Әдеміленіп, жасанып, бой түзеді. ~ Барды айтып жатқан сөз емес, әуен мен үн. Көп күміс қоңырау сән түзеп, бір үн сала ма? Әлде нендей ғайып текті ақ қанатты асыл зат көк жүзінде күнге шағылыса ма! М.Әу. ~ Екіншіден, үстімде тоқыған жүн шалбар, жүн шекпеннен басқа лыпа жоқ. Соғыс біткен жылғы керемет таршылықты кім ұмытты дейсің. Бой көтеріп, сән түзейтін жасқа келіп қалғанда, осыдан қиын ештеңе жоқ екен. Т.Әбд. ~ Қос қапталдағы сән түзеген зәулім теректер сөгіле жарылып, көз ілеспес жылдамдықпен қылт-қылт қамшы сілтеп қалып жатыр. Т.Сәу. ~ Үлкендер жағы Ерекеңе сәлем береміз деп сән түзеп, бай үйіне беттеп бара жатса, балалар босағадан сығалап асыр салып, қазан-ошақты аңдыған иттерді қуып мәз. О.Бөк. ~ Тегіс жарқырап әдемі киінген. Бозбалалар ақ көйлек, қара костюм, біразы алабажақ галстук байлаған. Қыздар жағы қызылды-жасылды сән түзеген. Н.Сер. ~ Сарғыш, жұқа қағазға оралған қой еті, майлы қазы-қарта, бөдене бауырсақ, пластмас дорбаға салған тұздалған қияр, қант-мәнпәсиге дейін төбе көрсетіп, стол үстінде сән түзеп жатыр. М.Сүн. ~ Жолда ойы сан-саққа бөлінді. Көз алдына қала елестеді. Көше бойына сән түзеген зәулім үйлер… Д.Әш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӘСКЕЛІК ЖЕР
Сәскеге шейін жетуге болатын қашықтық. ~ Арбаның дауысы шыққан соң, Көңілім тұрды ұнатпай. Ішім жаман мұздады. Бөрі көрген ылақтай. Тап Жолекке келгенде, Жан тапсырады ұзатпай. Бұйрық болды Алладан, Сәскелік жерге шыдатпай. Намаздыгер шағында, Дауысы шықты арбаның. А.Байт. ("Төлебай") ~ Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын, Болады сәскелік жер аулы жақын. Есітіп дабылыңа сенің қанық, Шақыртып алдырайын көрсең мақұл. "Қыз Жібек". ~ Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды. Сонда сәскелік жерден есіткені-ау… З.Шүк. ~ Жалғыз інім Жанғазы совхоздың қойын бағады. Осыдан сәскелік жерде Тасқұдықтың ойпаңында отыр. Ә.Тар.
СӘН ТҮЗЕП, САУЫҚ (САЛТАНАТ) ҚҰРДЫ
Әдемі киініп, бойын түзеп, сәнденіп, ойын-тойға, сауық-салтанатқа бой ұрды. ~ Анау Жақып сән түзеп, сауық құрған Құрдасым емес пе еді бір күн туған? Мен туғанда, табылмай қара сабын, Ол туғанда, иіс сабын тәнін жуған. С.Тор. ~ «Ұрын барып, есік аттап, сән түзеп, салтанат құратын менің балам сылқылдаған бай баласы емес қой, жақын арада бір жөнін істейік, Қанипаны ұзатуды тездетсін», — деп, бір туысынан Жәукеге сәлем айтты. С.Ом.
СӘСКЕЛІК КЕЗ (ШАҚ)
Күн арқан бойы жоғары көтеріліп қалған шақ. ~ Поезд Алматыға күндіз сәскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр. Б.Соқ. ~ Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне Тұйыққа келіп отырмын. Бұл сәскелік кез. Көше қаңырап бос. Кәзір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бәрі жұмыс басында. Б.Соқ. ~ Сәскелік шақ. Шілденің аптабы белең алған. Бесқанат қоңыр үйдің кел бетке қараған іргелігі мана түрілген еді. М.Сүн.
