Posted in

ТӨБЕСІНЕН ТІК ТҰРДЫ

Алдында құрдай жорғалап, қызмет көрсетті. * Тегі, оңаша тіл қатқанда, Шыңғыстың кім екенін Малтабар Варвараға ескертіп қойған болу керек, көрген сәттен алдында құрдай жорғалап, «төбесінен тік тұрып» құрмет көрсетті. С.Мұқ. * Толыбайдың Қотанкөлді бетке алып көшіп келе жатқанын әлде қалай есітті, Нұрыбай аулынан бала барса да, жақайымдар төбесінен тік тұрып күтеді… З.Шүк.

Posted in

ТӨРІНЕ ШЫҒЫП, ТӨБЕСІНЕ ОЙНАДЫ

Әбден басынды. * Болыс. Келді ғой! (Қыдышқа.) Үстімізге кіргізіп отырамыз ба басынтып. Қыдыш. Кірмесін, түге. (Дауыстар.) Сый қонақ бар мұнда…. Жүзтайлақ. Төрімізге шығарып, төбемізге ойнатушы ма едік? Әкелмеңіздер Кәкеңнің үстіне. М.Әу.

Posted in

ТӨБЕСІНЕН ТҮСТІ

Дәл тапты, үстінен түсті. ~ Әбілқайыр оның әңгімесін сосын да құмартып тыңдайды. Міне, бүгін де ол бұның көкейіндегі бір дүдамалдық төбесінен түсіп отыр. Ә.Кек. . ~ Нияз. Сәламатсыздар ма. О-о тойдың үстінен шығыппын ғой. Б а ғ и л а. Жоғары шық. Мақтап жүреді екенсің. Дәл төбесінен түстің. Т.Ахт. ~ Ол ұрлана басып барып атын ерттеп мінді. Ақшолақты кесе ұстады. Сонан соң дәл иек артпадан асып, екеудің төбесінен түскен. К.Сег.

Posted in

ТӨРІНЕН КӨРІ ЖАҚЫН

Жасы келген қарт адам туралы. ~ Осы тойға құсша талпынған шабандоз баласын қайырып, қара шаңырағымен өзі келгендегі озбырлығы төрінен көрі жуық шағында қызық көрейін деген өзімшілдікке саятынын күрсіне айтты. Т.Әл. ~ Маған салсаң, шоқынып кет. Бірақ төрінен көрі жақын әке-шешеңнің де қамын ойла, балам… О.Сәрс. ~ Жаңа ғана аузына Кежі атының түсіп кете жаздағанын да Сүйінғара аңғармай қалды: «Бұ не болды! Қартайғаным ба? Төрінен көрі жақын деген осы-дағы. Бірақ, менен, сексеннен асқан Сүйінғарадан ел не сұрауы керек?» М.Әбдіх.

Posted in

ТӨЗІМІ ТАУСЫЛДЫ

Бұдан әрі шыдамады. ~ Олай болса неге алып келдің бұл қалаға? ─ деп төзімі таусылған жігіт бұрқ етті. С.Шай. ~ Нәресте екі жасқа толғанша келіншек шыдап баққан, ақыры төзімі таусылған соң ажырасып тынған. Ә.Тар.

Posted in

ТӨРКІНІ ЖУАН

Әелінің туыстары белді, белгілі адамдар д.м. ~ Қ а й ш а. Пәлені үйреткен — күндестік. Ағайынға қадірлі, байға сөзі өтімді, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс, аюдай ақырған төркіні жуан күндесің болса, өзің қайтер еді? Кіші қатын мен болдым, тепкіні көрген — мен. Кеше соның денесі қара жерге кіргенге шейін, азадан бойым сергіген күн болды ма екен? М.Әу.

