Posted in

ТҮН ҚОЙНАУЫ

Қалың қараңғылық. ~Түн қойнауынан суырыла шыққан жалғыз көзді жалмауыз сықылды ысылдап-пысылдап ұмтылған поездың тақылдаған таңдайы Дарханның миына шеге боп қағылып, жүрегі лоблыды. О.Бөк.

Posted in

ТҮНЕК ОРНАДЫ

Айналаны меңіреу қараңғылық. қара түнек басты. * Дастарқан басына тағы да түнек орнағандай болды. Б.Тоғ. ~ Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. М.Мағ. ~ Бәрі қосылып ән шырқады: — Айды құлатып жерге таптаймыз, Орманды жолбарыстан сақтаймыз, Патшамыздан әмір болса, Дүниені бүркеп тастаймыз. Жолбарыстың жолы болмайды, Жүрген жеріне түнек орнайды. Тамаша! Тамаша! М.Әбдіх.

Posted in

ТҮН ҚОЙНЫНА СІҢДІ

Қараңғы түнде жолға шығып, көрінбей кетті. ~ Екеуі аяқтарын жіті басып, әне- міне дегенше түн қойнына сіңіп кеткен. Қ.Жұм. ~ Тұншыға өксіп қалбақтаған көлеңке түн қойнына сіңіп алыстай берді…Т.Сәу.

Posted in

ТҮНЕК ТҮНДЕЙ ТҮНЕРДІ

Қабағы қарс жабылды, ашулы кейіп танытты. ~ Түнек түндей түнеріп, қара күйе жаққандай қарайып, сыр бермей сазарып отырып қалған кемпір мен шалдың сыңайын таныған қу келін оларды немересімен алдарқатты, ес жиып, етегін жауып, алты жасқа аяқ басқан Қуанышты балдай тілімен, шекердей қылығымен беріп кететінін айтқанда Мәлике сылқ етіп жібіп кетті. Ғ.Біл.

Posted in

ТҮН ҚҰШАҒЫ

Түпсіз қараңғылық. * Қатшагүл артына қайта-қайта қарағыштап, Жаңылға ілесіп қараңғы түннің құшағына сіңіп барады… О.Сәрс. * Асылып — ақ Шолпанға түн құшағы, Қалуға таңмен бірге тырмысады. М.Мақ. * Түн құшағында мүлгіген елес, Қараша гүліндей солған. … Түн құшағында мүлгіген елес,– Өрмекші тоқыған тордай. Т.Таңж. * Еділ түннің құшағында күрсініп. Әлденендей қалың ойға шомады. С.Мәул.

Posted in

ТҮНЕМЕЛ ҚЫМЫЗ

Екі тәулік сақталып, сапырылған, пісуі әбден жеткен қымыз. ~ Бүгін, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгі оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды. М.Әу. * Тай қазандар асылып, саба-саба түнемел қымыз әкелінді. Ә.Шәр. ~ Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. С.Жүн.

Posted in

ТҮН МАУЖЫРАП ТҰР

Мүлгіген тыныштық жайлаған түнгі уақыт. * Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап Тыныш жатқан тұнық су. М.Жұмаб. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк. ~ Біз атқа мінгесіп келе жатқанда түн маужырап, дала мүлгіп жатқан кез еді. Ш.Айт.

Posted in

ТҮННІҢ ЕТЕГІ ТҮРІЛДІ

Таң қылаң берді. * Айнала әлдебір жұмсақ нұр, таңғы сәуленің бояуымен әсте- әсте айқындана көрініп, түні бойы дүниені тұмшалаған қапас қараңғылық ақырындап сейіліп бара жатқан ғажайып сәт. Қаракөлеңке атаулы күн батысқа қарай елеусіз ғана сырылып, түннің етегі түріліп келе жатыр. Ж.Шағ.

Posted in

ТҮЛКІДЕН ЕПТІ, ТҰРЫМТАЙДАН АЛҒЫР

Аса іскер, не нәрсеге де шебер, зерек. ~ Ұрымтал жерде өткір, табандасқан жерде тартысқа белді, Кавказдың қара ала қанжарындай Шеркес Қали жігіттер арасында түлкіден епті, тұрымтайдан алғыр. І.Жанс.