Қауырт та ауыр жұмысқа салынды, зорықты. * Бұл август айының бас кезі. Колхоз шаруашылығының ең қарбаласқан қысыл-таяң шағы. Бір жағынан шөп орылып бітпей жатса, екінші жағынан оған егін қабаттасып, колхозшылардың мұрнынан қан кетіп жатыр. Бала, кемпір-шал демей барлық жұрт жұмыс басында. Б.Соқп. ~ Борқанның өмірінде кісі күтуге алғаш рет мұрнынан қан кетіп дайындалғаны осы. Н.Дәут.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МҰРНЫНАН ЕСЕК ҚҰРТЫ ТҮСТІ
Байлық-дәулетке кенеліп, жалғанды белшесінен басып жүр д.м. ~ Нұрбай ақ бата, көп бата алғыстың астында қалды, мұрнынан есек құрт түсіп отырған азамат екен. Ауылдан бір ту бие сойдырып, әруақтарға құран оқытып, ас беріп кетті. Кетерінде «завклубқа» айлық төлеп тұрамын дегенде, Күләнгүл қыз естен танып қала жаздады. Ж.Аяз. ~ Шаған таудың етегінде қызыл-қаңлыдан шыққан Далабай атты үлкен кісі болушы еді. Бұл да өз заманында мыңғыртып мал айдаған, мұрнынан есек құрты түсті дейтін аса дәулеттілердің қатарындағы жан Ұ.Досп. ~ Жағдайы оңалған табыскерді «Мұрнынан есек құрты түсіп қалыпты» деп кекейтіндер де табылады. Ө.Кәр.
МҰРНЫНАН (ТҰМСЫҒЫНАН) ШАНШЫЛДЫ
— Ойпырмай-ай, мұрнымыздан шаншылып сүрнігіп жүргенде, тығыз-таяң бұл не шақырту?! — деп … бас бухгалтердің қасына барды. О.Сәрс. ~ Сүтті қайнату, қаймағын сүзіп алу, көк суын мұздатып балконға шығару… түгелімен Жолдасбектің мойнында. Оу, оған Жолдасбек шаршай ма? Әйтеуір, олай- былай мұрнынан шаншылып шапқылап жүргенде әлденеге сүрініп кетіп, Рыскүлді оятып алмаса жарағаны. Қ.Жиен. ~ Оған ешкім жауап қатпады. Ескекшілер мұрнынан шаншылып жатқан. Ш.Айт. ~ Жұмыстың қара қыртысын айырмасаң да қора-қопсының жыртық-тесігін жамап-жасқап, мал шетіне шығысып, шаруа қамына жетісе алмай тұмсығынан шаншылып жүретін балаларыңа бас-көз болып айғайлайсың. Ғ.Біл.
МҰРНЫНАН (ТАНАУЫНАН) ЕСЕК ҚҰРТЫ ТҮСІП ТҰР
Кеудесіне нан пісті; мейманасы асты; менмен, өркөкірек адам туралы. * Нұрбай ақ бата, көп бата алғыстың астында қалды, мұрнынан есек құрт түсіп отырған азамат екен. Ауылдан бір ту бие сойдырып, әруақтарға құран оқытып, ас беріп кетті. Кетерінде «завклубқа» айлық төлеп тұрамын дегенде, Күләнгүл қыз естен танып қала жаздады. Ж.Аязб. * Үйі аузы-мұрнынан шығады. бірақ, балам қазақтың «мұрнынан есек құрты түсіп тұр» деген сөзін ұқпайды. Қызғанбаймын, дүние-мүлікті жинасын. Қайғырамын, сол дүние, қайырлы болар ма? С.Жүн. * Інім, Төлентай ғана ма, осы сұрақты сол кездегі сол Ботпай болысындағы ең мен тәуірмін, мұрнымнан есек құрты түсіп тұр деген белсенділер — Сартжан, Нұрлан, Нұрқалыққа берші, олар да жарытып ештеме айтпас еді. Б.Қыд. * Балам, өздерің көрген шығарсыңдар, мен көрмеген байлықты, мен жимаған асылды жиып отыр. Үйі аузы-мұрнынан шығады. бірақ, балам қазақтың «мұрнынан есек құрты түсіп тұр» деген сөзін ұқпайды. Қызғанбаймын, дүние-мүлікті жинасын. С.Жүніс.
* Інім, Төлентай ғана ма, осы сұрақты сол кездегі сол Ботпай болысындағы ең мен тәуірмін, мұрнымнан есек құрты түсіп тұр деген белсенділер — Сартжан, Нұрлан, Нұрқалыққа берші, олар да жарытып ештеме айтпас еді. Б.Қыдырб.
* Басқа мақсаттың бәрін жылы жауып қойғанның өзінде сен сияқтылар-дың мұрындарындағы есек құрт түскенге дейін талмай таласып, аяспай айқасу үшін де білім іздеу керек-ау, шіркін. К.Сегізб. * Ол кезде жазушылардың «лидері» үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке «штаттан тыс кеңесші» болдым деп, танауынан есек құрты түсіп, адам баласын менсінбей, әбден шелиіп алған шағы болатын. Қ.Жұм.
