Posted in

ҮЗЕҢГІ (ҮЗЕҢГІЛЕС) ДОС (ЖОЛДАС)

Талай жылдар мақсат-мүддесі ортақ болып, қатар жүрген жақын жандар. ~ Пәтшағардың түймедей көздерінде анау айтқандай жаулық жоқ, Қабекеңе күнде иық тіресіп, қатар жүрген жақсы жолдас, үзеңгілес досындай, әйтпесе шапқан шөбін айырласып жинасуға келген ауылдасындай жымиып қарайды. М.Қаб. ~ Көбей — он жыл бірге оқыған, тай- құлындай тебісіп бірге өскен кластасы еді. Балалықтың қызығы мен шыжығын үріп ішіп, шайқап төгіскен үзеңгі досы еді. Ә.Асқ. ~ Сонымен ақталған, орден, медаль алған Сүлейді ауыл советке төраға ғып сайлап кеп жібердік. Бұрынғы үзеңгілес жора-жолдастары жебепті деді ұзынқұлақ. М.Қаб. ~ Өз басым сол ақсақалдардың, үзеңгі жолдастардың, әріптестердің қадіріне жете алдым деп ойлаймын. Н.Нүсіпж.

Posted in

ҰЯТТЫ БОЛДЫ

Қыдыш. Ұятты болдық, ұятты, қор қылды Бұл елді. Бұзық ел, соны өзім әдейі сізге ауызба-ауыз айтайын депкелдім. Несін айтасыз? М.Әу. Мен енді ұйықтаймын. Балаңа не бол. Бізді ұйықтатып тастап, қашып кетіп, Төрежанның (Шыңғысты солайдейтін С. М.) алдында ұятты боп қалмайық. Өйтсе ол бала тірі болмайды. С.Мұқ. Бой жағынан бір кісіге есесін жібермейін Бекет аэропорт начальнигі орнынан тұрғанда иығына жете алмайұятты болып қалды. Қ.Ысқ.

Posted in

ҮЗЕҢГІ ҚАҒЫСТЫ (ҚАҒЫСТЫРДЫ)

~ Әне бір сендер иін тіресіп, үзеңгі қатысып келеді. Оның ар жағында аңдағайлаған жеке қара сендер атой беріп зымырап барады, біріне-бірі мінгескендей үйдей шомбал кесек мұз майдандағы даулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соныдан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын? Ж.Айм. ~ Қоңырмен үзеңгі қағыстырып, тайталасуға дәрмені жоқтығын сезген Мақан тәйжі де үнсіз. Қ.Тол. ~ Бірақ алыстан осылай бір шоғыр болып көрінгенімен сұлтанның дәл жанына ілесіп, тізелесіп, үзеңгі қағыстырып жүре алатындары бірнешеу ғана. Ж.Сәм. ~ Арамтамақ боп алақан жаюдан кеткелі әкені көргендермен үзеңгі қағыстырып, қатар еңбек етіп, бір шекпенді бірге жамылып, солармен замандас болып бірге өскендер. Қ.Ысқ.

Posted in

ҰЯТТЫ ЖЕРІ

«Кәне, қарап алыңдаршы, көгенкөз қайындарым» дегендей, төсі мен ұятты жерін жасырған екі елілыпасымен керіліп-созылып сәл тұрды … Т.Сәу. Жуан әйелдің қалтасына, әлде бір ұятты жеріне қол сұққан сұмырай мына ақырзаман кезінде десұмпайылығын істеп жүр. Ш.Мұрт. Көзін жігіттің төмен жағына қарай сырғыта бастады. Жігіттің ұятты жеріне ұзақ тесілді. Қ.Мүб. Моншаға барған сайын жалаңаш кісілердің арасында көрінгеннен қысылып бүгежектеп болатынсың; қазір дебір айдан бері көрмеген ауылдастар қай жағымнан шығып қалады деп, ұятты жерін алақанымен басып тұрған-ды. Ә.Нұрп.

Posted in

ҮЗЕҢГІ ҚАҒЫСЫП КЕЛЕДІ

Қатар жүріп келе жатқан; мүдделес адамдар туралы. ~ Қайда бара жатқаны да есінен шығып кетті. Үзеңгі қағысқан бір жігітпен желіс салыстырғысы келді. Жаман өкшені қадап, шаужайға қағып жіберді. Ж.Айм. ~ Шындықты іс жүзінен өзі ақ табатын ұлы партиямен үзеңгі қағысып, іс жүзінен оған қарсы шындық табамын деп қарсыласуға дәтің қалай жетті екен! Қ.Шабд. ~ Тізгін сүзе басын шұлғып қойып, төрт аяғын сәнімен топ-топ басқан сәйгүлікке қадалған сайын Яшканың ақ кірпік, бітік көзі шарасынан шыға шоқтай жайнап барады. Палуан үзеңгі қағыстыра тоқтаған. Жартастың ұшарында оқшырайған құлжадай такаппар басын кекжитіп асқақтай қарайды. Т.Сәук.

