Оты қашып, сәні кеткен, тозған ескі қоныс. * Кешегі жағылған от, қайнаған қазан жоқ. Күлі бұрқырап, тасошағы жатыр қаңырап. Қалың малмен ұзақ отырған сары жұртта қылтиған шөп те жоқ, айнала тап-тақыр. Ж.Баб. * Тақырыпқа сол кісіні кезінде өзі таңдап алған. Есейген көзбен қайта оқып еді, сұмдық өкінді. Одан да оқымағаны дұрыс еді. Заман көші озып, ол кісі сары жұртта қалып қойыпты. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ АЯЗ
Қақаған суық, аязды күн. ~ Танауымыздан ақ буды паровозша будақтатып, ұйқыға да кетеміз. Бір ғана жаманы — ертесіне тұрғанда қиын. Айнала қысқан сары аяз басыңды көтерсең — ақ бас салып, жылы төсекке қорғалата береді. С.Шай. ~ Сабыр, келін, сабыр! — деп шал сары қатынмен еріп осы үйге қаңтардың сары аязы кіріп кеткендей сеңсең тұлыбын қаусыратып алды. Қ.Ысқ. ~ Сұп-сұр бұлттардың алпы-салпы су етегі жер сыпырады. Сақылдаған сары аязда дыңылдап ән салатын зар жақ телеграф бағаналары үнсіз. М.Қаб.
САРЫ ІЗІНЕ ШӨП САЛДЫ
Арамдық ойлап басқан ізін аңдыды; тұзақ құрды.~ Мардан мен Сақытайдың жыртақтап тұрғанын Дәметкен дәмдеп отырып бәйбішеге жеткізді. Бәйбіше байына сыбырлады. Бай аузын басып Марданға шұқшиятын болды. Бәйбіше келіннің сары ізіне шөп салды… І.Жанс. ~ «Байқа, батырым, сен бұл арада аспаннан түскен перідей кекжигеніңмен, арт жағыңда басқан ізіңді санап, сары ізіңе шөп салып отырған иең бар. Ж.Шәк. ~ Елісханға езуінен енші беріп, ақыл қосқандар, жол көрсеткендер бар-жоғын қузастырды. Елісханның соңынан кеткісі келіп лоблығандардың сары ізіне шөп салып қуғындады. Ғ.Біл. ~ Аттары да ылғи сәйгүлік. Қашса – құтылады, қуса – жетеді. Арғы беттің қуғыншылары сары іздеріне сан рет шөп шалып ала алмаған. Ж.Шәк. ~ Дәл осы кезде көптен бері бақастықпен сары ізіне шөп салып аңдып жүрген екі сардар оны тарпа бас салып ұстап алады. Ауылды үркітіп, айғай-сүрен салады. Ел жиналып кетеді. Ж.Сәм.
САРЫ АЯҢ
Аттың баяу, бірқалыпты, мардымсыз жүрісі. ~ Мүшелік жер сары аяңмен жүріп келіп, бірер шақырым жолды желіп алумен өндіріп келе жатқан қызыл нар аздан кейін артта қалды. Өзен бойынан ұзаған сайын жол да қуқылдана бастады. Х.Ес. ~ Салпаңқұлақтың сары аяңы үйіне жеткізді. Д.Дос.
САРЫ КҮЗ
Күздің бел ортасы. * Мизам шуақ мезгілі еді. Дала ыстық, құрғақ жаздан кейінгі сары күздің алтын шуағына шомылып, маужырап жатқан. Ү.Жәл. * Сары күздің салқын күндерінің бірінде қатал командирінің бастауымен тозығы жеткен жеңіл көлікті оталдырып, алыс Атырауға жолға шықты. Е.Бақ.
САРЫ БАЛАҚ ТАРТТЫ (САРЫ БАЛАҚТАНДЫ)
Сарғайып, пісіп қалды. ~ Осы бір жалпақ жазықта көзге ілінер де сол екеуі ғана. Қай бетке қарасаң да, болат доңғалаққа келіп соғылар сары балақ тартқан егін теңізі тұп-тура темір жолдан басталады да, көз ұшына дейін құлдырап арманға алысқа кете береді. С.Шай. ~ Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. І.Ес.
