Сарғайды. * Көк жапырақ сарқұлақ тартқан күз еді. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРША БЕСІН
Түстен кейінгі, екіндіге таманғы уақыт. ~ Сарша бесінде екі салт атты сар желіп Алабастың қойнауына кірді. Бірінің астында семізден қатқан қара аты бар, бірінікі торы байтал. Ж.Айм. ~ Мамырдың мамыражай сәті ғой. Күн демалыс-тын. Сарша бесін кезі болар. Арасында ұйыт—қыта соққан майда жел қа-й—ың, терегі аралас қалың ағ-аш жапырақтарын ақырын тер-беп, сыбдыр қақтырып қояды. М.Мұқ.
САРҚЫТЫН ІШТІ
Атақты, беделді, өнерлі адамдардың қалған асын сол кісілердің қасиеті жұқсын деген ырыммен ішу дәстүріне қатысты. Өнегесін, жақсы қасиеттерін бойына сіңірді, мұра қылды д.м. ~ Ауылдың орта шенінде. Кеңсеге алынып отырған Жаппасбай үйімен көрші. Омар қартаң адам. Жаппасбайдың сарқытын ішкен үзеңгі жолдасы. Б.Майл. ~ Торсықпай, Мыңжасарлардың сарқытын ішіп келіп, жаңа заманның елегінен өткен, бүгін жүлде алып жүрген халық артистері –Қалыбек, Серке, Елубайлар бір жағынан жарқыраған жаңа болса, екінші жағынан өткен заманнан қалған асыл мұра екендігіне де күмән болмауы керек. Ғ.Мұст. ~ Мына жігіт кім болады? – деп сұрайды Қожакең үй иесінен. – Мен хан сарқытын ішкен асылдың қиығымын! – деп пұшықтың өзі желпіне жауап қайтарады. Ғ.Қаб. ~ Ыбан күмілжіді: Үзеңгі қағысқан ит қой, ренжіп жүрмесе?! Қимасаңыз өзіңіз барып көңілін көтеріңіз! Бұл сөз Ыбанның шамына тиді: Әй, сен кімнің арқасында герой болдың? Мына менің арқамда! Ертең сөзіңнен ши шықса, түзететін әлі де мен! Талай-талай дөкейдің сарқытын ішкен әкең!.. Т.Әл. ~ Үстімде әскер киімі болмағаны мұндай оңды болар ма, әйтпесе қиын болатын еді, мен де тайсалмадым: «Күткеніңіз сол болса, да болар. Разин мен Пугачевтің елді ластардан қалай тазартқанын білесіз ғой», дедім. Ол енді, не десе де, мынау кешегі декабристердің сарқытын ішкен бір қу екен деп қалды. С.Бақб. ~ Салық Зиманов Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, Ұлы Отан соғысында қан кешіп, мұз жастанған батыр, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді. Қ.Мәм.
САРША ТАМЫЗ
Алтын күз таяп қалған уақыт. ~ Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. А.Байт. ~ Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз, Жанында қан, малында қалмаңыз. Оразаның күні еді сол уақытта, Бұл күнде оразаны не қыламыз! Ж.Жаб. * Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір, Сарша тамыз, сарғайттың-ау! Қаңсыдым. Сеңгір-үміт, селдіреме. Сенемін, (Мен де өзімше жақсылармен тең едім) … А.Түс. ~ — Неткен қайсар өзің де, Бір өлермен баласың! Сарша тамыз кезінде Қайда тартып барасың?! Ғ.Қай. ~ Сарша тамыз ішінде, Ыстық еді күн неткен. Жасыл барқыт пішінде, Жайқалып тұр ну біткен. С.Мәу.
САРП БОЛДЫ
Зая кетті. ~ Елеусіздің жүрегі аузына тығылып, өкпесі қысылды. Тула бойы шымырлап, маңдайынан тер шықты. Қаншама нерві, қан-сөлі, саламаттығы сарп болған, екі рет көшіріп жазып, ортан қолы құс байлаған енбегі заяға кеткені ме? Т.Әл. ~ Кейде сол залым сағат осы төстің аңсаулы минуттарын шотқа салып, аяусыз есептеп, уақыттың бей-берекет сарп болып бара жатқанын еске салғысы келгендей есерлене түсе ме дейсің. Қайткенде де кемпірге солай көрінеді. Қ.Ысқ.
САРЫ (САР) ЖАМБАС БОЛДЫ
Ұзақ жатқаннан, бір жерде отырғаннан мезі болды, жамбасы тесілді. ~ Біле білсе, сол ата-баба да бір жұртта сары жамбас боп шаңға көміліп отыра бермей, жанталасып малы мен жанына өріс іздемеп пе еді? Ә.Нұрп. ~ Сары жамбас болып, түгіне су өткен, қыстың аязынан әрең шыққан арық қойлар құйрықтары бүрісіп, қиқым сиқымды теріп жеген болады. Ж.Нәж. ~ Естерек Жаманбайұлы ақсақалға Сапырып тұр Желтоқсан ала шаңын, Мықыр аспан. Мүжік тау. Аласа қыр. Төсек тартып қалыпты сар жамбас боп, Іздеп келген алыстан қара шалым. С.Нұрж.