СӘНГЕ АЙНАЛДЫ
Әлдебір істі, әдетті ерекше сәндікке, салтанатқа балайтын болды. ~ Әрине, бұл заманда балаларының өз әке-шешесін керенаусың деп қорлауы сәнге айналып кетті ғой… Ф.Дос. ~ …жалаң бас, бас киім орнына иманжапырақ пен шырмауықтың балғын жапырақтарынан гүлдесте таққан, — соңғы кезде бұл сәнге айналып, оны әшекейлеуге алуан сипатта құбылта қолданылатын Тир пүліші мен жібек пайдаланылады. М.Серв. ~ Ертең кешке сен сымбатты жұрт алдында сәнге айналған әйелді графиня Теодораны көресің. О.Бальз.
СӘЖДЕГЕ БАС ИДІ
Дінге берілді. ~ Бір кезде басына сәлде орағанды көрсе тұла бойы тік тұрып, анадайдан ат-тонын ала қашатындар қып-қызыл белсенділер, енді келіп, пенсияға шыққан соң райларынан қайтқансып, сәждеге бастарын ие қалыпты-ау. О.Сәрс.
СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫ
Алыстан сәлемін айтып, хабарын берді. ~ Түстік жақта асқақ Алатау алыстан сәлем жолдап, бәрін көріп, біліп басу айтып тұрғандай. Б.Қыд. ~ Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап: «Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды… Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» — деген. Ж.Ахм. ~ Қамысты аралдың иінінде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секілді елестейді. Андасанда айдынның етегін үтіктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтеді. Т.Сәук.
СӘЖДЕГЕ БАС ҚОЙДЫ
Құдайшылық жолына түсіп, намаз оқи бастады. ~ Көз сәждеде, жүрек аллада. Тізе басқаны тілсіз күшке, жауыз тағдырға бас игендей болды, сәждеге бас қойғаны жер құшқандай, көр құшқандай болды. Ж.Айм. ~ Науфалдың жатқан үйі алтын шатыр, Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр. Бір дүбір естіген соң Науфал шықса, Алдына келді қашып өңкей батыр. Шәк. ~ Сөйтіп, Лабақ ахунның және оны төңіректеп сәждеге бас қойған жұртшылықтың намазы аяқталғанша бүкіл елді иіріп күттіріп қояды. Тәртіп сақтатады. С.Ел. ~ Өн бойында да бірнеше рет азан айтылады, жамағат сәждеге бас қоятын тұстар баршылық. Ж.Шәк. ~ Әкейдің сәждеге әлі бас қоймаған кезі, сүрініп-жығылып соңымнан ол да жеткен. Т.Сәу.
СӘЛЕМ МЕЗІРЕТІН (МЕЗІРЕТ) ЖАСАДЫ
Ишарат жасап, сәлемдескен болды. ~ Төралқа үстеліне жеңіл көтеріліп қол қусырып, басын изеп сәлем мезіретін жасады. Д.Дос. ~ Машинаға дұрыстап көз салмай орнынан сұлқ көтерілді. Сүйретіле басып сыртқа шықты. Есік алдында ернін жыбырлатып сәлем мезіретін жасады. Ә.Кек. ~ Басын изеп, қос қолын алдына сілке лақтырып сәлем мезіретін жасады мейман. Д.Дос. ~ Тевкелев әшейін сәлем мезірет жасап салқын амандасты. Ә.Кек.
СӘЖДЕГЕ БАСЫН ҰРДЫ
Намаз оқуға кірісті. ~ Заман азды, намыс біткенге ит сарыды деп кәрі жынын қоздатып ақырып тұрса, сәждеге басын енді ұрып жүрген мына ақсақал күніне, ата күйіне жасаған зорлықтай болар. С.См. ~ Бүкіл шығыстан барған керуенші мұсылмандар да сол ғажайып ғимаратқа барып маңдайларымен тас еденіне жығылып, сәждеге бас ұрады екен. С.Жүн.
