~ Үйдің іші ығы– жығы, толған қазақ жігіттері. Дабырлаған сөз. Ішінде неше түрлі мүгедектер бар: ақсақ та, соқыр да, бүкір де, тазы да, кекеш те, селтек бас та, сақау да… М.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕНЕН АЯҒАНДЫ ИТ ЖЕСІН
Сенен ештеңені аямаймын ғой д.м.* – Сенен аяғанды ит жесін. Не кием десең де дүние жетеді ғой. Көңіл қалдырар қияпат білдірмеші. Р.Рай. * … шеттен келіп алақан жайған мүсәпірмиллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Т.Сәу. * — Оу, ақсақалдар, ұсақ жоқ деймін, міне, көздерің көрсін. Бұйырмасын. Сіздерден аяғанымды ит жесін! К.Хамз. * − Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші,- деп, қабының аузын қайтадан шешті. С.Мұр. * — Ойбай- ау, болса сіздерден аяғанымды ит жесін. Қайтейін оны…— Жүсіп қарт бірді айтып, бірге кетіп тұр. М.Сүн.
СЕЛТЕК ҚАҚТЫ
Түк бітірмей, ұшып-қонып, секеңдеп бос жүрді. ~ Бай сейілді, Бір пейілді Елде жақсы қалмады. Елдегі еркек, Босқа селтек қағып, елін қармады. Абай. ~ Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?. Шәкәрім. * Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек? Шәкәрім.
СЕЛТЕҢ ҚАҚТЫ
Босқа селтеңдеп, көше кезіп, уақыт өткізді. ~ Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім. Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып, Жанға торсық байлатпас мен емеспін. Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім. Н.Айт. ~ Байға селтең қақтыңдар, Шыдады әзер қу жаным. Ал Кәдірбай құлақ сал! Жамбыл сөзін тыңдап қал. Жамбыл. * Шұбырған қауым мен ауыл арасында бір топ ит селтең қағады. С.Елу.
СЕМІЗ АУЫЗ УАҚЫТ
Жайлы, ақ мол уақыт. ~ Онан соң бұлардың былтыр күзде, малдың шелді кезінде, семіз ауыз уақытта қасарыса қалып, енді мынау көкек айында, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге таяған шағында, жағдайсыз бір мезгілде, көк ішек уақытта, ойда жоқта түсінен шошып оянғандай мезгілсіз бір тұста той жасауға зорлап отырғанына қам жеп, ренжіп отырған да Сақан емес. Ж.Сәм.
СЕМІЗ МАЛДЫҢ ТҮГІНДЕЙ (ҚҰЛПЫРДЫ, ЖЫЛТЫРАДЫ)
Жылтырап, күнге шағылысып, құлпырып тұр д.м. ~ Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. І.Ес. ~ Ертеде қатты желі алты қанат киіз үйді аударып, Үйжығылған атанған, осы бір алақан аясындағы жазық жамбас қалың бетегелі еді. Жел соққанда сол бетеге семіз малдың түгіндей жылтырай жапырылып, күнге шағылысатын. С.Мұр.
СЕКСЕУІЛДІҢ ШОҒЫНДАЙ ЖАЙНАДЫ
Қызара маздаған, жалынды. ~ Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап: – Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… — деді. М.Әу. ~ Бірақ, тағы да бірақ не – алқызыл күн сексеуілдің шоғындай жайнай шығып, шың басынан төккен сарғыш саулесі оның бойына жылылық бағыштады. Ж.Шәк. ~ Алпамыстың өзі де көрген жанның көңілін толтырып, сексеуілдің шоғындай жайнап өсіп келе жатыр еді. А.Сей. ~ …керек жерде кәдеге жарататын ақыр заман ылпың–жылпың қулығы, нар жығар қаруы мен өткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын көзі аса таңырқатқан–ды. О.Бөк.
СЕМІЗ СӨЗ
Құр дандайсу, жөнсіз мақтану. ~ Алары не? Көші-қонда көлік береді. Оның аты — бай, аузында семіз сөз: -Далаға қаңғытып, жалғыз лашықпен тастамай, алты ай жаз өзіммен ілестіріп алып жүрдім, асырап шықтым, — дейді. М.Әу. ~ Қасындағы екеуінің күдігін сейілту үшін Хакім Құныскерей жөніндегі халық арасына таралып кеткен лақапты артық айтылған семіз сөздерден арши бастады. Х.Ес. ~ Бай аузында семіз сөз. М.-М.
СЕКСЕУІЛДІҢ ШЫРПЫСЫНДАЙ (САУСАҚТАР)
Тырбиған, ебедейсіз, жіңішке. ~ …зергер аяқ-қолын алдына сыйғыза алмай жүрген мынау ерең-серең жігіттің сексеуілдің шырпысындай ебедейсіз саусақтарының арасына қыстырылған әнебір сиқыр таяқшаның ұшынан түсіп жатқан шимайларға қайран қалады. Ә.Кек. ~ Қолы илікпей, буындары бартиып ісіп кеткен. Әсіресе, сексеуілдің шырпысындай секейіп-секейіп тұрған саусақтарды бір-бірлеп үрлеп еді; бірақ іштен шыққан демнен жылы нышан сезілмеді. Ә.Кек. ~ Сырға ыңырсып қозғалды. Сексеуілдің шырпысындай жіңішке әлсіз саусақтарын дірілдетіп ауа қармап әлдене іздеді. С.Ел.
СЕМІЗДЕН (СЕМІЗІНЕН) ЖАРАҒАН
Жақсы күтімде болып, бабына келген. * Жылқыда Қараша балаларынан өзі мықты, өзі жау түсіргіш Абылғазы бар. Ол семізден жараған аяңшыл қара ала атқа мініп, қатқан қара сойылын ерінің алдына көлденең салыпты. М.Әу. * Жасы отызға кірген, алты баланың анасы болғанмен, Айғанымның сымбатты денесі толыққанмен жалпиып семірмей, арғымақтың семізінен жараған бедеудей жұп-жұқа боп ерекше сұлуланып кеткен. С.Мұқ. * Тінібектің үйіне семізден жараған үш сәйгүлікті пәуескеге жегіп келіп түскен сері қыз – Салтанат болатын. М.Әу. * Ол семізден жараған аяңшыл қара ала атқа мініп, қатқан қара сойылын ерінің алдына көлденең салыпты. М.Әу. * Салтанатты төртеу де аяңға түсті. Күн ыстықта көлікті көп қысуға болмайтын еді. Онда семізінен жараған аттарды қызылмай қылып құртады. З.Шүк.
