Posted in

ТУРА (ТІКТЕП) ҚАРАЙ АЛМАДЫ

Ұяттан жүзін бұрып алып кете берді, бетіне қарауға батылы бармады. ~ Бекболат жігіт жіберіп, дереу үлкен үйінен қымыз алдырып, өз алдына дастарқан салып сапыра бастады. Ақбілек тура қарай алмайды; күнәлі кісіше, күйбіжеңдеп, сасқалақтай береді. Ж.Айм. ~ Абай Шақпақтағы ауылға кеше келген. Барлық ауылдың үлкен-кішісі, көрші-қолаңы, етбауыр жақыны – бәрі Абайдың жүзіне тура қарай алмайды. Бейне бір сондай ғазиз, ұлы жанның алдында өздері айыпты тәрізді. М.Әу. ~ Біз қалай Назарды жолдас дей аламыз? Сағидолла мен Қарағұлға жолдас па ол? Олар оның бетіне де тіктеп қарай алмайды. Малдыбайға жолдас па? Т.Әбд.

Posted in

ТУРА ЖОЛ

1. Дұрыс бағыт; адамгершілік, имандылық жолы. * Сендердің таныстығың, жолдастығың бір тиынға керек емес. Біз ортақшылдармыз: бізде бауыр жоқ, бізде тура жол бар. Ж.Айм. * Дүшпан кеп, досымыз аз, халық сенімсіз, Я, алла, тура жолға өзің баста! М.Дул. * Ілгері Алла адамдарды тура жолға жетектеу үшін Таурат пен Інжілді түсірген еді. Енді шындық пен жалғанды ажырататын Құранды түсірді. С.Елу. * Азаттыққа, білім hәм мәдениетке жеткізетін бірден-бір тура жол осы деп есептедім. Сондықтан революцияға шүбә келтірген ешкімді аямадым, тап жауы деп өлтіре соқтым. Т.Сәу. 2. Тікелей, төтесінен апаратын соқпақ, жол. * Осы әңгімені қызыға тыңдаған Шыңғыс Ұлпанға сыртынан құмартып, тура жолынан аздап қиғаштығы бар Есенейдің үйіне, оған сәлем беру үшін емес, Ұлпанды көру үшін түскен. С.Мұқ. * Тура жолда Мұстафа мен Бәйділда қалды. Мұстафа бір жерде тығылып жататын шығармыз деп ойлаған … Т.ӘБД.

Posted in

ТУРА ЖОЛҒА БАСТАДЫ (САЛДЫ)

Дұрыс бағыт сілтеді; жөн көрсетті. * Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да — оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Кәдірлейді. Сенеді. Ж.Айм. *Аруақтардың зарын естіп, періштелер мәслихат құрды. «Иманы шала болса да, жүрегі таза, аңқау жұрт еді, адастырмай тура жолға салайық» деген Бас періште. Бірақ бәрі мәмлеге келе алмады бірден. Т.Сәук.

Posted in

ТУ ЖЫҚТЫ

Жауын қуып тықты, ойсырата жеңді. ~ — Тіпті дәлін айтайын, тақ мына тұрған пақырыңыз барады деп білем! — деп жұртпен бірге өзі де күле тұрып кеудесін түртті… Бұның да бригадасы нық сүйсінді. Екпінді басшылары, сын жиынның алдында көмбеге ойнақтап жетіп, баяғыша айтқанда ту жыға өткендей болды… М.Әу.

Posted in

ТУРА ЖОЛДАН ҚИЯ (ҚИЯС) БАСТЫ

Ақиқат жолынан ауытқып кетті, * "Шаншардың" мақсұты: елді араламақ, жақсы мен жамандықты, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғын қия басқанды біздеп, жараламақ. Ж.Айм. * Арада біраз уақыт өтті. Ата-ананың көңілі жайлана бастаған. Бұл да тәубаға келіп, енді тура жолдан қия баспасқа шын ниетімен бекінген. Т.Сәу.

Posted in

ТУ ҚЫП ҰСТАДЫ

Мақсат тұтты, басшылыққа алды, ұранға айналдырды. * Ар-намыстан гөрі қара бастарының қамын ту қып ұстаған жауыздар жерге қарап қалмау үшін қандай сұмдықты болса да қолданудан тайынбайды. Қ.Тол.

Posted in

ТУРА ЖОЛДАН ТАЙДЫ (АУЫТҚЫДЫ, АДАСТЫ)

Шалыс басты, адасты, жаман жолға түсті. * Колхозда қара жұмыс істеп жүрген Қайыпберді бертініректе ащы суға үйірсектеп, тура жолдан тая бастады. О.Сәрс. * Баяндамашы, яғни мәртебелі, өкілетті, толымды комиссияның ақбас төрағасы – облыстық жауапты мекеменің пілдей орынбасар бастығы қолма-қол кешірім өтініп, қорытынды пікірдің жалпыға түсінікті, ұлт-аралық қатынас тілінде жазылғанын, өзінің де тура жолдан ауытқымасын мағлұм қылды. М.Мағ. * Анда-санда тура жолдан ауытқып кететіні болмаса, пысық қой, Хайдар бала пысық… М.Қаб. * Жә- жә, Тоғанастың қас- қабағын бағам деп ағайыннан айырыла ма, тура жолдан адаса ма. Қ.Жиенб.

Posted in

ТУ СЫРТЫ

Арт жағы; арқа тұсы. * Боранқұл жиын майданы етіп белгіленген егіншілік бригадасының кең ауласында қоралана отырып алған қалың адамның ту сыртынан келіп тізесін бүкті. Ғ.Біл. * Ту сыртынан Қатшагүлдің үрейленген даусы шықты: – Неғып тұрмыз қу медиенде? Сайда сайтан жүреді дейді ғой! Қайтайықшы! О.Сәрс.

Posted in

ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАДЫ

Дұрыс бағытынан аумады. * – Ағайын, тура би бол деп, сенім арттың. Тура жолдан таймағаныма көздерің жетіп, көңіліңде күдік қалмасын, – деп, ол жүзінен дауда жеңіске жеткенін сездірмей, байсалды қалпын бұзбай отырған Солтанға мойын бұрған. К.Сег.

Posted in

ТУ СЫРТЫН БЕРДІ (КӨРСЕТТІ)

Теріс айналды, арқасын берді, қарамай кетті. * … – шалқып отырған шағында алдыңда құрдай жорғалап, табаныңды жалауға арланбайтын болыстар енді ту сыртын берді. С.Жүн. ~ Еріксіз үрейлене құлақ түресің; төңірек тып-тыныш, бұйығы мүлги тұр. Ай қасты құлпы тастар да ту сыртын беріп, жүгініп отырған тірі аруақтай суық. М.Сүн. ~ Ендеше Қобланды сияқты етекке жармасқандарды қағып- сілкіп шаңға аунатып тастамасаң, қойны- қоншыңдағы байлық құмдай сауылдап, қолыңдағы билік сусып шығып, бауырыңа басқан кермиықтар ту сыртын көрсетіп, безіп кетпей ме. С.См.