Posted in

МҰРТЫНЫҢ АСТЫНАН ЖЫМИДЫ

Жәй ғана күлімсіреді, әзілдеді. ~ Әуелі кәрі шешесі: «Мен ойаққа барғанда не бітірем деп көнбеп еді, ақыры кетті, байғұс. Кәрінің сөзін кім тыңдасын. Қан тартып тұр ғой, — деді тақиялы кісі жұқа мұртының астынан жымиып. Қ.Жиен. ~ Командарм сағатты қолына ұстап, қою қара мұртының астынан жұмсақ қана жымиып тұр екен. Қылышымды қынабына салдым да, лыпып трибунаға көтерілдім. Ә.Нұрш.

Posted in

МҰРТЫНАН КҮЛДІ

Жымиды, мырс етіп күлді, күлімсіреді. ~ Бір бөлегі есе тимей қырылысып жатқанда, аталықты рулардан шыққан ақсақалдар атқа қоса иығына шапан жамылып, мұрттарынан күліп жүр. З.Шүк. ~ Мiне, бұл дұрыс. Әсiресе, ана стансаның безделнiктерiн осыған жегу керек‚ — дедi басқарма мұртынан күлiп. Б.Алд. ~ Иван Петрович бір жымың етіп мұртынан күліп қойып, әңгімеге кіріседі. М.Иманж.

Posted in

МҰРТЫНА ҚАРАЙ ІСКЕГІ

Әркім өз шамасына қарай әрекет ететді д.м. * — Асты-үстімді жездей қақтаған екенсіз. Мұртына қарай іскегі, дұрыс қой. Бәрі рас. Ант ұрған автолавщик алты қара тонды фермадағы туған-тумаларына таратып беріпті. М.Қаб.

Posted in

МҰРТЫН ШИРАТТЫ

Керіліп-созылды, кербезденді. ~ Іле есіне тағы бір әңгіме түсті. Ол Мошанбай қарттан естіген, сол абыз ақсақалдың өз басынан өткен оқиға еді, мұртын ширатып отырып әңгімелеп бергені күні бүгінге дейін есінде. Е.Бақ. ~ Күн ұзаққа етік тігіп, көзі талған, қолы қалжыраған Жәуке қарлығаштың қанатындай қиылған сұлу тарлан мұртын ширатып, бір ауық тыныстап отырған. С.Ом. ~ Ойраттың бала– шағасы мен бүкіл көш – керуенін колға түсіріп, жиырма мың жылқысын, қырық мың қойын алдына салған Сюань Е мұртын ширата масаттанып негізгі әскерімен 19 мамырда атының маңдайын аулына бұрған еді. С.См.

Posted in

МҰРТЫН ТІКІРЕЙТТІ

Ашу шақырды, есі шықты. ~ Малымыз үркіп далаға босып кетті — деп мүләйімсыған кезде, тергеу үйінің төменгі жағында отырған Омар қабағын жиыра, мұртын тікірейте мылқау болып бақырып кеп қалғанда, Әбдіғали бетін басып етбетінен түсті. С.Бег. ~ Мен кетсем, сен де сөйтесің, жирен қу, — деді Мысық мұртын тікірейте, көзін алартып. — Қамбадағы бар асыл дүние-мүліктерді сүпит қыласың. М.Әбдіх. ~ Редактор Шерхан Мұртаза «Әуелден ғылым қуып кетіп ең ғой, неменеге қайтып келдің?» деп мұртын тікірейтті. Р.Нұрғ.

Posted in

МҰРТЫН СЫНДЫРДЫ

Шетінен қымқырды, аз-маз зиян келтірді. ~ Колхоздың отыздан астам машинасы тегіс жүріп кетсе, ой мен қырға жүздеген жиі мая тұрғызады… Сонда да кең жердің мол пішенінің мұртын сындыра алмай, қалың шабындығы жабағыдай ұйысқан нелер өлкелер қалып қояды… С.Мұқ. ~ Колхоздың малы қысы — жазы жайылғанда мұртын сындыра алмайтын. Сол шөп қайда қазір? Қ.Жұм.

