Posted in

МҰРТЫМЕН ЖҮЗ ЖАРЫП, ҰРТЫМЕН СУ БҮРІКТІ

Кеудемсоқ,, әпербақан адам туралы. * Пышан – мұртымен жүз жарып, ұртымен су бүркетін жігіт, бәлкім, сол мінезі сорына жеткен шығар. Б.Тоғ.

Posted in

МҰРТЫ ТЕБІНДЕДІ

Сақал-мұрты енді ғана шығып келе жатыр д.м. ~ Жә, Құтжан! Кімді меңзеп айтқаныңды түсініп отырмыз ғой. Сөздің оқысына да, нақышына да өкпе артар мұрты тебіндеген бозбала емеспіз. К.Жүн. ~ — Мәлікті отау шығарыпсың, қазан-ошағы күйелешті бол- ғай, — деп аз отырды да, назарын мұрты тебіндеп қалған сүйекті, ер пішінді, қоңыр кескінді бозбала Мәжитке тіктеді. Ө.Кәр.

Posted in

МҰРТЫ СЫНБАДЫ

Еш зиян көрген жоқ, түгі кеткен жоқ. ~ Әсіресе мына Сағындық сияқты ел ішіндегі мұрты сынбаған жуан байлардың қойнындағы қатынын есіктегі Бадырақ сияқты құл-құтанның көптің көзінше жетелеп шығып бара жатқаны өзгеше қылық еді. І.Жанс. ~ Мұқым Төр Алтайдың білім ордасы атанған Әбдікерім мектебінің бір ғасыр өткендегі ендігі түрі осындай,( сан ғасыр өтсе де мұрты сынбайтын қызыл қарағайды бетоннан бала қамайтын қора салдық деп дәулеттер кейін тас-талқанын шығарып отқа жағып қойған). Қ.Ысқ. ~ Адам атадан бері қарай адам аяғы жетіп, ат тұяғы тимеген жердің бір түп көдесінің мұрты сынбай тусырап жатыр. К.Жүн. ~ Негізгі айтар ойы, бойжеткенге жеткізем дегені әлі мұрты сынбаған қалпы көкейінде қаттаулы жатыр. Ө.Кәр. ~ Қолындағысын үгіп тастағалы бар пәрменімен мытып қалған, қатты екен, мұрты сынбады. Ж.Нәж. ~ Қойға құдай ғұмыр берсе қасқыр жағы қарысар, Мүсәпірдің мұрты сынбас аштан өлсе тоғышар. Қасиеттің қара қосын иектесе албасты, Арыстан мен иттің басы итаяқта тоғысар. Н.Айт.

Posted in

МҰРТЫ ОЙЫЛМАҒАН

Дәулеті ортайған жоқ д.м. ~ Бұл да жеті атасынан бері дәулетінің мұрты ойылмаған, маңдайында жарқырап шам жанғандай аса маңғаз, кең саялы бәйтеректей көрнекті жан. Ұ.Досп. ~ Мың жыл мұрты ойылмаған дәулетімнің бір пұшпағын опырса соның өзі-ақ бұл атжалмандардың тамағынан өтпей қақалып өлер деген сенімділігін, өркөкіректігін көлденең тартқандай. Ұ.Досп.

Posted in

МҰРТЫ МАЙЛАНДЫ

Ішіп-жеді, пара алды. ~ Ал Фома Клещов сынды кешегі ақгвардияшылардың қатарында қан кешкендер қолға түссе тіптен мұрты майланбай ма? Ұ.Досп.

