Жорта аңқаусып, қулыққа басу. ~ Есенейдің алдын ала Тоқсанмен жолығысқан Құрымсы: — Құрдас-ау, сен түлкі жортағыңды қоя тұрып, тура сұрауға, тура жауабыңды берші: Керей, Уақ осынша қара тер болып шапқылағанда, түпкі мақсатың не? -деді. С.Мұқ. ~ Айбаршаның тік мінезінен қаймығатын Самарқан, өзі білетін сыпайы әдістің бәрін қолданып сөзге келтіріп алды да, туралап айтпағанмен, көңіл күйін сездірді. Оны түсінген Айбарша, есін білген қыздың түлкі жортағына салып, қоштасқанда Самарқанның кеудесіне үміт сәулесін қалдырған сияқтанып кетті. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮН КӨБЕСІ СӨГІЛДІ
Қараңғылық ыдырай бастады, таң қылаң берді. * Түн көбесі сөгіліп аспан төсіне бозамық нұр жүгірген. Байлаудағы боз шиыршық атып тұр. Ж.Баш.
ТҮЛКІ ЖОРТПАС ТҮЛЕЙ
Ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс, ну орман; меңіреу жатқан есіз дала. ~ Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады. Жапалақ ұшпас жапаннан Жалғыз кетіп барады. Ит татпаған ащы көл, Онан да татып барады. "Мұң.-Зар." ~ Жетінші тауға жанасып, Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады. Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады. Жапалақ ұшпас жапаннан Жалғыз кетіп барады. "Мұңлық — Зарлық". ~ Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады. Түлкі жортпас түлейден Төтелеп өтіп барады. Құлақтың [түбі] терледі, Терлеген сайын өрледі. "Мұңлық — Зарлық".
ТҮН ҚАРАҢҒЫСЫНА СІҢДІ
Қараңғыда алға басып, көрінбей кетті. * Артынан қарап тұрған баласының бұл ұзай бере көз жасына ерік бергенін білді. Өзі де алай- түлей болған толғанысын тежей алмай бірте- бірте түн қараңғысына сіңіп бара жатты… О.Көшб. * Бәрі жиналып, мәшинені гүр еткізді де, түн қараңғысына сіңіп кете барды. Ә.Асқ.
ТҮЛКІ КӨЗ
Тіміскілене қараған көз. ~ Бақтыгерей менің ойланып қалғанымды көрді де, түлкі көздерін сығырайтып, баяу ыңыранып, сөзін жалғастыра берді. Б.Тоғ.
ТҮН ҚАСАРҒАНМЕН, КҮН ЕРКІНЕ ҚОЯР МА
Табиғаттың заңына бөгет жоқ, болатын іс болмай қоймайды д.м. * Осындай ойлармен қыс бойы Қартқожаның басы қатады. Үйіне барғысы келмейді. Барса қақпанға түсетіндей. Біржола қол-аяғы кесілгендей көреді. Түн қасарғанмен, күн еркіне қояр ма? Ж.Айм.
ТҮЛКІ КӨРГЕН КІРПІДЕЙ ТЫЖЫРЫНДЫ
Шошына қарады. ~ Шалтабайды көргенде Омарбек түлкі көрген кірпідей тыжырынып, тікенегін сыртына шығарып, кежігіп, күжірейе қалушы еді. Енді тек осы екеуі тіл тауы қалмаса екен. Б.Қыд.
ТҮН ҚАТАР
Түнгі жорық, жол жүру. ~ Сол бетпен ымырт жабылып бара жатқанда қалың таудың күнгейінде отырған үш-төрт ауылға келіп, соның біріне түстік. Ақсақалдар күні бойы үй иесімен әңгімелесіп отырды. Біз шай ішіп алған соң, түн қатардың алдында ұйықтап алмақ болып жатып қалдық. М.Әу. ~ Дүние емес барқытың, Пүлішің де. Еңбек етсе қазақтар — Күні үшін бе?! Телефонды ап әжеміз Берлиндегі Сөйлеседі ұлымен түн ішінде. Бозбалалар, Боздақтар бұл қатарда Батырларша баяғы түн қатар ма?! Маңмаңгердің тарамай құйрық-жалын. Машинасын жуады күн батарда. Қ.М.- Әлі. ~ Салтанат, сауық ханда жоқ, Уақыт-ты ол кез тым қатал! Санатта, сірә, санда жоқ санаса күндер түн қатар. Шығыстан шалқып шықпай күн Шырайы келмей күн батар! Е.Әбдіх. ~ Жыр жазып бұрын түн қатар едім, Оны да бүгін сиреттім. Тіршілік деген, жыр емес екен, Түсіне кірер жыраудың. Ұ.Ес.
ТҮЙЕ ҚОТЫР (СӨЗ)
Әркімге бір тиісіп, қағытып отыратын адамның қыршаңқы тілі туралы. ~ Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр, Бұйрық айтып біреуге арнап отыр. Жұлындырып ежелден отыратын Мұның сөзі қыршаңқы, түйе қотыр.. Жамбыл.
ТҮЙЕНІҢ ТАБАНЫ ТИЕР
Өте алыс жер. * Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын… Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Ә.Асқ.