Posted in

ҰЯТТЫ ЖИЫП ҚОЙДЫ

Қорлығы еттен өтіп, сүйекке жеткен соң ұятты жиып қойып, милицияға да бір неше рет арыз берген. Т.Сәу. — Алдау, ұятты жиып қою қалтаға түскеннен де жаман. Мен бәрін анықтадым. Ешқандай министр сізгеқолқа салмаған. К.Қаз.

Posted in

ҮЗЕҢГІ ТЕҢЕСТІРДІ

* — Дәмімнің садағасы кетсін! Шық үйімнен, оңбаған мұндар!.. Тапқан екесін үзеңгі теңестіретін адамыңды! Көрерміз, тау құлатқаныңды! Күліңді көкке ұшырармын! С.Мұқ. * Еншімді бөліп бермесе де ешкімде есем кетпесін! Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өйткені өзгелермен үзеңгі теңестіріп өмір сүруге хақым бар менің! Айзат Рақыш.

Posted in

ҰШЫҒЫНА ШЫҒА (ЖЕТЕ) АЛМАДЫ

Істің, ойдың түбіне көз жібере алмады; әлдебір түйінді шеше алмады, толық түсіне алмады, ұқпады, мәнісін түсінбеді. * Мұсабай жаман ойдың ұшығына шыға алмай жатқанда, Бірмаған жақсы атты кісі бола қалайын деп, түнде шапқызған екен. Ж.Айм. * Шалының бұл қылығын қанша ойласа да ұшығына шыға алмады. А.Сей. * Апыл-құпыл киініп жатқан сәтінде Күреңбай Нұртайдың кейінгі кездегі оқыс өзгерген осы құбылмалы мінезіне ой жүгіртіп еді, бірақ оның да ұшығына шыға алмады. С.Ом. * Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәріде қарсы емес, бірақ кімнің қолы… Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты… З.Шүк. * О, Тоба! Кейде періштедей көрінген пенделердің адам ұшығына жете алмайтын талай қат-қабат мінезі бар-ау, дүниеде! Е.Мұх. * Бүгін операцияға жатқызамыз дегендерін естіген. «Басқа да пышақ салып жаза ма екен?..» деп Айкүміс осында келгелі ой ұшығына жете алмай жүр. Ғ.Слан. ~ * Байсалбай. Міне, осы. Бүгін ауыз жаласып отырсаң да, саған арнап қойнына бір тас тығып отырады. Сен де сырт бересің ғой әлі, сені осымен матайын деп, бір қауіптің жотасын көрсетіп қояды ғой. Әйтеуір ұшығына бір жете алмай-ақ қойдым, не керек. М.Әу.

Posted in

ҰЯТ АРҚАЛАДЫ

Бар жақсылықты үйіп-төгіп, не алдаусыратып, сөздің артын ұзын арқан, кең тұсауға салып уатсаң, балашасенген ақкөңіл жандардың алдында кешірілмес ұят арқалап, үнемі күнәһар боп жүргенің… С.Жүн. Үрия. Шық үйімнен бейбастақ. Айнаш. Кейін ұят арқаласаңыз бізге өкпелемеңіз. Ә.Тәж. Ал сен болсаң, елдегі тентектігіңді ұлы адамның, ұлы патша Мұрагерінің алдында жасап, айықпас ұятарқалаттың халқыңа. С.Жүн.

Posted in

ҰШЫҒЫНА ШЫҚҚАНДА

*Алайда осы мәжнүн сырдың ұшығына шыққанда, алғашқы әсер ұшты-күйлі жоғалып, орнын әлдебір ылайлы, жайсыз сезім басады. Т.Әсем. * Бірақ сөйлем сайын тарқатылған сұмдық сырдың ұшығына шыққанда о бастағы ізгі махаббаттың қандай аномалияға айналғанын көресіз. Т.Әсем. * Философиялық кульбит сияқты сәт сайын құбылып, аударылып-төңкеріліп тұрған пікірдің ұшығына шыққанда түсінгенім – қазақ әдебиеті тек қана әдеби әулеттің ісі болып қалады екен, және сол кезде қайта өрлеу (!) басталады екен. Т.Әсем.