Posted in

ТӨРТ КӨЗІ ТҮГЕЛ (ОТЫРУ, БОЛУ, ЖИНАЛУ)

Керек адам тегіс жиналды; бәрі көз алдында. * Бір күні кешке таман байдікінен алған жамандаттың сүйек-саяғын асып, орталарына қойып, жеп болған кезде, төрт көзі түгел отырғанда, Шекер құда-күйеулерінің келетінін ескертті. Ж.Айм. * – Көп рудың ортасында отырғандықтан біз сендерден бөлініп кете алмаймыз. Бірақ, төрт көз түгел отырып шешкен дұрыс емес пе? – деп Асылбай сәл жібігендей болды. Ә.Шәр. ~ Арынғазы тентек Асанның аяқ-қолын байлатып әкелдірді. Байжігітке өлім жазасы кесілгенде, осы билердің төрт көзі түгел хан ордасында отыр еді… З.Шүк. * Қаратау қырқасынан өрген жамағайын, Қырғызалының төрт атасының шалдары, әктепсымақтар, төрт көзі түгел, Доскейдің кең отауына лық толған. Д.Досж. * … Үшбас қампиған қалтасын сыртынан ұрып қалып еді, көп асық: «Біз мұндамыз, төрт көз түгел, саспаңыз» дегендей күтір-күтір ете қалды. М.Қаб.

Posted in

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ

Күллі әлем, бүкіл дүние. * Кей күндері Дархан дәл қазіргідей қашаға сүйеніп, оңаша ойдың күзетінде тұрғанда «осы шойын жолдың тамыршысындай шағын ауыл – Құланды төрткүл дүниедегі толайым жақсылық пен жамандықтан құралақан қалып, дүбәрә тірлік кешіп жатқан жоқ па?» – деген азғырынды пиғылға барынқырайтын. О.Бөк. ~ Мектептен өзге төрткүл дүниенің қыр-сырына ден қойған, адам табиғатының небір қазынасын жиған қартқа сәлем беріп тұрғандайсың. Ш.Күм. ~ Бұл төрткүл дүние о бастағы жаратылысы кереғар әрекеттер мен қиғаш пікірлерден тұратыны рас болатын болса, онда ол кереғар әрекеттер мен қиғаш пікірлер, қалай да, ауық-ауық аласапыран құбылыстардың алдаспаны болып, күндердің күнінде елің мен жеріңнің үстіне қатер төндіретін алмағайып заманның кіндігін кесері хақ. Т.Мед.

Posted in

ТӨРТ ҚАБЫРҒАҒА ҚАМАЛДЫ (ТЫҒЫЛДЫ)

Үйінен шықпады. ~ Енді мына төрт қабырғаға тығылғаннан кейін бе, ескі дерті қозып, қайтадан кеудесін керней бастады. Ә.Ыб. ~ Қарғыс емей не болсын, жан-жағының бәрін жылан жалағандай тып-типыл ғып жұтып, жападан-жалғыз жарға қарап, төрт қабырғаға құлыпсыз қамалып жатысы мынау. Ү.Жәл. ~ Істейтін іс болмағандықтан Амелияның күні бойы төрт қабырғаға қамалып отыра бергісі келмейтіні түсінікті еді. Ч.Пав.

Posted in

ТӨС АРШЫНДЫ СҰЛУ

Сұлу мүсінді әйел заты хақында. ~ Қоспақ өркеш сары атан Қом жасамас майдан соң. Төс аршынды сұлуың Сілкіп төсек сала алмас жардан соң. Байдың ұлы көрпелдес Шұбалаңқы тартады Айдап жүрген малдан соң. Бұхар ж.

Posted in

ТӨРТ ҚАБЫРҒАДАН БАСҚА ТҮГІ ЖОҚ

Тұрмысы нашар, кедей. ~ Бірақ үй деген аты болмаса, төрт қабырғадан басқа түгі жоқ, сары топырақпен жабылған жадағай төбесінде тек шошайған шолақ мұржа мен әр жерінде бір қылтиып өскен алабота ғана көрінеді. Д.Әш. ~ Төрт жағында мелмиген төрт қабырғадан басқа ештеңе жоқ екеніңе әбден көзі жеткен соң барып, қолындағы қағазға үңілді. Ә.Кек.

