Posted in

САРЫ ҚАРЫН БИЕ

Үш-төрт рет құлындаған бие. ~ Бірақ бейғам күймен бойкүйезденген сары қарын, салпы төс биелер, бауырын суға малған бойы салпаң-салақ жайда тұр. С.Ғабб. ~ Елсізде емін-еркін жайылға- нымен, елегізумен өткерген әр сәті түйсігіне мұң үйіріп, омы- рауын сыздатқан сағыныш өткен-кеткенді санасында сапы- рылыстырып жіберді. Көз алдына сары қарын биелер мен құйрық-жалын ерке самалға таратқан сұлу бөксе байталдар келе қалды. Ө.Кәр. ~ Бие сауым бұрын айналып-үйіріліп қылымсыған сымпыс кұйрық, кұрақ жал байталдар мен сары қарын биелер шеттеп, біразы қырдағы ескі қораның көлеңкесіне, енді біразы желі маңында үйездеп тұр. Ө.Кәр.

Posted in

САРЫ ДАЛА

Мидай жазық; ен дала. * Ақпатшаның атына арыз жазып, бар жайылымды кесіп алды да, жылқы баққан жандарды қу тақыр сарғайған сары далаға қуды. О.Бөк. * Сол-ақ екен, әлгіндегі толқып, сары далаға сыймай жосыған сансыз киік бірінен кейін бірі омақаса құлап, тартылған тау өзенінің аңғарындағы қойтастардай теңкиіп-теңкиіп жусады да қалды. Т.Сәук.

Posted in

САРЫ ҚАРЫН ӘЙЕЛ (ҚАТЫН)

Үш-төрт рет құрсақ көтерген, кексе тартқан әйел. ~ Жауарда бір кегі кеткендей өлермен Хансара өксіп-өксіп, оған өзінің ең ауыр сөздерін айтты. Ауылдың сары қарын әйелдеріне еліктеймін деп, Хансара бұл жолы да түйеден түскендей салдыр-салақ сөйлеп қалды. Ұ.Досп. ~ Бірақ Зағипаң бұрынғыдай теңкиген, түйенің жарты етіндей бар сары қарын әйел емес, жасарып, жалын атып, адамның көңіл күйін қозғап жіберетіндей хас сұлудың өзі болып шыға келіпті. Ұ.Досп. ~ Түс мезгілінде жол бойындағы үлкен бір ақ үйге келеді. Келсе, ол үйде он бір жасар қыз бала, сары қарын келген қара қатын отырады. Олар келген қонаққа иіріліп бар тамағын береді. Қаз. Ерт. ("Науша хан") ~ Жуа- сыған сыңай танытса да қыз-қырқын бұны көрсе, ит көрген ешкіше дүрлігеді. Сары қарын қатындарға шейін: «Ойбай, әлгі пәле кеп қалды!» деп бөксесі бұлтың-бұлтың етіп үйден үйге безіп жүргені. Ө.Кәр. ~ Сүр жайып жүр шатырға Сары қарын жеңгейлер. Сары қымызды күткендер Құмар бие байлауға. Қыз-бозбала біткендер Асығып жүр жайлауға. С.Нәк.

Posted in

САРЫ ЕЗУ

Жұмыртқадан жаңа шыққан балапан. * Балапандар сары езу, қораптарын жарады, Бақа-шаян, құрттар да, өсіп-өніп барады … М.Мақ. ~ Буылдыр сағым ішінде дедек қаға шырылдаған сары езу балапанның шошынған жан түршіктірер қорқынышын тап осы қазір тағы да қайыра сезініп отырғандай. С.Ғабб. Буыны қатпаған, өмірді көрмеген, шикі. * Ондайлардың көбі сол Одақ кезінде өсіп-жетілген, өзіне лайықтаққа отырған, ат-атақ алған, шен таққан шенеуніктер екені, соларға еліктеуші- солықтаушы сары езу жастар екені өкінішті. Ғ.Қаб. ~ Бұра тартып, Бұлдаған бірдемесін Кісімсінген немелер кімді елесін. Саясаттың сары езу сабаздары, Бір сөзіме тати ма күллі егесің?! Тікенектей қылтиған тірі Елесім, Сонша неге шалқайып, шіренесің? И.Сап.

