Posted in

ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАДЫ

Дұрыс бағытынан аумады. * – Ағайын, тура би бол деп, сенім арттың. Тура жолдан таймағаныма көздерің жетіп, көңіліңде күдік қалмасын, – деп, ол жүзінен дауда жеңіске жеткенін сездірмей, байсалды қалпын бұзбай отырған Солтанға мойын бұрған. К.Сег.

Posted in

ТУ СЫРТЫН БЕРДІ (КӨРСЕТТІ)

Теріс айналды, арқасын берді, қарамай кетті. * … – шалқып отырған шағында алдыңда құрдай жорғалап, табаныңды жалауға арланбайтын болыстар енді ту сыртын берді. С.Жүн. ~ Еріксіз үрейлене құлақ түресің; төңірек тып-тыныш, бұйығы мүлги тұр. Ай қасты құлпы тастар да ту сыртын беріп, жүгініп отырған тірі аруақтай суық. М.Сүн. ~ Ендеше Қобланды сияқты етекке жармасқандарды қағып- сілкіп шаңға аунатып тастамасаң, қойны- қоншыңдағы байлық құмдай сауылдап, қолыңдағы билік сусып шығып, бауырыңа басқан кермиықтар ту сыртын көрсетіп, безіп кетпей ме. С.См.

Posted in

ТУРА ОТЫРЫП, ҚЫҢЫР СӨЙЛЕДІ

Кесір мінез танытып, кекетіп сөйледі. ~ ─ Ә, Назармысың, – деді жұмсақ жымиып. – Шырағым – ай, тура отырып, қыңыр сөйлеу әдет болды–ау саған. Арғы атаң батыр Жәнібекпен бірге жауға аттанып еді, ал сен бар болғаны май тасып жүрсің… Т.Әл.

Posted in

ТУЛАҚТАЙ ТОЗДЫРДЫ

Талап, тартып, аяққа басып, тозығын шығарды. * Бір өрісті тулақтай тоздырып көрген атасы ма, көшіп келген жеріне он күн тұрақтамай жатып: «Ойбай, мына жұрттың миы шығып кетті. Қой, бұл өрістің де оты қашты», — деп, жаз бойы жұрттан жұрт ауыстырып, жыл құсындай жылға қонып жүруші еді. Д.Әш. * Басқыншылар табаны астында туған жер тулақша тозып жатқан кезде бұлар бірінің басын бірі шапқалы келеді. С.Елуб.

Posted in

ТУРАСЫН АЙТҚАНДА (АЙТСАМ)

Шынын айтар болсам д.м. ~ Ш о қ а н. Әкемнің менен тілейтіні не сонда? П о т а н и н. Турасын айтқанда, сайлауға таласуды қойып, бұл арадан кеткеніңді тілейді. С.Мұқ. ~ Турасын айтқанда, оларға Москваны көру жоқ,– деді Панферов. Т.Ахт. ~ Мысалы, мен үшін махаббат – психикалық аурудың бір түрі. Турасын айтқанда, кәдімгі жүйке дерті. Ә.Асқ. ~ Ендеше жақсылықты жақсылықпен қайтаруым қажет секілді. Турасын айтсам, ішкізіп, жегізуім керек. Б.Соқ. ~ Зүбәржат, мен саған да мықты тірек сүйікті жар бола алмадым. Қайтейтін, қатал тағдыр әу бастан оған жазбаған шығар, турасын айтсам, маңдайымызға оны жазбапты. Ж.Шағ.

Posted in

ТУЛАҚША САБАДЫ (ҚАҚТЫ)

Иттей қылып ұрып-соқты. * Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. Көз алдымда қатын- баламды тулақша сабатып тірі қойғанда, алмағың не еді менен! С.См. ~ — Кім ол? — Сүйменқұл ғой тулақтай сабаған… Ұлымнан сәл- ақ үлкен еді. Қол жұмсағаны- ақ жанымды күйдірді- ау бәрінен бұрын. С.См. * Үстімнен арыз бар ма, қайдам. Президент әкімшілігінің іс басқармасының бастығы тулақша қағып, шаңымды сілкіп алды. Д.Досж.

Posted in

ТУРАСЫН АЙТТЫ

Ештеңені жасырмай, төтесінен кетті. ~ Ақырында, не керек, ауылға әдейілеп келіп, әуелі Күләннің өзіне көңіл білдірдім. Ол кезде әзіл-оспағыңды кім білген. Турасын айтып, қарап тұрдым. С.Ом. ~ Автобуста, трамвайда сүйкеніп, тиісіп-қағытып тұратын ана бір жыртақайлардан өзге жігіт екен, бары мен жоғын түгел жайып, турасын айтты. Ал туралықты әйелдер жоғары бағалайды. М.Қаб.

Posted in

ТУМА ТАЛАНТ

Шынайы, табиғи дарын; саф өнер иесі. * Осы қысқа ғана мысалдардың өзі Төлегеннің тума талант, сезімтал ақын, ойшыл азамат екенін танытып тұр. К.Салық.

Posted in

ТУРАСЫНА КӨШТІ

Ойын жасырмай, мәймөңкеңлемей, тыңдаушысының бет-жүзіне қарамай ашықтан-ашық айтты. ~ Бұрынғы «Әзекесі» жоқ. «Әзберген» деп турасына көшіпті: «Әзберген, балаңды осы аптаның аяғына дейін жеткізбесең, өзім барып алып қайтамын. Мені босқа қи нама… Пәтер жағына қиналсаң, бала біздің үйде тұрсын…» Д.Әш. ~ Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды, біз сала алмадық, неге? Ж.Аязб. ~ Немене, сені оқытпай тұсап қояр деп пе ең ол? — Көке, жоқ мен… Сізге айтайын деп… Мен үйленбеймін, — дедім әзер дегенде турасына көшіп. Н.Сер.

Posted in

ТУМАҒАННЫҢ ТЫНЫСЫ БӨЛЕК

Туған баласы болмағасын, жаны ашымайды д.м. ~ Бүйте берсе мойыны ырғайдай, биті торғайдай болмай ма, байғұс баланың. Тумағанның тынысы бөлек деген осы да. Өзегін жарып шыққан өз баласы болмағасын жандары аши ма, бұлардың, — деп бұркылдады Қарлығаш.. С.Дос.