Көңілсіз, жабырқау, салқын жүзді адам туралы. ~ Сонда да басы көшпелі ойлармен әуре. Қарасы үзілген Сүйгембай есінен жуырда шықпады. «Түсінбедім осы шалға» деп келе жатып Қаменге ауысты бір кезде. Шағын денелі, шүңірек көз, жар қабақ, күдістеу келген қатыңқы қара кісі жоғары әсте қарамайды, жарқылдап бір күлмейді, түнгі жартастай тұнжыр, қорқынышты. Ол жазы-қысы жалғыз үй. Әйелі жалғыз қалады. Қалай іші пыспайды, қорықпайды? Ғ.Мұст.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮП ІЗІНЕ ТҮСТІ
Қыр соңынан қллмай аңдыды. ~ Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес кезеңіндегі қасаң тәртіп тұсында атамыздың затын айту былай тұрсын, атын атауға батылымыз бармады емес пе. Әкеден әрі асып, түбіңді, тегіңді түгендей бастасаң, ұлтшыл деп түп ізіңе түсті. С.Ақт.
ТҮНДЕ ТҮСІНДЕ, КҮНДІЗ ЕСІНДЕ
Бір сәт те ұмытқан жоқ, жүрегінде сақтады д.м. * Ақбөбек үшін Қайыптың жалғыз екенін ел неге ескермейді? Түнде түсінде, күндіз есінде тек сол Қайып тұратынын неге түсінбейді? Ү.Жәл.
ТҮП ҚАЗЫҒЫН ТАПТЫ
Шыққан тегін тапты. ~ «Қар қызы» повесінің алғашқы нұсқасы 1978 жылы жарық көрген еді. Орыс тіліне аударылу барысында мүлдем қайта жазылып, соны оқиғалар мен жаңа кейіпкерлер қосуға тура келді. Сол секілді айтылар ой түп қазығын тауып, авторлық концепция анықтала түскен секілді. Сондықтан да оқырманның назарына қайта ұсынуды жөн көрдік. О.Бөк.
ТҮНДЕ ҰЙҚЫ, КҮНДІЗ КҮЛКІ ЖОҚ (КӨРМЕДІ)
Күндіз де, түнде де дамыл таппады. * Үш қатынның үстіне төртінші қатын аламын деп әуре болып, түнде ұйқың, күндіз күлкің жоқ. Ә.Шәр. ~ Ойы кемел, кесімі әділ, ғұзырындағы қара орман жұртын қайтсем бақытты қылам деп түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеді. Т.Сәу. ~ Жиылып қырық молда кітап ашқан, Халықтың көкірегін қайғы басқан. Мал-мүлкін, бақ пен тағын талақ қылып, Түнде ұйқы, күндіз күлкі қалды астан. "Нұрғазарын".
ТҮП ҚАЗЫҚ
Негізгі бастауы, арғы атасы, шыққан тегі, қайнар көзі. ~ Хазовтың бар бәле-сұмдығын, қай жерде қашын жүргенін Нұртай біледі. Оның түп қазығы — Нұртай… С.Омар. ~ …" ~ Әрине, түбегейлі қам-қарекеттің ішінде түп қазығы боларлық қаншама түбірлісі мен түйіндісі бар. Қ.Баян. ~ Мемлекет басқару барысында кездескен қандай бір қиын түйін мәселені де осы қағидаға сәйкестендіре отырып шештім. Менің ұрпақ алдындағы парыз-қарызымның абыройлы, атақ-даңқымның ғұмырлы болмағының түп қазығы осында…И.Сап.
ТҮНДІГІ ЖАБЫЛДЫ
Бір үйден ешкім қалмады, шаңырағы құлады. * «Хайуан! Ит те болса немере қызын алды, енді жекжат. Аямай ма?.. Түндігі жабылып, ошағындағы оты біржола сөнсін дегені ме? М.Сүн.
ТҮП ҚОПАРЫЛДЫ
Өре түрегелді; жаппай жиналды. * Өткен жылы көшеміз деп түп қопарылғанда тағы да солардың үгітімен жылыстап қалып қойды. Ж.Шәк. ~ «Шіркін Дайын!» деп, малшы қауымның ойдағы қыстауларға барып қонып, бірер ай отырса да сағынып, түп қопарыла, жапа-тармағай жарыса, жанталаса қайтадан абыр-сабыр көшіп келетін себебі осы шұрайлы мекенжердің қадір қасиетінде. Ш.Рах.
ТҮНДІГІ ЖЕЛПІЛДЕДІ (ЖЕЛБІРЕДІ)
Еліріп кетті, масайрады. * Келіншек бір шаруамен тысқа кетті. Сол мұң екен, Алшағыр өзөзінен от алып кеткен мотоциклдей таңқылдай сөйлеп, түндігі ал желпілдесін. М.Қаб. * Мектеп терезелерінен де жылт еткен жарық көрінбеді. Тек көшенің ары бетіндегі үлкен үй асып-төгіліп жатқан қуаныштан түндігі желпілдеп тұр. Ә.Нұрп. ~ Обалы не керек, бұл кісі жаңалық десе түндігі желпілдеп тұратын, көркем әдебиетті, оның ішінде детектив жанрын сүйіп оқитын жан-жақты жан еді. М.Қаб. Берекесі кетті, қиын-қыстау жағдайға тап болды. * Жөтелге булыққан Асқар ауыр ойда: «патшашыл заманның дауылы қиратқан Ботагөздің ұясы, революциядан кейін қайтадан құрала бастаған еді,– деп ойлады ол,– міне, енді екінші дауыл көтеріліп, алыстағы екпінінен, жаңа ғана тіккен отауының түндігі желпілдей бастады. С.Мұқ. * … бір кезде Айжан ақылын айтып, арашашы болған, бүлінгелі төбесі қисайып, үйінің түндігі желбірей бастағанда құтқарып отыр. М.Сүн.
ТҮП НАҒАШЫ
Шешенің нағашыларының оның балаларына туыстық қатынасы. Шешенің нағашысы түп нағашы; әкенің нағашысы тек нағашы аталады. ~ Осыны айтып, Тұрардың түп нағашысы мүрденің, арғы басына барып, қатқан топырақты саусақтарымен тырмалап жатып, тот басқан бір темірді ырғап-ырғап суырып алды. Ш.Мұрт. ~ Қаржекең маған түп нағашы болып келетіндіктен біртүрлі туыс тартып жақындағым келіп тұратын-ды. Д.Байм. ~ Маған түп нағашы, ғылым жолында аға-іні болып келетін Қаржекеңмен үнемі байланыста, бірбірімізбен хабарласып тұрдық. Менің жазған «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» тарихи кітабыма бас сарапшы болды, жақсы пікірін жазды. Д.Байм.