Posted in

МҰРТЫН МАЙЛАДЫ

  1. Пайдағп кенелді. * «Мал ашуы – жан ашуы» пайда тауып, мұрттарын майламақ болғаны сол, ақ-адал малдарын көзiнен тiзген балықтай ғып, қалмаққа санап берген Қожанның жiгiттерi дүрлiгiсiп: «Атасына нәлет, төре нағашы жұртына бiздi әдейi жығып бердi. К.Сег. ~ Бәйділда Жанғазы төренің етегінен ұстаса,

Раманқұл қара сарттың сарқытын ішіп, мұртын майлағанына мәз, қорасын малға толтырудың әрекетінде жүр. З.Шүк. * Мәселен, қазіргі заманға қатысы жоқ, ескі тарих не алпауыт байлар мен мансапты көкелер туралы жазыңыз. Әрі қауіпсіз, әрі еңбегіңіз еселеп қайтады. Әріптестеріңіздің көбі сөйтіп мұртын майлап жүрген жоқ па? Т.Сәу.Көңілін тапты, аузын алды. * «Жас бала емес пе, ыңғайын тауып, мұртын майлап жіберсем қайтеді», – деп те мұны сайтан түртті. Бірақ бұл ниетінен лезде айнып салды: есіл сөз мірге өтпей жатқанда, бүгінгі жас былайғы ымды қайдан ұқсын деп ойлады. Ә.Асқ. * Арадағы қол алыстырар жорға-жайсаңның мұртын майлап, батагөйлердің алақанын алтындап, шоттың тасын ары-бері қағыстырғанда – тайтұяқтың ширегімен ауылдың ағасы болды, бүтінімен ауданды биледі. Т.Сәу.

Posted in

МҰРТЫН БАСТЫ

Сиретті, қысқартты. ~ — Маған күліп болдың ғой, түге! Енді тегіс күлкіңді тыятын сөзді мен айтайын! Жігітек неге құтырып жүр деп едім. «Бір ауылы әнеугүні Көлқайнардың үстінен күзекке көшіп келе жатқан болып, менің маядағы шөбімді жылқысына жегізіп кетіпті» деп едім ғой, Абай. Ырғызбай жерінің мұртын басуға Жігітектің батылы қалай барды? Содан бері ызам бар. Есем кетіп жүр демеп пе ем? Кеше «Әзімбай мен Жігітектің ана бір өңшең сіңірі шыққан көп кедейі неғып тілге келіп тіресетін болды?!» деп те таңғалып ем. М.Әу.

Posted in

МҰРТЫН БАЛТА ШАППАЙДЫ

Өзін еркін сезінеді, ештеңеден қауіптенбейді; түгі кетпейді, не болса да міз бақпасы анық д.м. * Менің мұғалім балам айтады, Бауыржан тірі тұрғанда, біздің мұртымызды балта шаппайды деп! О.Сәрс. * Өзі банкир. Егер қазақтан шыққан банкирлер қандастарына осындай жақсылық жасай берсе, қазақтың мұртын балта шаппас еді. Ш.Мұрт. * Алешаны сөз қылдың не, қылмадың не — бәрі бір оның мұртын балта шаппайды, қыңбай жүре береді. В.Расп. (ауд.) * Бірінші, екінші орын түгілі, үшінші орынға іліксе де мұртын балта шаппайды. Қаражаты қомақты. Қ.Жиенб. * Ол Бабалықтың әңгімесін зейін қойып тыңдап тұрып: «шіркін, біздің қазақтың әрбір жасы тіршілікке осындай бейім болса, мұртымызды балта кеспес еді- ау! » деп іштей сүйсініп қалды. Қ.Жұм.