Posted in

САРЫ ҚАРЫН ТАРТТЫ (БОЛДЫ)

Жасы ұлғайды, егде тартты. * Неше құрсақ көтерсе де сары қарын тартып құрсағы кеңімеген келбетті әйелдің жеңіл қимыл шапанының ішінде белі қыздың беліндей қиылады. С.Жүн. ~ Тұрмысқа шыққан әйелдің жүдеп кететіндері бар. Бойжеткен қалпын сақтайтындар және бар. Ал, Күлпаш сияқтылар сары қарын болғанша толыса береді. Қожанасырдың: «Әрі сүтті, әрі құтты қыз» дегені осындайлар. Т.Әл.

Posted in

САРЫ ЖАҒАЛ

Сарғыш реңді басымырақ аралас түсті. ~ Мұнда бір соғып кетсе болғаны, бұрын көргеннің бәріне алақтап, аралап жүріп алады, шыға алмай қалады. Ауылдың барлық қарала-сарала иттері мен сары жағал, көк жағал лақтарына дейін аралайды. Ғ.Мүс. ~ Өзімен бірге үні де өше бастапты. — Ааа, ууу, ааа? Өзімен қоса үні де келмеске кете бастаған Кербұғы сонау сары жағал таудың ар жағындағы үшпа басы аппақ қар теңдеп, мұнартқан шоқыға қарады. О.Бөк. ~ Күн бесіннен ауа бұлақ басында жатқан отар шымқынып жәйіліп, қыбырлап ере бастады. Арқаға қарай, әлгі өліктер жатқан ашық сары жағал алапқа таман беттеді. С.Ел.

Posted in

САРЫ ҚАРЫН, САЛ БӨКСЕ

Жасы ұлғайып, денесі ауыр тартқан әйел туралы. ~ Бұ қаланікі аздай, ай сайын жер түбіндегі Алматының дүкендерін адақтап қайтады. “Не ала береді екен?” деп бұл таң қалатын. “Не ала беретінін қайтесің, — деді мұның сары қарын, сал бөксесі, — Сен мынаны тыңда: О қаншық бұтына бір мың долларлық дамбалша киеді әуелі. ” Н.Айт.

Posted in

САРПАЛДАҢ ЖҮРІС

Әуре-сарсаңға түсіп болдыру туралы. ~ Осыдан қайтып барғаннан кейін Торғауыт үш ай бойы үйінен шыға алмай жатып қалды. Сарпалдаң жүріс шаршатқан. Ескілікті ауруы да сыр бере бастағандай болған. Ж.Сәм. ~ Жануар сарпалдаң жүрістен иленген терідей созылған түрі бар. А.Нұрғ. ~ Түскі тамақ үшін бір жапырақ нан, яки бір уыс талқанды қойыныма тығып алып, таңертең кетіп, кешке оралатын сол бір сарпалдаң жүріс менің шақайымды шыдатпады. А.Шай. ~ Айдан асқан сарпалдаң жүріс пен басына түскен ауыр қиындықтан жаны қажып, жүрегі сыр берген жесір ана қазір Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығында» ем қабылдап жатыр. БАҚ.

Posted in

САРЫ АЛТЫНДАЙ

Сап-сары, әдемі, бағалы. * Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі, тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіне ұнаған қалпында қалады да қояды. І.Ес. ~ Сол жарлардың бірінің төбесінде сары сырға боялған әдемі үй тұрады, сары алтындай болып жылтырайды. М.Дәул. ~ Сары құлынның сары алтындай болып жерге түсісімен бір аунап алып, лезде орнынан тәлтіректеп тұрып кеткеніне назарым түскен еді. Одан арғы тарихы ағайынға мәлім, — деп ол сөзін аяқтаған. К.Сег. ~ Әуелде адам мені тәуір бақты. Күнде қызылдатады. Кейде сапырып сары алтындай бал беретінін қайтерсің? Д.Қуат.

Posted in

САРПАЛДАҢ ӨМІР (ТІРЛІК)

Әуре-сарсаңы көп күйбең тіршілік. * Оның қате, меніңше, үйленуге, Әйелдің сырын оңдап білу керек. Өмірден көп тәжірибе алу керек, Еркін жүріп, жастықтың дәмін татып, Сол сарпалдаң өмірден қашу керек. Ж.Айм. ~ Осы сарпалдаң тірлікте атақ пен даңқтан да жалығар кезі болмаушы ма еді пенде баласының. Шау тартқан жан «маған бәрін бер» деп емес, «халқыма не бердім» деп ойласа керек-ті. А.Күнт.