Posted in

ТӨЛ БАСЫ

Бастаушы, жол салушы, балалардың үлкені. ~ Майқы би қазірге қазақ қауымындағы Ұлы жүз ішінде аты сақталынып қалған Үйсін тайпа бірлестігінен өрбіп шыққан. Содан да оны қазақ шешендігінің төл басы, көшбастаушысы деп танимыз. Қ Ерг. ~ Әкесі Мүбәрәк та: "балаларымның тұңғышы" ғой, төл басы той, осы үлкен бастың болса, басқалары осының ізімен адам болып кетер еді-ау!" — деп отыратын. Ә.Тар. ~ Екеуіңнің осы қарыздарың менін мойнымда, екеуің не қаласаңдар да берем деп еткен уағдам бар еді. Және мынау отырған балаларым мен немерелеріме өлгенше сендерді сыйлап өтіңдер деп көзбе- көз тапсырмақ едім. Құдайберді менің төл басым еді. Т.Жұрт. ~ — Біздің қазақтан шыққан саудагер жоқ еді. Бәлкім, осы кәсіптің төл басы сен болатын шығарсын, — деп Демежан да жас жігіттің сөзіне елеңдей қалды. Қ.Жұм. Бұрын туған төл. ~ Төл басы (қорадағы малдан төл алар уақытта бірінші туған қозы, лақ төл басының құтты, ақжолтай болуына, аман-сау қалуына малшы қауымы ерекше мән береді, оны ырым деп санайды)… Ә Қайд. ~ Қ а с ы м. Тоғыз ұл, тоғыз қыз тапқыр, періштем менің! Төл басыңмен құттықтаймын! Үйірімен үш тоғыз, иә сәт!.. (Банудың қолынан сүйеді). Ал енді әрі қарай ғой, періштем менің! Көзіңді жұма ғой… М.Мақ. Мал басы. ~ Әуелде төл басын ауыл-аймақ жинап берген. Балалары оқып жатқан байлар, ауру-сырқауын емдеткен ауқаттылар қара мал, ұсақ қой-ешкіні өздері-ақ әкеліп қораға кіргізіп кететін. Б.Тоғ. ~ Көген той. Алғашқы бие байлау, қозы көгендеу сәттерінде мал иелері желі басына барып, желіге, көгенге, төл басына ақ құйып, «Мал басы өссін!» — деп бата тілеп, ырым жасайды. Артынан ақ дастарқан жайып, шай ішеді. БАҚ.

Posted in

ТӨРТ АМАЛ

Есеп-қисапта қолданылатын амалдар: қосу, алу, бөлу, көбейту. ~ Бала бір күні: — Тілмаш кітап табылса бұны кісі өз тұсынан үйренуге де болады екен, — деп еді. Содан кейін төрт амал есебін, орыс тілінің падеждерін қосты. Ғ.Мұст. ~ Асқа тәбетім соқпай жүдеп барамын. Қырмап жұмысына етенелік — суй бастады. Көз алдымда таразы цифрлары тайраңдап, арифметикалық төрт амалдың ережесі миымда тұрмайтын болды. Т.Берд.

Posted in

ТӨЛ ТУМА

Туған перзенті д.м. * Бұл аудан бұрын Көкшетау облысының құрамында болғандықтан, біз оны кербез Көкшенің төл тумасы атаймыз. К.Салық. ~ Бір бүйірде бұғып жатқан «оппоненті» де осыны андып отыр екен, бірден қамшы тастады: — Бірақ мынаны да ескеру керек. Социализм қанша керемет болғанымен, ол қазақтың төл тумасы емес, шеттен енген, бұл елге күшпен танылған нәрсе! — деген өршеленіп. Қ.Жұм. ~ -А у нас нет стаканов, -деген ол, мұны естігенде бұл ортаға жаңа келген Пангурин түгілі осы елдің төл тумасы Есентайдың өзі таңқалғанын жасыра алмай. С.Баяз.

Posted in

ТӨРТ АРЫС

Дүйім қазақ д.м. ~ — Арғын, Найман, Керей, Уақ төрт арыс бас қосыппыз. Текке қосып отырғамыз жоқ бұ жерде. Оспан мырза, бейіліңе де, сөзіңе де біз ырзамыз! — деп, соңғы сөзді Тойсары түйді. М.Әу. ~ Абайға солар жаңа қуаныш хабарлар жеткізген. Абай сөзі халыққа жағып, кең жайылып кетіпті. Қарқаралы-қоянды жәрмеңкесіне жиналған төрт арыстың бар кәрі-жасы Абай атына қанық бопты. М.Әу. ~ Көз жеткен мен сөз жеткенді болжасаңдар, "исі қазақ" деген осы. Бұл төрт арыстың баласы, Орта жүздің тізіліп келген тобы деңдер! — деп, өз жиындарының жөнін ұғындыр. М.Әу. ~ Осының артынан бір күннен соң Абайға "сәлем береміз" деп бір топ адам келді. Бұлар — Керейдің Бегеші, Уақтың Серкесі, Найман, Сыбанның Қамбары, Қаракесектің Ақпаны, қысқасы, әнеугі "төрт арыс, Орта жүздің тобы" деген қауымына әдейілеп келген кісілер. М.Әу.