Айрықша шеберлік мағынасында. ~ Мұндайда арғы-бергі… бәрін ойлан, Топырақ бағы жанса, бабы қайдан? Шындықты жүректегі сылып шығар Айырып торта алғандай сары майдан. К.Мырз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ ТОҚЫМ (ҰРЫ)
Ат үстінен түспейтін, әккі, қу, ұры. ~. «Қашан келіп, қашан кетті» десе бір адам білмейтін. Бұл адам айшылық жол Алтайдағы Оспан батырдан тіл алып қайтып тұратын, нағыз сары тоқым хабаршының өзі бола — тұғын. Ж.Ахм. ~ Көп болса: киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті, сарытоқым ұры болған — ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта, бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген, іште жүрген ынтықтығы да болатын. М.Әу.
САРЫ МАСАДАЙ САМСАҒАН
Қаптаған көп. ~ Қайып: «Жоңғарға бірге шабайық», – деп қанша жалынғанмен, сары масадай самсаған сары қолын оп-оңай ертіп жібергісі келіп отырған ақ патша байқалмайды. Ә.Кек. ~ Қалмақ тайшысына сары масадай самсаған қол жинатып, от дәрімен атылатын зеңбірек беріп сайын сахараны нұсқап: «Қазақ даласын қан жоса етіп шап, ұлын – құл, қызын – күң ет, батырының көзін жой, арқаңды жарға сүйегендей біз бармыз», – деп жазира даланы жайлаған алаш жұртына айдап салады. Д.Дос.
САРЫ ТҰҒЫР
Суыт жүріске бейім, әккі де айлалы қу.
САРЫ МАСАДАЙ ЫЗЫҢДАДЫ
Адамды мезі қылды. ~ Іші шым ете түсті. Кешеден бері сары масадай ызыңдаған сол бір күдік ой тағы да гуілдеп қоя берді. С.Ел. ~ Құм толқыны таусылмайды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық шырқын сонаның ызыңы, шегірткенің шырылынан өзге бұзар дыбыс жоқ. Сары масадай ызыңдаған өз ойы ғана мазалайды. С.Ел.
САРЫ УАЙЫМ (УӘЙІМ)
Бітпес қайғы-қасырет; шерлі мұң. ~ Менің сиез турасындағы бұл сөзім көбіне құр тартыншақтық, сары уайым боп көрінер. Солай көрінсе де, ойым сол. А.Байт. ~ Назретте қолын, аяғын кестірген, көзінен айырылған, мұрнын жұлдырғандар да бар екен. Оларға қарағанда, Қартқожаның жарасы ойыншық тәрізді. Соларға қарап, Қартқожа шүкіршілік қылды. Әйтсе де сары уайым қыр соңынан қалмады. Ж.Айм. ~ Сиез деген сөз бастаған кезде заманның түріне қарап, тынымы осылай болар дегенімізде, жұрттың көбі жаратпай, құр әншейін сары уайым, сар қайғы, тартыншақтық, қорқақтық деп, бірсыпыралары құр алауыздық, ұйым бұзарлық, сөз жарысы, ерегіс деп, кейбіреулері сиезді біз керек қылмағандай көріп, кейбіреулері жұрттан сиезді біз бейне қызғанатындай көріп еді. Бірақ онымыз бұл айтқандардың бірі де емес еді. А.Байт. ~ Осы кеште Тәкежан аулының шеткі лашығы —Иіс кемпірдің үйінде де сары уайым еді. Жалғыз көк сиырдың емшегін тарта түсіп, қарт ана көптен жылап отыр. М.Әу. ~ Өлең техникасын меңгере бастапсың, бірақ бастан-аяқ сары уайым екен, – деп сәл кідірді де кішкене монгол көзінің құйрығымен маған қарады, – мені жұрт жалпақ шешей деп кінәлайды. Сірә соның жаны бар-ау деймін. С.Шай. ~ Ақыры әбден дағдарып үйге кіріп дастарқан жайған. Шәйдің соңына ала кірген ерін сары уәйімді сапырып қарсы алды. Ж.Нәж.
САРЫ САЙРАН ДАЛА (ЖЕР)
Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең жазықтық. ~ Қыранымын сары сайран даланың, Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым. Еркін дала ардақтысы, еркесі – Бетім қайтпай өскен батыр баламын. М.Жұм. ~ Осы ойлармен ерттеді атын мінгелі, Шөлден безіп, қанды жолға кіргелі, Алаш елі, сары сайран жері үшін, Жапанда емес, жау қолында өлгелі. М.Жұм.
САРЫ УАЙЫМ ЖАМЫЛДЫ
Қайғы-мұңға тап болды. ~ Ай, қу дала, қу дала! Қу далада жалғыз жаяу бір мұңдық. Сары далада сары уайым жамылып, Ақбілек келеді толарсағы бұлтылдап. Тышқан аулап күйкентай жүр, қыранымсып шыңқылдап. Әне алыста безек қағып, бір торғай тұр шырылдап. Ж.Айм.
САРЫ САҚАЛ, САЛ БӨКСЕ
Жасы ұлғайып, сылбыр тартқан ер адам туралы. * Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен!» Ә.Асқ.
САРЫ УАЙЫМҒА САЛЫНДЫ
Қатты қайғырып, қапа болды, қайғы -шері тарқамады. ~ Аққайыңнан айрылғаннан кейін төре оны қайтқан бақтың белгісі болмағай деп сары уайымға салынатын… К.Сег. ~ Асылы, мен сары уайымға салынып отырған жоқпын. Менің көзім ертең не болатынына жетіп отырған жоқ. Б.Бұлқ. ~ "Таудай үлкен айыпты тарыдай ұят жуады, Манадан бергі жәйттарға кірленбес арың шуағы, Салынба сары уайымға, — деді ақындар пырағы, М.Мақ. ~ "Пендеде Құдайға тән қасиет жоқ. Мәңгі жасай алмайды… Қойшы, бәрін де талақ еттім! Сары уайымға салынып қайтем!" Т.Рыс. ~ Иматай Вахштың жағасында тұрып өткен өмірін ойлап, ауылда қалған бауырларының басынан өткеріп жатқан қиыншылықтарын ойлап, уайымға салынды. К.Өтж.
