Posted in

САУМАЛ САЛҚЫН

Жанға жайлы салқын леп. * Айнұрдың өзін-өзі баптағаны сондайлық, күн сәскеге шейін ұйықтап, бесінге шейін шайын ішіп, кешкі саумал салқында ғана сыртқа шығып серуендеп қайтатын ғой. Ш.Құм. * Жағалаудың ауасы да саумал салқын леп еседі. Қысты күні әрі жағалау болғандықтан да бұл арадағы желкем жел бетті шымшиды. Т.Жұрт. * Шілденің от демінен дала лаулап, Балқитын алқара көк, сарала аумақ. Ақбас тау бері кел деп ымдайтұғын, Ақ қардан саумал салқын самал арбап. Е.Алш. САУМАЛ САМАЛ

Posted in

САУЫН АЙТТЫ

1. Үлкен ас, той туралы қалың елге жария етті. (Мұндайда әр ел шамасына қарай сойылатын мал, ішілетін қымыз әкеледі). ~ Бір ұл туды патшаға, жұртқа лайық, Сауын айтып той қылды елге жайып. Жұртына көп жақсылық қылған екен,Той қылды әр жаннан малды сойып. "БС. Бозжігіт". ~ Бел орақтың кезінде, маялық шөп шабу үшін көп қол керек. Шепе оның да ретін тауып, бір семіз түйені сойдырады да, маңайдағы елді үмеге шақырып сауын айтады. Қымызды үмеге келетін ауылдардың өздері әкеледі. «Орданың үмесі» деп, бай немесе ауқатты адамдар сабалаған қымызына ту қой қосады. С.Мұқ. ~ Үш жүзге түгел сауын айтқан Сағынай асына жиналатын күн бүгін. С.Жүн. ~ Қазақ, батырларына үш жүзге сауын айтқызып, халықты алқалы жиынға шақырған да сол ұлы бабаларымыз. БАҚ. 2. Әлді адамдардан әлдебір іске үлес қосуын, көмек беруін сұрады. ~ Онда Қошқаралы Уақболыстың гүрлеп тұрған кезі. Ол жастарды оқытайық, мешіт, медіресе салайық деп, елдегі бетінің ажары бар кісілерге сауын айтты. Б.Алд. ~ Қонақ Таңсыққожаның үйіне түседі. Тойға Таңсыққожа шақырылады. Біреу ас берсе, Таңсыққожаға сауын айтады. З.Шүк. ~ Көкөзек шақта сорпалығы бар қой бүкіл ауданды сауын айтып сандалып іздесең де табылмайды. О.Бөк

Posted in

САУСАҒЫН ҚИМЫЛДАТПАДЫ

Түк істемеді, шөп басын сындырмады. ~ Бізде болашақ жоқ, заман осы бетімен кете берсе, тілсіз, дінсіз қара орыстар еліне айналамыз! Осының бәрін көріп-біле отырып біздің ағаларымыз саусағын қимылдатты ма? Т.Сәу. ~ … аз айт, көп айт, елде жүргенде Мырқы мырза саусағын қимылдатпайтын. Д.Досж.

Posted in

САУЫН БЕРДІ

Малының сүтін пайдалануға берді. ~ Қазір исі Арғын ұзақ жыл шетте жүрген екі ағайынына орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сауын беріп, қарасып-қамдасып жатқан көрінеді… Ә.Кек. ~ Мыналарға сауын берейік – дейді байы. – Жоқ. Сауын бермейік. Оның орнына енші берейік, – дейді қатыны. Отыра мыңғырыла біткен қойдан он үйге жүз-жүзден ұстап бөліп береді. БС "Жарты ғұмыр…"

Posted in

САСЫҚ КҮЗЕННІҢ ІНІНДЕЙ

Үңірейіп тұр д.м. ~ Оған ілесе Исахмет те мәз; сасық күзеннің ініндей үңірейген, опырық аузын ашып қалыпты. М.Сүн. ~ Жағың пышақ қайрағандай, көзің шөлдің құдығындай, үйің сасық күзеннің ініндей. Бәрібір ертең кәзиттер арадай талайды, несіне әуре боласың! Д.Иса.

