Posted in

СИЫР МІНЕЗ

Кім-көрінгенге соқтыққысы келіп тұратын пәлеқор адам туралы. ~ Ағаттық ісімізді білмедік пе? Көңілін бір нәрседен кірледік пе? Сықылды сиыр мінез жаман елміз, Орданың бір жеріне сүйкендік пе? І.Жанс. ~ Нәресте туылғанда, оның кеудесіне жан кірерде ол қайдан келді… соған байланысты. Егер ол бұрыңғы өлген сиырдың жаны болса, бала сиыр мінезді болады. АҚ "Арпалыспен…"

Posted in

СИҚЫ МЫНАУ (АНАУ)

Түріне қарасаң шошып кетесің д.м. ~ Оқыған десең оқыған. Жақсы-жаманды да айыра білетін сияқты, ал айтып келе жатқан сөзінің сиқы мынау. Қоғам жұмысына белсене қатысатынын қайда қоясың тағы. С.Мұр. ~ Асау айғырмен алысып, алыстан шаршап келгенде алдынан шығайын деп тұрған хабардың сиқы мынау. К.Қаз. ~ Шектес жатқан даласының сиқы мынау. Ол қайбір оңған жер дейсің. Ә.Әб. ~ Алғашқы ағынында көз деген жас парлатады жарықтық» деп отырушы еді. Сол ұшқыр құланың ендігі сиқы мынау. Шөп алып жеуге де әлі келмейді. К.Қаз. ~ Ий, ұқсамасаң – тумағыр сорлы, әкеңнің сиқы анау, содан асып қайда барам дейсің! – деді кейісті болса да менің ендігі тағдырыма көндіккен дауыспен. Т.Сәу. ~ Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Ғ.Қаб.

Posted in

СИЫР СӘСКЕ

Ұлы сәске, күн барынша қызған шақ. ~ … ызаға булыққан екеу сонан түн ортасына дейін, онан таң алдына дейін көткеншектесе-көткеншектесе құм ішінде қалған қойлардан ұзай берсін. Сонан күн шықсын. Сонан сиыр сәске болсын. Хан сәске боп шілде айы шыжғырып күйіп берген-ді. Ә.Нұрп. ~ Дырылдап машина өтті. Астананың тағы бір күні сиыр сәскенің көк түтінімен таласа кіріп еді. Қ.Ысқ. ~ Кербалақтың екшей аяңдаған өнімді жүрісімен біраз жолды ұтып тастаған Қармыс сиыр сәскеде Қояндының қырқасына көтеріледі. Ө.Кәріп.

Posted in

СИҚЫ ШАМАЛЫ (ЖОҚ)

Жетісіп тұрған жоқ. ~ Есіктің де сиқы шамалы, жиегін кенеппен көмкерген құрым киізді іле салыпты. Шаруасының да сиқы шамалы, қоршалмаған тулақтай бақшаның іргесінде асқабақтың жирен-тарғыл топылары бұғып жатыр. Қ.Ысқ.

Posted in

СИЫР СОҚПАҚ

Алысқа апармайтын, шағын, қысқа, үйреншікті жол. ~ Зираттан шыққан сиыр соқпақтың көмескі сорабын қуалап келеді. Бірде желіп, бірде бүлкек аяңмен біраз жерді артқа тастады. Т.Сәу. ~ Шын айтам, көке! Дәу қасқыр, мына қамыстың ішінде. Мен бұзау қарай шыққам. Осы қопаға кірген шығар деп, сиыр соқпақпен тау жағынан сәл ғана бас сұғып қарағам. Бұзауымды паршалап тастапты. Мені көріп, тап берді. С.Сағ. ~ Кенет таспадай сиыр соқпақта лекітіп келе жатқан қосаяқ «Иждің» доңғалақтары көктен кеп ұшты да кетті. С.Сағ.

Posted in

СИҚЫРЛЫ САЗ

Адамды баурап алатын, әсері күшті әуен, ән, ғажайып музыка. ~ Бірде күшейіп, біресе саябырлап, сиқырлы саз бойды ұйытып барады. К.Қаз. ~ Кеудем ылғи әлдеқандай әсем әуен, ғажайып үнге толып жүретін. Жүрегімді сиқырлы саз әлдилейтін. Енді түк те қалған жоқ. Дүние сүреңсіз, тіптен жиренішті. Ж.Шағ.

Posted in

СИЫР СУДАН ЖЕРИДІ, СУ СИЫРДАН ЖЕРИДІ

Әркім үйренген нәрсесін артық санайды д.м. ~ Сиыр малының сондай пул болуына-қарамай, қазақ бұл түлікке менсінбеген, кемсінген көзбен қарап келді. Оған: қылығы оғаш адамды «сиырмысың!» деп сөгуі, «су сиырдан, сиыр судан жериді» деуі, қонаққа сиыр етін асып беруді қорлау деп түсінуі, тағы тағыларды жатқызуға болады. С.Мұқ. ~ Әріп насаттанды: – Е, ол жаужұмыр-ды! Бәзелбек үйіне келгенде Әріптің мінезін еске түсірді «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді!» Т.Әлімқ.

Posted in

СИПАЙ ҚАМШЫЛАДЫ

1. Атқа қамшысын батырмай айдады. * Қаракерді сипай қамшылап, құрық тастам жерде киіктің текесіндей болып алда келеді. Т.Әбд. * Бүгін ертеңгісін құлан иектене атқа қонғаны да сонан. Көк байталын сипай қамшылап келеді. М.Сүн. * Жас жігіттің кеудемсоқ тасырлығын жақтырмай ашулана бұрылып еді, әлгі ақбозын сипай қамшылап ұзап барады екен. С.Смат. 2. Айтар сөзін, дауын, өкпе-назын сыпайы жеткізді. ~ Қанша зығыры қайнаса да, ашу шақырмады. Сыпайы биязылығынан жазбастан сипай қамшылады. Қ.Тол. ~ – Байқа, аш өзегіңе түсіп кетіп, Алматыға жетпей қалып жүрме. – Оның келепейсіз мына кескіні көңіліне сыймағаннан ба, Темір тағы да сипай қамшылап, ескерту жасады. Ә.Ыб.

Posted in

СИЫР ТАҢДАЙ

Ала-бажақ, кедір-бұдыр. ~ Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Т.Әбд.

Posted in

СИПАЙ СӨЙЛЕДІ

Айтар ойын сипақтап жеткізді. ~ ─ Бір жолға кешіруге болады ғой, оқа емес! ─ деп біреу жалпақтай сөйледі. Өмірбектің күткені де осы еді. ─ Алған қаулыны ойыншық деп қарайсың ба? ─ Жо… қ… жо… оқ. ─ Ендеше неге сипай сөйлейсің? С.Шайм.