Әр шаңырақ, жеке үй. * Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар? Ж.Айм. * … өз тұқымына түскен алымшығынды түндік басына үлестіру, жинау, олардың арасынан мал табу Көксаудың қолында. Ж.Айм. Патшалық Ресейдің әр үйге салатын салық атауы. * Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар? Ж.Айм. * Мұндайлық айналма пәленің ашық аты — «Недоймке», «Қарашығын» және биыл түскен «Түндік басы». М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ
Шынтуайтын айтқанда. ~ Ол қандай құдандалық? Түсінбедім, інішек. — Е, аздап ұқсайтындықтарын айтамын. Түптеп келгенде, құрма дегеніңіз араб жерінің, оазистерінің осыған ұқсас жидесі ғой. Ж.Шағ. ~ Бұл түптеп келгенде, бұрын-соңды еш жерден кезікпеген тың сюжет. Таза, қоспасыз, табиғи шығармашылық шешім. Қ.Жиен. ~ Біз бірбірімізді танимыз, баяғыдан білеміз деп ойлаймыз, түптеп келгенде, түк те олай емес, біз ең әуелі өзіміздің кім екенімізді зерттеп алайық та. О.Бөк. ~ Олардың да түптеп келгенде тірелетіні – түгел нәсілдің түбі бір. Түп атасы – Адам ата. Ү.Жәл.
ТҮН ҚОЙНАУЫ
Қалың қараңғылық. ~Түн қойнауынан суырыла шыққан жалғыз көзді жалмауыз сықылды ысылдап-пысылдап ұмтылған поездың тақылдаған таңдайы Дарханның миына шеге боп қағылып, жүрегі лоблыды. О.Бөк.
ТҮНЕК ОРНАДЫ
Айналаны меңіреу қараңғылық. қара түнек басты. * Дастарқан басына тағы да түнек орнағандай болды. Б.Тоғ. ~ Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. М.Мағ. ~ Бәрі қосылып ән шырқады: — Айды құлатып жерге таптаймыз, Орманды жолбарыстан сақтаймыз, Патшамыздан әмір болса, Дүниені бүркеп тастаймыз. Жолбарыстың жолы болмайды, Жүрген жеріне түнек орнайды. Тамаша! Тамаша! М.Әбдіх.
ТҮН ҚОЙНЫНА СІҢДІ
Қараңғы түнде жолға шығып, көрінбей кетті. ~ Екеуі аяқтарын жіті басып, әне- міне дегенше түн қойнына сіңіп кеткен. Қ.Жұм. ~ Тұншыға өксіп қалбақтаған көлеңке түн қойнына сіңіп алыстай берді…Т.Сәу.
ТҮНЕК ТҮНДЕЙ ТҮНЕРДІ
Қабағы қарс жабылды, ашулы кейіп танытты. ~ Түнек түндей түнеріп, қара күйе жаққандай қарайып, сыр бермей сазарып отырып қалған кемпір мен шалдың сыңайын таныған қу келін оларды немересімен алдарқатты, ес жиып, етегін жауып, алты жасқа аяқ басқан Қуанышты балдай тілімен, шекердей қылығымен беріп кететінін айтқанда Мәлике сылқ етіп жібіп кетті. Ғ.Біл.
ТҮН ҚҰШАҒЫ
Түпсіз қараңғылық. * Қатшагүл артына қайта-қайта қарағыштап, Жаңылға ілесіп қараңғы түннің құшағына сіңіп барады… О.Сәрс. * Асылып — ақ Шолпанға түн құшағы, Қалуға таңмен бірге тырмысады. М.Мақ. * Түн құшағында мүлгіген елес, Қараша гүліндей солған. … Түн құшағында мүлгіген елес,– Өрмекші тоқыған тордай. Т.Таңж. * Еділ түннің құшағында күрсініп. Әлденендей қалың ойға шомады. С.Мәул.
ТҮНЕМЕЛ ҚЫМЫЗ
Екі тәулік сақталып, сапырылған, пісуі әбден жеткен қымыз. ~ Бүгін, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгі оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды. М.Әу. * Тай қазандар асылып, саба-саба түнемел қымыз әкелінді. Ә.Шәр. ~ Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. С.Жүн.
ТҮН МАУЖЫРАП ТҰР
Мүлгіген тыныштық жайлаған түнгі уақыт. * Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап Тыныш жатқан тұнық су. М.Жұмаб. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк. ~ Біз атқа мінгесіп келе жатқанда түн маужырап, дала мүлгіп жатқан кез еді. Ш.Айт.
ТҮННІҢ ЕТЕГІ ТҮРІЛДІ
Таң қылаң берді. * Айнала әлдебір жұмсақ нұр, таңғы сәуленің бояуымен әсте- әсте айқындана көрініп, түні бойы дүниені тұмшалаған қапас қараңғылық ақырындап сейіліп бара жатқан ғажайып сәт. Қаракөлеңке атаулы күн батысқа қарай елеусіз ғана сырылып, түннің етегі түріліп келе жатыр. Ж.Шағ.
