Үш-төрт рет құлындаған бие. ~ Бірақ бейғам күймен бойкүйезденген сары қарын, салпы төс биелер, бауырын суға малған бойы салпаң-салақ жайда тұр. С.Ғабб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ ЖАЛАҚ
Ерні үнемі жарылып, жалақтанып жүретін адам. ~ Жаманқұл елеңдеп отыр еді. Шалқар кірді. Бұл күнде сары жалақ шал болған. З.Шүк. ~ Күнгейдің етегі қалың ши, жоғарғы жағы сары жалақ еді. Ашырқанған қой-қозы, тайынша-торпақ үңги-үңги жарқабақтап жіберген. Н.Қаз. ~ Ортада тік тұрған, мұрнының үстін, көз алдын сепкіл басқан, аузы базданған сары жалақ әйел. Б.Қыд.
САРЫ ҚҰЛАҚ
Сәбеттік дәуірде бір сомдық қағаз ақша. ~ Сұлтан қалтасынан қобыратып бірнеше бір сомдық сарықұлақтарды суырып алды. Дәулет шын ақша ма дегендей сүзіле қарап қалды. Б.Соқ. ~ Ришаттың өлеусіреген көзі жарқ ете қалды. Қара доға сызып қалықтап келе жатқан «бақыт құсын» жерге түсірмей қағып алған. Қолы дірілдеп, жалма-жан әмиянның сырмасын ашты. Екі бес сомдық, екі үш сомдық, төрт-бес сары құлақ. Т.Сәу. ~ Ботам– ау, сен өкпелегендей… Жо… Жоқ. Айтуың дұрыс қой. Бір– екі шетушкеде не тұр. Үш– төрт сом сары құлақтан артық тастаттырайын… Алла– ай енді, соған да ренжимісің… М.Сүн. Егде тартқан кісі. ~ Анжиянның тоң алмасын кемірген, Шикі нанға семірген, Самарқанда сарт Манас, Сарықұлақ ит Манас, Көшсең, өзің көшіп бар, Мен елімді көшірмен. Ә.Марғ. "Көкетай хан…"
САРЫ ЖЕЛ
Тынымсыз соққан бірқалыпты жел. ~ Бұл тұста ағаш сирек, содан ба екен, теріскейден осындай көктем ортасында тынбай уілге басатын даланың сары желіне тоқтау болатын ештеме жоқ. О.Сәр. ~ Желмая мініп жаһан кезген Қорқыт әулиенің құлағында ысқырып ойнаған Сарыарқаның сары желі жаттанды дала әуенін Боранқұлдың құлағына да әу бастан құйған екен. Ғ.Біл. ~ Тағы да күре жолға көз тікті. Сары белде сары желдің шалқыған сағымы ғана қалыпты. Ол мең-зең боп, иіс тиген адамдай теңселе басын үйіне беттеді. Қ.Ысқ.
САРЫ МАЙДАЙ ЕРІДІ
Көңілі босап, елжіреді, тебіренді. * Шіркін-ай деген. Кісіні тебірентер не қилы сыр болады ғой, Мақұлбек тап әлгі сөзді естігенде, сары майдай еріген, құрақ боп иілген. Қызды атына мінгізіп, өзі жаяу жетелеп үйіне апарып салған. Д.Дос. ~ «Қойсаңшы, қар!» – деп дауыс салған ханшасын құлашын керіп, қамшының астына алғалы оңтайлана беріп Аюке хан қалт кідірді. Темірдей дәті тапқа қойған сары майша еріді. Азынаған әйел даусы етінен өтіп сүйегіне жетті. Боркеміктеніп босады. Д.Дос. ~ Қолың сыңғырлардың жазған хаттарының түрін көрсең бар ғой, ішек бауырыңды елжіретіп, тұла бойыңды сары майдай ерітеді. Жүрегіңді жіпсіз суырып алады. Ойыңды матап, басыңды шырмап тастайды. Сен де сондай жемтіксің!» — дейді күйініп. Р.Рай.
САРЫ ЖЕЛДІРДІ
Аттың шабуға жақын қатты жүрісі туралы. ~ Қашан бойы үйреніп, еркіндігін сезінгенше маңына жуымай шақырым жерден қара үзбей сары желдірген жігіттер де торбестіні ықтиярымен жіберген. С.Жүн. ~ Торбестіге құрық салған осы маңның жылқышысы еді. Жолаушыларды бастап, сары желдіріп от көрінген жаққа беттеді. С.Жүн.
САРЫ МАЙДАЙ САҚТАДЫ
Қымбат тұтты; пәле-жаладан қорғаштады. ~ Қоқырсыған құрақтың әрқайсысының өзіне орны бар, бұлар сары айдай сақтап жиып жүрген мүлкі. Б.Май. ~ ~ Мына төменгі ауылда, белгілі жердің қызы. «Бой жетті, сары майдай сақтаған баламды алып кет», — деп хабар айтыпты Хасен деген атаң. Не дейсің, балам? Н.Сер. ~ — Кімнен туам, ешкіммен байланысым болмаса, — деді ұяла даусы күмілжіп. Байланысың болмаса – байланыс жаса. Қашанға асылыңды сары майдай сақтап жүрмекшісің, — деген жеңешесі көзі күлімдеп аяқтады сөзін. С.Досж. ~ Самсаған сары қолға шауып таныла алмасақ та, біздің де қарынның құрышына сары майдай сақтап жүрген бір кеп болушы еді. К.Сег. ~ Уылжытып өсіріп, күннен, келеңкеден қорынып сары майдай сақтап келгенде… қызығын көрсетер, мерейін өсірер деп үміттенгенде… сол майды ит жалап кеткендей көрінді. Д.Дос.
САРЫ АРҚА
Алысқа созылған ен дала, жазық өлке; кең жайылым. Поэтикалық ұғымға айналған теңеу. * Сары арқаны сайраңда, Жайыла бер жұлым көк. С.Мәул.
САРЫ ЖЕЛІС
Бір қалыпты қатты жүріс. ~ Сылаң еті бар екі қодыр ат қажығандығын білдірмей, көшір жігіт божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сары желіп келе жатыр. М.Әу. ~ Ержол ұзақ жортты. Бет алысы белгісіз. Жұлдызы самсаған тұңғиық түнді жамылып, сары желіп келеді. С.См. ~ Қияқ жалы су-су етіп, өз дүбірінен өзі шошып құйғытып келеді. Гулеген желден басқа бөтен сыбыс жоғын сезіп, кейде сары желіспен жортақтаса да, жаңағы арттағы сұмдық қайта есіне түсіп қолына көлденеңдей сойыл, құрық ұстаған қорқынышты жат адамдар соңынан қалмай өкшелеп қуғандай елеңдеп, тағы да үркеді. С.Жүн. ~ Денесі қызып, аздап қолтығы терлеген соң бір–екі рет қатты пысқырынып алады да, аяқты кере, көсіле тастап сары желіске салғанда бөккенше жортады! С.Бақ. ~ Түлкідей жарау, жүрдек ат сары желіске салғанда, сағатына отызқырық шақырымды алады. Ө.Кәр.
САРЫ АТАН
Көш алдында жүретін, үлкен, жүкке шыдамды түйе. ~ Ақ қарабас ылақайына қызыл шашақ тағып, үкілеп, ат қып мініп, өзі құрбы балалармен жарысар еді. Жатқан сары атанның үстіне бала біткен жабылғанда, атан ұшып түрегеліп, балалар өркешіне, мойнағына жабысып «жығылдым, жығылдым!» деп шуласар еді… Ж.Айм. ~ Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып: – Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! — деді. М.Әу.