САРЫ ҚАРЫН БАЛА
Шиеттей жас бала. ~ Екеуі де мынау тар да тайғақ жолда әлі де сан рет бетпе-бет келетінін, мына қылықтары қара қазан, сары қарын баланың қамы, ел сауғасы емес, өздері сезіп-сезіктеніп, зердеге сап бағамдап көрмеген жалған намыс пен жарға жығар кекшілдіктің итаршылдығы екенін, бастарына іс түсіп, тағдыр гүрзісі төнгенде ғана, аһ ұрып, жұртта қалған күшікше ұлитындарын болжамады. О.Бөк.
САРЫ БЕЛ
Алыстан мұнартқан бел-белес; кең дала. * Сауыны боп зарлағанда боз інген, Шабыттанып самғағанда жас қыран. Сары белден салқын самал ескенде … Ж.Айм. * …Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында — сары бел. Сары белдің бауыры — сағым ба, әлде шалқар көл. Д.Әш. * Самал желді, сары белді, шалқар көлді, керіліп жатқан кер дала, асқақтаған асқар тау. Ә.Әбіш.
САРЫ ҚАРЫН БӘЙБІШЕ
Жасы ұлғайған, сый-құрметке ие, ерінің тұңғыш ұрпағын дүниеге әкелген бірінші әйелі. ~ Көрпебайдың күндігінде жүретін, бұрын үсті-басы дал-дұл болып адам қарауға шошынатын Қалампыр мұнтаздай болып киініп, салмақты сары қарын бәйбіше болыпты: Шырақ-ау, денің сау ма? Үлкен жігіт болыпсың ғой! Келін жоқ па еді, ала келсең болмайтын ба еді?! деп күліп әзілдейді. Б.Майл. ~ Түйелер қомдалды. Жүк артылды. Әжелер мен жас балалар мінетін түйелерге шырқ айнала текемет қоршалды. Қаруы қайта қоймаған сары қарын бәйбішелер жаулығы қарқарадай боп, алдыңғы түйеге мініп көш бастайды. Иә, пірім! Е, біссіміллә! Жүк артқан түйелер орындарынан тұра бастады. Ә.Кек. * Күні ертең Тоты дәм бұйырып, бір зоотехник жігітке тиіп алса, қара домалақтарды бірінен соң бірін шұбыртып, самаурын түбінде қызыл шайды сораптап, терлеп-тепшіп отыратын сары қарын бәйбішеге айналар еді. М.Қаб. * Ал ол сол жылы облыс орталығындағы медучилищеге түсіп, екі жылдан соң бітіріп шықты. Содан бері хабарсыз. Өлі ме, тірі ме. Сары қарын бәйбіше болған шығар бүгінде. Қ.Жиен. * Көпшілігі — егде тартқан, бірақ төсектен қалса да, өсектен қалмаған сары қарын бәйбішелер көрінеді. Қ.Жұм. ~ Бұйрық осы шығар. Төрт жылда төрт құрсақ көтерді. Бір кездегі астанадағы әскери сылыңғырдай аспазшысы көзді ашып-жұмғанша сары қарын бәйбішеге айналып шыға келді. Қ.Жиен. ~ Біздер, балалар, жаз бойы көлден шықпаймыз. Үлкендер де әуес. Керек десеңіз, сары қарын бәйбішелер, шешелеріміз де есебін тауып, бір-бір сүңгіп алады. Ө.Кәр.
САРЫ БИЕ САМАУРЫН
Үлкен жез самаурын. ~ Бұлар сол ретімен ақсақалға таяу жерден орын алды. Қонақтар амандасып, жайланған кезде үлкен көк дастарқан жайылып, бауырсақ шөмеле боп төгіліп, ақ тарелкамен екі жерден сары май қойылып, сары бие самаурын күжілдеп үйге кірді. Ж.Айм.