Posted in

МҰРТЫ ҚИСАЙМАДЫ

Түгі кетпеді, қыңқ еткен жоқ, со қалпын сақтады д.м. ~ Жігіттер, біраз отырдық. Қанша ішсек те Сапардың арағынын, мұрты қисаятын түрі жоқ. Ұлықсат етсеңіздер таң қысқа… М.Сүн. ~ Алып жатырмын, алып жатырмын, аладорбаға қат-қатымен тоғытып жатырмын. Американың мына кәрі шалының басы мұндай берекелі болар ма, тіпті мұрты қисаятын емес. Т.Сәу. ~ Иса оны естімеді, естісе мұрты қисаймай ағылып кеп сөйлер ме… М.Қаб. ~ Е, Қареке, сонда да шөбіңіз қашанда мұрты қисаймай артылып қалады. Колхоз аман болсын, – деп Қапыш жымың етті. С.Жүн. ~ ЖАРЫЛҒАПОВ: Қазақ тарихы кафедрасының меңгерушілігінен де оны уақытша босату қажет. Қатардағы профессор болып бірер жыл жүре тұрса мұрты қисаймайды М.Сәрс.

Posted in

МҰРТЫ БҰЗЫЛМАДЫ

Еш өзгермеді, бұрынғы қалпын өзгерткен жоқ. ~ Ал енді заң тұрғысынан алсақ, бұл енді мұрты бұзылмаған тақырып, оны зерттеу қажет. БАҚ. ~ Күндер өтіп жатты. Қыс түсіп, қар жауды. Белуардан түскен күртік қар мұрты бұзылмастан, қарысып жатып алды. Қар жатқалы күн суытты. Ү.Жәл.

Posted in

МҰРТТАЙ ҰШТЫ

Құлап түсті; ұшып жығылды. ~ Тісіне тісі сақылдап, дірілдеп, қалшылдап, өлдім-талдым дегенде, түйелерді айдап ауылға келді. Келе мұрттай ұшып, ас үйдегі жаман жабудың арасына кірді… Ж.Айм. * Сыртқы есікке жетер-жетпесте, Мамырбайдың кеудесі үңірейген үш мылтықтың аузына тірелді. Бай шалқалап, мұрттай ұшты. Ж.Айм. ~ Түйдегімен үшеу-төртеуі тағы жетті. Бірін бір, екісін екі сілтеп қалдым, мұрттай ұшты. Тайқып соға берді. Енді құтылдым ғой деп, қара үзе бергенде, қарсы алдымнан бір жарлауыт килігер ме? Ж.Айм. * Жүкең шынында да мұрттай ұшқан екен. – Басым, белім, сүйек-сүйегім шағып әкетіп

барады, – деп қалпақтай түсті. Ж.Сам. * Хадишаның сол күннен бастап ұйқысы бұзылды. «Жирен шалының қалай өлтірілгенін көрмесе де, өзі өлтіргендей болып шошыды. Үш-төрт күннен соң ауырып мұрттай ұшты. С.Досж. * Алқынып келіп, абығып жетіп Репин академиясына құжат тапсырып едім, ол жылы емтиханнан мұрттай ұштым. Ә.Асқ.

Posted in

МҰРТ МІНЕЗДІ

Ожар, дөкір, дөрекі. ~ Ол сені тым жақсы көрген екен, сен де ол барда ырысты болған екенсің, сондықтан тұл болып өмір сүргің келмеді. Бірақ, мен осында отырғандардың жасы үлкені болған соң, балам, саған айтқым келеді: – Оспан Әлі тұқымының әйелдері мұрт мінезді болатын, оларды қолға ұстап отыру қиын, сенің тынышың кетеді деп қорқамын. Ж.Айм.

Posted in
  •  

МҰРТ БАСТЫРДЫ

Мұртын қырғызды. ~ Кейбір үйлердің қасында ермексізден ермек тауып, шаш алдырған, мұрт бастырғандар өздерінше бір топ боп, есіткен-білгендерін ортаға салып, бірінің сөзін бірі қостап, ыстықты да ұмытып, ыстыққа тілгер сусынды да ұмытып, өздеріне жанаспайтын, бұлардың пікірін керек қылмайтын бірер қысыр кеңес үшін-ақ қызыл өңеш боп керісіп отырар еді… Б.Майл.