Posted in

МҰРТ АСТЫНАН ЖЫМИДЫ (МЫРС ЕТТІ)

Сыпайы ғана күлімсіреді. ~ Олардың балалары мен немере-шөберелері өзінің уақытша мекені — жиырма бес қабат қонақ үйдің түбіндегі көшеде, оған «Внуково» деп атау беріпті». Армян жігіті мұрт астынан жымиды. Қ.Түм. ~ Сары тісіне салып тал түстегі дәнді ыстық, Сары мұрттың астынан жымияды сарғыш қып. Ж.Нәж.Ызыңдама! Өміріңнің несі бүлініп кетіпті? – Ұялмайды екенсің я?! Еркектерге мақтан, әйел затына намыс! Абиырымды, арымды айрандай төгіп алып… елге күлкі қып… Жолдыбай мұрт астынан кекесін шырай танытып мырс етті. Т.Рыск

Posted in

МҰРСАТАНА СҰРАДЫ

Мүмкіндік берілуін өтінді. ~ Кейбіреулері: — Ұзағырақ мұрсатана сұрайық, елдің көбі алыс қой, — деді. Дағдарған бастар жамырасып: — Сүйтейік! Сүйтейік! — десті. Губернатордан бір жұмадан гөрі ұзағырақ мұрсатана сұрамақ болды. С.Сей. ~ Ақырында комиссар түсін, дауысын өзгертіп сөйлеп, он бес күнге мұрсатана сұрады. Он бес күнде комитетті қайта сайламақ болды. С.Сей.

Posted in

МҰРСАТ БЕРМЕДІ

Мүмкіндік бермеді, тосқауыл жасады. ~ Бірақ түнгі суық пен күндізгі сабылысқа қарамастан бастырмалата қуып‚ қашқынның аялдауына мұрсат бермей, жолын кесуді ойлады. А.Алт. ~ Студенттік өмір аласапыран, қызыққа толы, ұсақ-түйек тірлігі көп. Ойланып отыруға мұрсат бермейтін. Ә.Әл.

Posted in

МҰРСА ТАПТЫ

Мүмкіндікке ие болды; жағдайы келді. ~ Осындай қарбалас күндердің бірінде Ертайдың отауына Құттыбай келді, ол күйеу баласының көңілін сұрауға енді ғана мұрса тапқан-ды. Е.Мұх. ~ Тап болған жайын ерні қыбырлап әрең айтты да, құлай кетті. Мен оқушыларды көріп, қиялдауға мұрса тауып отырыппын. Қ.Шабд. ~ Сонда да жоқ қараған адамға мойын бұрып, жөнін айтуға мұрса тапқан қыз әкесі бір шай қайнатым уақыт аялдап, Ертайға ғажап бір оқиғаны баяндап берді. Е.Мұх.

Posted in

МҰРНЫҢА ЖЫЛДЫҢ ИІСІ КЕЛДІ МЕ?

Көп ұйықтайтын адамға айтылатын әзіл сөз. ~ Ұйқышыл жалқауға «Мұрныңа жылдың иісі келді ме?» деп әзілдейтініміз сөкет емес. Көктемге қарай адам босаңсып, ұйқышыл болып алады. Сол себептен айтылған. Ө.Кәр.

Posted in
  •  

МҰРНЫНЫҢ АСТЫНДАҒЫСЫН ДА БАЙҚАМАЙДЫ

Алдын болжай алмайтын, ақыл-өрісі тар адам туралы. ~ Жолдасым мұрнының астындағысын да байқамайтын, ал ондай адамды алдаудың өзі қандайда бір қызық сыйлар ма?» В.Наб. ~ «Базарқұл» халық мұрнының астындағысын да көре алмайды. Базарқұлдық – әншейін алыпсатарлық қана. Оны ұрпағыңызға мұра етіп қалдыра алмайсың. БАҚ. ~ Тіпті көз қысуға жарайтын бірeу-мірeулeр дe eсімe түспeй oтыр. Жoлдасым мұрнының астындағысын да байқамайтын, ал oндай адамды алдаудың өзі қандайда бір қызық сыйлар ма?” О.Уай.

Posted in

МҰРНЫНЫҢ АСТЫНАН МІҢГІРЛЕДІ

Түсініксіздеу, санімсіздеу, мыңқылдап айтылған сөз. ~ – Қайдан бiлейiн, телефон шырылдап қоймай қойғаннан кейiн… – Мұрнының астынан мiңгiрледi. Ә.Ыб. ~ — Қоштасу қайда? Сізді де жігіт дейді- ау… Кәмпитке өкпелеген балаша бұртиюын қарашы. — Сау болыңыз… — деді Құлтай мұрнының астынан міңгірлейді. С.Ас.Осы үйдің де, мынау қатынның да иесі менмін дегендей қолтығына жастық қыстырып, бір жамбастаған еркек Бәкіштің сәлеміне мұрнының астынан міңгір етті де, сол қолын ұсынды. Төрлет деген ишарат білдірді. К.Жүн.

Posted in

МҰРНЫНАН ШАНШЫЛДЫ

Асығыс, қауырт жұмысқа салынып, басқа ештеңеге мұршасы жоқ д.м. ~ Сүтті қайнату, қаймағын сүзіп алу, көк суын мұздатып балконға шығару… түгелімен Жолдасбектің мойнында. Оу, оған Жолдасбек шаршай ма? Әйтеуір, олай– былай мұрнынан шаншылып шапқылап жүргенде әлденеге сүрініп кетіп, Рыскүлді оятып алмаса жарағаны. Қ.Жиен. ~ Оған ешкім жауап қатпады. Ескекшілер мұрнынан шаншылып жатқан. Орган тағы да үнсіз қалды. Ш.Айт. ~ … біріншіден, Самарқанның басында егін жинаудан басқа ойдың қазір жоқтығын және мынадай мұрнынан шаншылған қауырт жұмыстың кезінде болуға мүмкін де емесін көріп тұр. С.Мұқ.

Posted in

МҰРНЫНАН ТІЗІП

Тәптіштеп, түк қалдырмай, санап тұрып д.м. ~ Қонақтар көп қинап, қолқа салмай-ақ өзінің күндегі айтып жүретін өлеңдерін мұрнынан тізіп ағыта жөнелді. С.Жүн. ~ Малайлықта жүрген жалшы-жақыбайлар бай малының мұрнынан тізіп жетелеп, қарық болып қалды. Ұзыннан кегі, қысқадан өші бар кедейлер бай малына құрықты аямай-ақ салды. С.Жүн. ~ Құрбанға берген тапсырмасы соларды шауып малын да, жанын да мұрнынан тізіп осында айдап келу болатын. О.Көш.

Posted in

МҰРНЫНАН СУ КЕТТІ

Жұмысбасты болып, ештеңеге қолы тимеді. ~ Мал жайылатын қырқа жақты кезіп, түске таман бір қап тезек теріп әкеледі. Мұрнынан су кетіп жүріп, түскі шайды береді. Сосын, қол орақ арқан алады да, сонау төменгі жазықтан бір арқа қурай немесе ши орып әкелуге кетеді. Б.Соқ.