Posted in

ТӨС ҚАҒЫСҚАН ДОС

Салт бойынша кеуде түйістіріп, ант беріскен достар. ~ Ата даңқы жаман ұлды он жыл асырар деген рас, ә. Саурық-екем-ай! Астындағы атын түсіп берген боз тарланым! Кешегі жыланда аузыма су тамызған боздағым! Төс қағысқан дос едік!.. Д.Дос. ~ Бекбол екеуі төс қағысқан дос екен… О.Сәрс. ~ Әуелде қажасу қайтадан ұшықты ма деп секем алған Елтай мына кеңкілден кейін Сүкең мен шофер жігіттің әкесі — Сәрсенбінің төс қағысқан дос екенін ұқты. М.Қаб. ~ Ақсақалдар бір мал тауып құрбандыққа шалды да: «Басымызға бас қосылды, алды-артында сүйеніші жоқ Әбиболла жалғыз-сырап жүр еді, енді екеуің төс қағысып дос болыңдар», — деп баталарын берді. Б.Тоғ.

Posted in

ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ САЙ (ТЕҢ)

Жағдайы жақсы, уайым-қайғысыз, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ д.м. ~ Ақын мұң шаққандай осы жайларды сыр қылып айта келіп, сөз түйінін Күдеріге арнады: – Солай, жігітім. Кейде сырттай қараған кісіге мен бір төрт құбыласы сай, армансыз адамдай көрінуім мүмкін. Қ.Жұм. ~ Сен жылама, қорқытпа мені көзіңнің жасымен. Әкесіз жетім қалған жалғыз сен емессің. Мұнда ешкімнің де төрт құбыласы сай болып тұрған жоқ. К.Сег. ~ Мұнда кидің ұшымен ғана домалақ шарды түртіп жіберіп, дөңгелек жерде кәйіп өмір сүрген төрт құбыласы тең сылаңдар жиналады екен. Қ.Түм. ~ Ішкі үніміз де салдыр-күлдір, шаңқ-шұңқ. Ал Алла-тағаланың қазақ баласының еншісіне берген тек өзіне тән, төрт құбыласы тең, құдіретті киелі түсі қайда? Яғни — Қоңырымыз қайда? Ж.Аяз. ~ Иә, аспанның тірлігі басқаға, басқаларға керек. Олардың төрт құбыласы тең, сауысқаннан сақ, сақадай сайланып жүруі үшін керек. О.Бөк.

Posted in

ТӨС ҚАҒЫСТЫРДЫ

Ерекше ықылас, достық, туыстық белгісі ретінде кеудеге кеуде тигізді.~ «Екі жастың көңілдері жарасқан екен. Ендігісі — біз құдаласып, құйрық-бауыр жегізіп, төс қағыстырып, сөз байласуымыз керек», — дедім. А.Жақс. ~ Ауыр қол, қайратты алақанымен солқ еткізіп, иығымнан қақты. — Аналитик ғалым болғаныңның бір пайдасын көрдің, — деді сүйкімсіз ыржиып. — Кел, төс қағысайық. Ендігі жерде жұбымыз ажырамай, ынтымақ, бірлікте болайық деген кім? М.Мағ.

Posted in

ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕЛ

Уайымы жоқ, не ішем, не кием демейтін, көңілі тоқ адам туралы. — Ал сенікі қай жатыс, жолдас Патшабаев? Неңе жетісіп жатсың? Әлде төрт құбылаң түгел ме? О.Сәрс. ~ Мына опасыз жалғанда төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? С.Дос. ~ Сезімі жоқтар, төрт құбыласы түгелдер бүйтіп ән айта алмас…» Көңілсіз ойлар қаумалаған жігіт кең кеудесін өртке шалдырып, мейлінше мажығып күрсінген. Ж.Шағ.

Posted in

ТӨС ТАБАНЫ ЖЕР СЫЗДЫ

Ұзақ жүріп, шаршап-шалдықты. ~ Рахметті Сырбай атына мінгізді де, өзі үзеңгісіне қатарласа жүріп отырды. «Төс табаны жер сызған, атан жүрер жол екен» деген қазақ мақалы түсті Рахметтің есіне. С.Мұқ. ~ Осындай сәттерде көңілдің күні өшіп, айнала төңірегімнің бәрі қарауытып кеткендей бола қалады. Әбден жүйкелеп, төс табаным жерге тиді. Көзім қарауытып, басым шыр көбелек айналып, ес- түсімнен айрылып қалғанша қасарысып, қарысып аударма жасай бердім. Н.Кел.