Posted in

САУ СИЫРДЫҢ БОҒЫ (ЖАПАСЫ, ҚИЫ) ЕМЕС

Өзі де (ол да) жетісіп тұрған жоқ, оның да бір шикілігі бар д.м. ~ Пешенеге жазылғанды көрдік, заман солай болды, көппен көрген ұлы той. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз. Тек жүрсек, тоқ жүрер ме едік! Бірақ бәрі, көріңді өкіргір, Сталиннің лаңы ғой! Т.Сәук. ~ Біраздан соң жұрт "Әй, өзі де де сау сиырдың боғы емес екен ғой" деп күдіктене бастаған. Т.Сәу. ~ «Екеуі бұрыннан танитын адамдары емес, бірінші рет көріп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол берді? Мына әйелдің өзі сау сиырдың боғы емес-ау». Ә.Ыб. ~ Сонда, мына, Қарқын бұрын үйленген жігіт пе? – Ол да сау сиырдың боғы емес. Бұрын әйел, баласы болған. Оларды қытай жаққа тастап соқа басы осында келген. Ж.Шәк. ~ — Мен де сау сиырдың боғы емеспін. Осы бар ғой, тілім жаман менің, түбінен кесіп тастаса да обалы жоқ…- Құшақтары жабысып, бір-біріне арзасын айтып, айрылысар емес. Т.Сәу. ~ Найманқұлдың жүрген жеріне шөп шықпайды! — Хайролла да сау сиырдың жапасы емес. С.См. ~ Келіншектің сенген күйеуі де сау сиырдың қиы емес. Мүлдем басқа өлшемдегі — «көппен бірге көрген ұлы той» деген қатқыл да қасаң ортаның, балалар үйінің бозбасы. М.Қаб.

Posted in

САСЫҚ ҚУЛЫҚ

Бас пайдасын көздеген жымысқылық, ішкі есеп, арам ниет. ~ Айлада жүріп-ақ, үйден ұзамай, сасық қулықпен бәрін алдағымыз келеді, кілең өтірікпен мақсатымызға жетеміз дейміз. Г.Бельг. ~ Сөйтсем, Жанбосын алдаған екен. Қолымның сыртына темекінің шоғын басып¬ алыпты. Қолымның терісі кәдімгідей қызарып, қолдырап күйіп қалды. Әлгіндей сасық қулыққа Жанбосын шебер болатын. Б.Соқ. ~ Нұр тағы да ойланып кетті: "Біліп айтса да, білмей айтса да осынікі — дұрыс, Жантық болу үшін ақыл керек, сасық қулық жарамайды, ақыл, ақыл керек… Ә.Тар. ~ «Балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп, жекіргенмен бірдей еді. Б.Соқ.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫ ЖОҚ

Бүтін жері қалмаған, өрім-өрім, тоз-тозы шыққан. ~ Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды. І.Жанс. ~ Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзіне жығыла жабысқаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Ж.Шәк. ~ Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім, жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. С.Жүн. ~ Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса — бір бұттан кем шықпас, — деп кіжініп қоятын. Қ.Най. Әбден күйзеліп, шаршып-шалдыққан, қиналған. ~ Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Ш.Бейс.

Posted in

САСЫҚ МИ

Ақылсыз, санасында сәуле жоқ адам туралы. ~ Ақыл керек, ес керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек. Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек. Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, Қоржаң суық келеді кей сасық ми. Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, риаз үстіндегі үй. Абай. ~ Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр, Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр? Сасық ми, салқын жүрек санасыздар Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр. А.Байт.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАДЫ

Өне бойында бүтін жері қалмай, дал-далы шықты, әбден тозды. ~ Орыс ерінің арқасында Ақылжанның құйрығы ойылмапты, әйтеуір. Ал Шатырбайдың баласының артының сау тамтығы қалмаған, орнынан тұра алмай жатыр деп естіді. К.Қаз. ~ Тозаққа киіп барған киімдерінің өрім-өрімі шығып, сау тамтығы қалмаған. Т.Рыск. ~ Мүлік деген шіркін иесімен ғой. Сол өзіңіз айтып отырған асыл жабдықтардың сау тамтығы қалмай бүлінген. С.Бег.