Біраз жасқа келіп қалған, қартаң тартқан адам. ~ Ашық-ашық айтып та салар едік, далаға қарайтын жас жұбай ғана емес, сары тіс жұбай да еркегін жылқы күзетуге жіберуді жек көрген емес. Соған көре екі жаққа бірдей бұл әңгіме. Х.Ес. ~ Елін енді ұрлыққа баулыған сары тіс би қиыннан бірдемені қиыстырғандай сақалын сипап қораздана түседі. Ғ.Мұст.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САСЫҚ (АШ) КҮЗЕНДЕЙ ШАҚЫЛДАДЫ
Айқайға басты, өршелене салғыласты, шаптығып, шабаланды. Шаптығып бет бақтырмады, шабаланды. ~ Міне, бұл енді қазір қылыш асынып алған. Қолында қағаз. Сасық күзенше шақылдап, зекіп, кекетіп, большевиктерді қатарлап жатыр. С.Сей. ~ Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті. І.Ес. ~ Қадалған жерінен қан алар шақар еді. Шеке тамыры шоттиып, қып-қызыл боп сасық күзенше шақ-шақ етті. С.Елу. ~ Татар тілмаш аш күзенше шақылдайды. С.Смат. ~ Сасық күзен секілді шақылдама, Сенен бұрын туғанмын, тіліңді тарт. Шөже.
САРЫ МАЙДАН ҚЫЛ СУЫРҒАНДАЙ (ТАРТҚАНДАЙ)
Ерен ептілік, ерекше шеберлік жөнінде. ~ Суреткерлікті айқай-публицистикаға айналдырып арзандатпай, халықты назаландырмай, сарымайдан қыл суырғандай ептілікті жазушы аталмыш әңгімелерінде қолайымен, сәтімен тапты. Қ.Ерг. ~ Қалыңдығын ала алмай қалғандар жиілеген көрінеді. Осындай-осындай кептерді сары майдан қыл суырғандай бипаздап айта отыра, Бағаналы елінің жақсылары ескі құдадан ажырап қалмауды ойлап, салмақ сала келгендей түр танытады. Ш.Бейс. ~ Ол шағын жанр мүмкіндігін мейлінше игерген қаламгер. Шағын ғана әңгіме. Ал шағын ғана әңгімеде қамырдан қыл суырғандай етіп өмір суретін көз алдыңа тартып кеп жібереді. Қ.Ерг. ~ Едігенің мүлдем ұйқысы келер емес. Әлгі бір шырын қиял желісін үзер емес. Сары майдан қыл тартқандай жан сыры шежіресін сөйлеткендей күй кешті. С.Ел. ~ Сол ажарлы сүйрік саусақтар пернеге жұғысқанда тіптен қылап. Сары майдан қыл суырғандай ептілікпен дәмді дыбыстарды тереңнен суыртпақтаған жорға қолды сүрінбесе екен, кібіртіктемесе екен деп тілеген. Ө.Кәр.
САРЫ ТІС БОЛДЫ
Қартайды, күші қайтты. ~ Түстеніп отырдық. От жанып, қазан қайнап тұр, Мәдібек Сейдуәлимен сөйлесіп отырды. Сейдуәли, сары тіс болған, шоқша сақалды, денелі құба кісі… Ақмоланың жайын, «арғы ұрыс болып жатқан жақтың жайын», «сары орыс пен большевиктердің» жайын сұрап отырды. С.Сей. ~ Мардан сол бойымен жаяулап жылқыға келіп, күндегідей жылқыны күзеткен жоқ. Садыктың сары тіс болып қалған жуан тоғыр ақ бақай атын ұстап мінді де «Кереку қайдасың» — деп түнделетіп тартып кетті… І.Ес.
САСЫҚ АУЫЗ
Өсек тасып, әр нәрсені қоңырсытатын, бәтуасыз адам. ~ Жалмұқан осы тұста басын көтеріп алып, шын ба, рас па, не айтып отырсың дегендей, көзі жасаурап кетті. — Сен болсаң алмай жатып, елдегі сасық ауыздарға қосылып, бірге байбалам салдың. Мені сыйламасаң да, өзіңді сыйласаң етті. С.Жүн. ~ …көре алмаған көп жаманның, тауы шағылған мәжнүндердің қолдары жетпеген соң кек алуды, мұқатуды көздеген "ауылдың сасық ауыздарының" нақақ жала, қаңқу сөздері де мазаны алып, берекені қашыра берген. Ә.Тар.
САРЫ МАЙДАН ТОРТА АЛҒАНДАЙ
Айрықша шеберлік мағынасында. ~ Мұндайда арғы-бергі… бәрін ойлан, Топырақ бағы жанса, бабы қайдан? Шындықты жүректегі сылып шығар Айырып торта алғандай сары майдан. К.Мырз.
САРЫ ТОҚЫМ (ҰРЫ)
Ат үстінен түспейтін, әккі, қу, ұры. ~. «Қашан келіп, қашан кетті» десе бір адам білмейтін. Бұл адам айшылық жол Алтайдағы Оспан батырдан тіл алып қайтып тұратын, нағыз сары тоқым хабаршының өзі бола — тұғын. Ж.Ахм. ~ Көп болса: киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті, сарытоқым ұры болған — ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта, бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген, іште жүрген ынтықтығы да болатын. М.Әу.
САРЫ МАСАДАЙ САМСАҒАН
Қаптаған көп. ~ Қайып: «Жоңғарға бірге шабайық», – деп қанша жалынғанмен, сары масадай самсаған сары қолын оп-оңай ертіп жібергісі келіп отырған ақ патша байқалмайды. Ә.Кек. ~ Қалмақ тайшысына сары масадай самсаған қол жинатып, от дәрімен атылатын зеңбірек беріп сайын сахараны нұсқап: «Қазақ даласын қан жоса етіп шап, ұлын – құл, қызын – күң ет, батырының көзін жой, арқаңды жарға сүйегендей біз бармыз», – деп жазира даланы жайлаған алаш жұртына айдап салады. Д.Дос.
САРЫ ТҰҒЫР
Суыт жүріске бейім, әккі де айлалы қу.
САРЫ МАСАДАЙ ЫЗЫҢДАДЫ
Адамды мезі қылды. ~ Іші шым ете түсті. Кешеден бері сары масадай ызыңдаған сол бір күдік ой тағы да гуілдеп қоя берді. С.Ел. ~ Құм толқыны таусылмайды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық шырқын сонаның ызыңы, шегірткенің шырылынан өзге бұзар дыбыс жоқ. Сары масадай ызыңдаған өз ойы ғана мазалайды. С.Ел.