САРП ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)
Сарқа, тұтас жұмсады (күшін, ғұмырын, уақытын т.с.с.) ~ Бар ғұмырды онсыз да ғылым жолына сарп етіп жүргенде, мекемеде отырып тесіл қағазға, үйде отырып тесіл, сонда денсаулықтан не қалады? Ойлаңызшы өзіңіз? С.Шайм. ~ Вильям Шекспир сонеттерінің кітабын жұртшылыққа қазақ тілінде оқыту үшін аттай алты жылымның ең қымбат уақыттарын сарп еткенімді жыр сүйер қауым біледі. Х.Ерғ. ~ Ойлар… Адам баласының жерден алтын іздегендей ғұмырларын сарп етіп іздейтін ойлары… Қандай қатерлі! Т.Әбд. ~ Бұлардың әрқайсысы қаншама күш жігерді сарп етті десеңізші! Қаншама мазасыз күндер, ұйқысыз түндер өткен… Б.Тоғ. ~ Оның тапқан-таянғаны Бектікі. Ал, Төлені жалғыз өзі жер жыртып, тұқым сеуіп, егін орып, о да бар өмірін ағасының үй ішін асырауға сарп етеді. Т.Әл. ~ Еркімді, елдігімді жұттырмасқа, Алашқа автономия алмақ үшін. Азаматым аямас орны келсе, Жан қиып, сарп қылуға қуат-күшін. С.Тор. ~ Қара бетпін, Қара бетпін, Мына мен. Бар өмірін сарп қылған күнәмен. Өмір-сірә, қанжар емес қолдағы, Болса керек сырлы сазды мың әуен. Н.Айт.
САРЫ АЛА ЕТЕК
Күнделікті күйбең тірлік, ауыр жұмыстан салақсып, сарытап болған әйел туралы. ~ Онысы өзге емес, сол қалың қойды ертелі-кеш тынымсыз бағып-қағу. Қозы алу, қозы салу, қой сауу, құрттаған, биттегенімен алысу. Шалдың айғайымен бірге секіріп тұрып түн ұйқыны төрт бөліп, қалғи-шұлғи жүріп, сары ала етек боп сарп ұру… М.Әу. ~ Он екі жыл бойында мынау әйелім Қатша шешеңнің Қызыл бәйбішенің қолында сары ала етек күң болып, отымен кіріп, күлімен шықты. Сол бәріміз кеше қасыңнан кеткенде немен шықтық? Екі қолымызды мұрнымызға тығып шыққанымыз жоқ па? М.Әу. * — Неге жығушы еді?! Көшеміз — дағы! Сарыала етек боп саздың үстінде отыра бермексің бе?! Бие байлайтын уақыт та таяп қалды. Қ.Ысқ. * Бірер балалы болған соң асау сезім жуасиды, арман болған махаббат ұмытылады. Ауылдың сары ала етек сарпылтаң көп бәйбішесінің бірі болып шыға келеді. Ә.Асқ. ~ Кейде жақсылығына жан жетпейтін жайсаң адамдар бір перзентке зар болып күстаналанып өтеді. Ал кейде ғой, адамшылықтан жұрдай, ақыл-зиыннан тұлдыр сары ала етек салпыаяқтарға күшігін шұбыртқан итпен бірдей үйіп-төгіп береді. Ш.Рахм.
САРП ҰРДЫ
Жанын салды, аяғынан тік тұрды. ~ Қайырсыз, неше сараң байлар да бар Қайықтай толқындағы қалтылдаған. Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп, Ұмтылып талап ойлап талпынбаған. Солардың қатарында біз де жүрміз Мәз болып құр түймеге жарқылдаған. Не пайда өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған? Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған, Қалмаған түк қасиет, қазақ азған. А.Байт. ~ Кәрі бай Зылиханың жарық күнін түнге айналдырған. Жанар отын сөндіріп, тіршілігін күл беттендірген. Жар қызығының орнына көн боп кепкен кәрі шал, Зылихаға мал қызығын ұсынды. Онысы өзге емес, сол қалың қойды ертелі-кеш тынымсыз бағып-қағу. Қозы алу, қозы салу, қой сауу, құрттаған, биттегенімен алысу. Шалдың айғайымен бірге секіріп тұрып түн ұйқыны төрт бөліп, қалғи-шұлғи жүріп, сары ала етек боп сарп ұру… М.Әу. ~ Абай өзі ас ошағы мен қонақ үйлердің арасында соншалық бейіл салып, сарп ұрып жүргендіктен, бұл астың қаншалық ұлаңғайыр уақиға болғанын байқамапты. М.Әу. ~ Ғабитхан содан бері екі күндей қамшысын жоқтап, бар қонақтың мазасын алып, әбден сарп ұрса да, дерек таппай, сілесі құрып, қойған-ды. М.Әу. ~ "Ел жатса да енекем жатпайды"– біз ғой. Жаз да, қыс та сарп ұрып жүргенде, Айғыздың маған қойған аты сарала етек күң. Ән дейміз, ән біздің не теңіміз бопты? деп, екі мұңды өз бастарындағы ауыр еңбек, өнімсіз бейнет күйін күңірентеді. М.Әу.
САРЫ АЛА ТАҢНАН (ТҰРДЫ)
Таң қылаң бере (тұрып алды). ~ Сары ала таңнан тұрып ап, тірсегіңді суға кестіріп кетпен шапсаң, руың түгілі қатыныңның атын ұмытып қаларсың. Ә.Кек. ~ Сары ала таңнан тұрып, шабдар атына мініп, анадай жердегі шолғыншы төбеге шықты. Етекте тапалған төсектей мыж-мыж боп қираған қала жатыр. Ә.Кек. ~ Түнде дұрыс ұйықтай алмады; сары ала таңнан оянып ап, мазасыз ойға қайта шомды. Ш.Айт. ~ Орта ғана шаруасы бар, жақсыға да, жаманға да қосылмайтын Есен елулерді алқымдап қалған кісі еді. Сары ала таңнан сау ете қалған мылтықты, сұсты адамдарды көргенде зәре-құты қалмай, қорқып кетті. Ф.Оңғ.
