Қалтарыс-қиындығы көп тағдыр соқпағы. ~ Өткен өмірімнен көріп отырсыздар, мен кішкене күнімнен-ақ сергелдең жолға түскен адаммын ғой. С.Мұқ. ~ Серке санды ат мініп сергелдең жолына түспегенмен селтеңдеп белсенді болған едік. Бірақ оның арты өкінішпен, өксікпен мұнасып, мұңға батқызып кеткен жайы бар. Б.Қыд. ~ Әкеме сауданың пайдасы аз уақытта ғана көрініп, көп жылдың бойына сергелдең жолдың бойымен қаңғырып киім-кешектен, төсек-орыннан, ыдыс-аяқтан жүдеген біздің үй, сыртына аппақ сүттей кигіз жамылумен қатар, кәзір жасау-жиһаз жағынан да, киіну жағынан да қазақтың ең салтанатты байына таласарлық. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕНЕН КЕЛГЕН ПӘЛЕНІ КӨРІП АЛАЙЫН
Неге де болса дайынмын, қолыңнан келген жамандығыңды істеп қал д.м. * Басынған екенсің! Мен орталықта ауырып жатқанда… Сенен келген пәлені көріп алайын, шпана неме! Түті-еп тастаймын-н! М.Қаб.
СЕҢ ЖҮРДІ
Өзен-көл бетіндегі мұз еріп, қозғала бастады. ~ Көктемде мұз еріп, сең жүріп жатқан кезде Іле станциясынан біз жаққа баржа сүйреген пароходтар қатынай бастады. Б.Тоғ. ~ Сең жүріп аласұрған өзен арнасына ұзақ қадалып тұрамын да қоямын. Қияли адам секілдімін. Н.Сер. ~ Көшелерде адамдар сеңдей соғысады. Мәскеудің көшелері қыс бойы тоң болып сіресіп жатып, бүгін кенеттен сең жүріп, таудай-таудай тасқын толқындары тулағандай. Ш.Мұр. ~ Мезгіл март айы, Іледен әлі сең жүріп жатса керек. Б.Тоғ.
СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛДЫ
Әуре қылып, ығырын шығарды. ~ Бір заманда дастарқанға тартылған тамағын әрең алып ішетін маңғаз әкемді сергелдеңге салып қойғаныма өкіндім, аптаға жақын жүріп аман келгенше береке таппадым. М.Мағ. ~ Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен. Ш.Мұр. ~ Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск. ~ Әли әйелі мен баласы жарты ауыз сөзден немесе қас-қабағынан түсінетініне іштей риза болса да, осынша сергелдеңге салған кеңес өкіметіне қаны қайнап-ақ тұр. Б.Тоғ. ~ Қоршаудағы әскерді сергелдеңге салып титығына жететін де, шыдам шегінен асырып ашындыратын да аса бір қиын ұрыс басталды. Т.Ахт. ~ «Махаббатымның маздаған шырағын тағдырдың қара күйесі өшірді ме? Әлде, бақытсыздыққа өз аяғыммен бардым ба? Арты өшпес жалынға айналып, сезімді сергелдеңге салды… Т.Рыск.
СЕЛТЕҢ ҚАҚТЫ
Босқа селтеңдеп, көше кезіп, уақыт өткізді. ~ Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім. Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып, Жанға торсық байлатпас мен емеспін. Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім. Н.Айт. ~ Байға селтең қақтыңдар, Шыдады әзер қу жаным. Ал Кәдірбай құлақ сал! Жамбыл сөзін тыңдап қал. Жамбыл. * Шұбырған қауым мен ауыл арасында бір топ ит селтең қағады. С.Елу.
СЕМІЗ АУЫЗ УАҚЫТ
Жайлы, ақ мол уақыт. ~ Онан соң бұлардың былтыр күзде, малдың шелді кезінде, семіз ауыз уақытта қасарыса қалып, енді мынау көкек айында, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге таяған шағында, жағдайсыз бір мезгілде, көк ішек уақытта, ойда жоқта түсінен шошып оянғандай мезгілсіз бір тұста той жасауға зорлап отырғанына қам жеп, ренжіп отырған да Сақан емес. Ж.Сәм.
СЕМІЗ МАЛДЫҢ ТҮГІНДЕЙ (ҚҰЛПЫРДЫ, ЖЫЛТЫРАДЫ)
Жылтырап, күнге шағылысып, құлпырып тұр д.м. ~ Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. І.Ес. ~ Ертеде қатты желі алты қанат киіз үйді аударып, Үйжығылған атанған, осы бір алақан аясындағы жазық жамбас қалың бетегелі еді. Жел соққанда сол бетеге семіз малдың түгіндей жылтырай жапырылып, күнге шағылысатын. С.Мұр.
СЕКСЕУІЛДІҢ ШОҒЫНДАЙ ЖАЙНАДЫ
Қызара маздаған, жалынды. ~ Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап: – Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… — деді. М.Әу. ~ Бірақ, тағы да бірақ не – алқызыл күн сексеуілдің шоғындай жайнай шығып, шың басынан төккен сарғыш саулесі оның бойына жылылық бағыштады. Ж.Шәк. ~ Алпамыстың өзі де көрген жанның көңілін толтырып, сексеуілдің шоғындай жайнап өсіп келе жатыр еді. А.Сей. ~ …керек жерде кәдеге жарататын ақыр заман ылпың–жылпың қулығы, нар жығар қаруы мен өткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын көзі аса таңырқатқан–ды. О.Бөк.
СЕМІЗ СӨЗ
Құр дандайсу, жөнсіз мақтану. ~ Алары не? Көші-қонда көлік береді. Оның аты — бай, аузында семіз сөз: -Далаға қаңғытып, жалғыз лашықпен тастамай, алты ай жаз өзіммен ілестіріп алып жүрдім, асырап шықтым, — дейді. М.Әу. ~ Қасындағы екеуінің күдігін сейілту үшін Хакім Құныскерей жөніндегі халық арасына таралып кеткен лақапты артық айтылған семіз сөздерден арши бастады. Х.Ес. ~ Бай аузында семіз сөз. М.-М.
СЕКСЕУІЛДІҢ ШЫРПЫСЫНДАЙ (САУСАҚТАР)
Тырбиған, ебедейсіз, жіңішке. ~ …зергер аяқ-қолын алдына сыйғыза алмай жүрген мынау ерең-серең жігіттің сексеуілдің шырпысындай ебедейсіз саусақтарының арасына қыстырылған әнебір сиқыр таяқшаның ұшынан түсіп жатқан шимайларға қайран қалады. Ә.Кек. ~ Қолы илікпей, буындары бартиып ісіп кеткен. Әсіресе, сексеуілдің шырпысындай секейіп-секейіп тұрған саусақтарды бір-бірлеп үрлеп еді; бірақ іштен шыққан демнен жылы нышан сезілмеді. Ә.Кек. ~ Сырға ыңырсып қозғалды. Сексеуілдің шырпысындай жіңішке әлсіз саусақтарын дірілдетіп ауа қармап әлдене іздеді. С.Ел.
