді, міне, кластағы он үш оқушының ішіндегі пионерге өте алмай, салпақтап жүрген жалғыз осы Молдабек. «Молдабек пионер болып қайтсін, бірден комсомолға өтеді» деп класында сөзбен шымшып жүргендер де бар. Т.Нұрм.
СӨЗ СЕМСЕРІ
Уытты, өткір сөз. ~ Лапылдаған осы мен өрттімін бе, Арыстандай ыңыранған дерттімін бе? Шыға келер майданға ат ойнатып, Сөз семсерін суырған серттімін бе? Неге менен кей адам қаймығады, Жау көргендей жүрегі шайлығады? Т.Әл. ~ Осы киімдері тәнімен бірге жанын да түлетіп жібергендей Мәдидің әнімен өзі де шалқып келеді. Ішінен Текеш пен Текежанға сілтейтін сөз семсерін де сайлап келеді. Ә.Әб.
СӨЗБҰЙДАҒА САЛДЫ
Мәселенің шешімін, нақты жауабын түрлі себептер айтып, кейінге қалдыра берді. ~ Шыбындағандардың шыжбың сөзіне мәз болып, батпан құйрығының салмағын көтере алмай бебеулеген асыл тақтың сықырын мықтылық, алдыңа келгенге алая қарап, адырая сөйлегенді мығымдық, оның айтқан бір сөзіне түсініп, бір сөзіне түсінбей отырып та қақ-сұқ деп қайырмалап, бірден «жәрекімалла» дей қоймай, сөз бұйдаға салып сілесін қатырып баққанды тапқырлық, кемеңгерлік санайды. Ә.Кек. * Әуелгі жылдары Қожамбет жерінің түгінің ақысы деп азды- көпті төлемін де беріп жүреді де, уақыт өте сөзбұйдаға салып, аяғын сиырқұйымшақтатып жібереді. К.Сег. * Құрдасына Құлтайдың кәдімгідей қарны ашып қалды. Тіпті қатты ренжіді. «Көршім- көршім деп сөзбұйдаға салмай- ақ, бірге өскен досым, не жолдасым десе қайтеді екен… » С.Ас.