МҰРНЫНА (ТАНАУЫНА) СУ ЖЕТПЕЙ ОТЫР
Жұмыстан қолы босамайды. * Қысқасы, аз сөйлеп, көп істеп, тезірек табан жалтыратқан жөн. Мұрындарына су жетпей отырған қыздар қиқақты көтермейді, сөзбен, қабақпен болсын, аямай жасқап жібереді. М.Қаб. * Өзіне де обал жоқ, қыс қызметім бар дейді, жаз малының шөбі, отын-суының соңында танауына су жетпей қу жанын отқа сап жүргені… Қ.Ысқ. *Хат неғып үзілді десем, басқарма болған соң мұрнына су жетпей жүр екен ғой. К.Қаз. ~ Алдымен алыстан ат шаршатып келген күйеу баланы сыйлайық. Қу сөзден қуырдақ қуырғанша ана шалға барсайшы. Қорада мұрнына су жетпей жүр. М.Қаб.
- Өлкедегі үлкен ұлықтар жиналысқа шақырып, мұрнымызға су жетпей жатыр, — деп еді Махсұт. Т.Рыс.
МҰРНЫН ШҮЙІРДІ
Менсінбей қарады. ~ Қатарындағы өзге көліктерге мұрнын шүйіре, аспандап қарайтын секілді: терезесінің әйнегі шытынап, әлдебір жанды мақұлықтай ыңыранған дыбыс білдіреді. Д.Қуат. ~ Иә, қазіргілер осы көне медицинаны және шөппен емдеуді менсінбейді. Мұрындарын шүйіре қарайды. Ж.Баб. ~ Қашанғы итшілей берем. Қолжаулық болмаған нем қалды. Әй, анау шөпжелке Маргарита да мұрнын шүйіреді. С.См.
МҰРНЫН ТЫРЖИТТЫ
Ұнатпағанын, менсінбейтінін танытты. ~ Мұның осы ойын растағандай жаңағы өзімен бірге еріп келген үлкен кісі мұрнын тыржитты: ─ Ана пәленшекең салған бұрынғы өрнектер жақсы еді ғой. Мынасы немене?… С.Шай. ~ “Тфу, кәпірлер, шошқалар, жиіркенбей қалай тұрған?” деп бұрынғы тұрғындарға кейіп, мұрнын тыржитты. Н.Сам.
МҰРНЫН ТЕСКЕН ТАЙЛАҚТАЙ (ТОРПАҚТАЙ)
Елпілдек, көнбіс. ~ Сол желіңді оңтүстіктен біреу ұстап алып, мұрнын тескен тайлақтай жетелеп келіп пе?! Сен көрмесең, мен көрмедім. Б.Ыбыр. ~ Ол құрғырлардың мұрнын тескен тайлақтай ә дегеннен елп ете түсетiнi бар да жақсылықты түсiнбей тыртысатындары қаншама! Т.Сәук. ~ Ондайлардың айтқанына көніп, айдауына жүріп, мұрнын тескен тайлақтай елпектемей соныға жол салған, қиынға құлаш ұрған ләзім. Ө.Кәр. ~ Мен де атыма мініп, мұрнын тескен торпақтай, оның соңынан ере жөнелдім. Ә.Асқ.
.
МҰРНЫН ТЕСКЕН ТАЙЛАҚТАЙ ЖЕТЕКТЕДІ (ЖЕТЕЛЕДІ)
Айтқанына көндірді, артынан ертті. ~ Кісі қадірін біліп көрмеген құрдымның қызы — бұл кімді сыйлайды дейсің? Есендікті мұрнын тескен тайлақтай жетектеп алғаны — анау. М.Әу. ~ Тілші деген қу халық. Әсіресе, колхоз председательдері мен совхоз директорларын мұрнын тескен тайлақтай-ақ жетелеп үйренген. С.Бақб.
МҰРНЫН ТЕСКЕН ӨГІЗДЕЙ (ТОРПАҚТАЙ)
Жетекке көнгіш, момын; біреудің айтқанымен жүретін адам туралы. ~ Шаруадан басқаны білмейтін жуас күйеу, көк айыл әйеліне қарсы ештеме айта алмай, мұрнын тескен өгіздей жетегіне еріп жүре береді. С.Жүн. ~ ~ Елді өгіздей өрге сүйреп,өркенін өсіретін де, еңіске тартып, еңсесін түсіретін де басшы деп біледі ол. С.Ақт. Ө.Кәр. ~ Сосын бұйдаланған тайлақтай көш соңынан далақтайсың, немесе мұрнын тескен өгiздей өндiршегiң үзiлгенше темпеңдеумен күн кешесiң. Т.Әлж. ~ — Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап… Т.Әбд.
