Не жамандық жасап еді (едім) д.м. ~ Әй, Әсбет. Әлгі жетпегір балаң қайда, үйде ме? Ауыз үйден оған шешем үн қатады. – Жетпегір боп ол саған не істеді? Төбеңе құй қазды ма? Б.Соқ. ~ — Әзіл өзіне басқа, мен шын сұрап отырмын, — деді Кәрібоз: — «Құдай бар, құдайдың рақматы кең, құдай әділ…» деп молдалар қақсағанда имандай үйимыз. Сол құдайы бар болса, әділдігі қайда? Кәкімді бай қылып, бізді оның құлдығына неге жүргізеді? Біз құдайдың әкесін өлтіріппіз бе? Құдайдың төбесіне құй қазыппыз ба?.. Б.Майл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОЯТ ТӨС, САЛПЫ ЕРІНДІ
Сәйгүлік аттың сипаты. ~ Айдасаң алыс жерімді, Алсаң ащы терімді, Өзіне — өзі сенімді, Тоят төс, салпы ерінді, Топтан торай бермейтін Тұлпар аттай қунақпын. Д.Баб.
ТӨБЕСІ ЖАЙЛАУ, ТӨСІ ҚЫСТАУ БОЛДЫ
Көңілі қош болып, дүниенің рахатына батты. ~ Оспанға, өзінше Жорға Нұрым секілді дәрежелі кісінің күйеу боламын дегені құдайдың көктен айдап түсірген жақсылығы еді. Шылқымайға кірдім ғой деп мұртынан күліп, тіпті бұрынғы бұрынғы ма, төбесі жайлау, төсі қыстау болып, есі шығып еліріп кетті. С.Тор.
ТӨБЕ КӨРСЕТПЕДІ
Көрінбеді, келіп-кетпеді, араласпады, бой көрсетпеді. * Елтүзердің керек-жарағына, өздеріңіздің шай-қанттарыңызға, дейді. Ауылдастарына төбе көрсете қоймайды. Н.Дәу. * Мағираның айтуынша, кейінгі кезде олар да төбе көрсетуді қойыпты. Д.Әш.
ТӨБЕСІ КӨККЕ ЕКІ ЕЛІ ЖЕТПЕДІ
Қуаныштан көңілі алабұртты, мәз-мейрам болды. * — Қалай өздері, кран алып, төбелері көкке екі елі жетпей жатыр ма? — деп бір қойды. Қ.Түм. * Кәне, кімнің әжесі өстіп жұрттың бәрін алаламай мейірленіп сүйе алады?! Мен төбем көкке екі елі жетпей тұрмын. С.Мұр.
ТӨБЕ КӨРСЕТТІ
Бір көрініп қалды. * Кейде даталы күндерге байланысты жиналыстар өтіп жатады, мейлі кәсіподақтың жиналысы болса да, Әскербек ерінбей- жалықпай бір төбе көрсетіп кетеді. Қ.Жиенб. * Ара- тұра Теміржан төбе көрсетеді. Қ.Жиенб. * Демежанның да жай мал иесі ретінде төбе көрсеткені болмаса, саудаға қыры жоқ. Қ.Жұм.
ТӨБЕСІ КӨККЕ ЖЕТТІ
Қуаныштан жарыла жаздады. ~ Шынымен дейсіз бе? Жоға, онысы әншейін ғой. Күнікей бедеу мініп қылаң ұрса, төбесі көкке жетпес пе еді? Ж.Айм. ~ — Егінге ертең саламыз орақ! – деген күн Төбесі көкке жеткені-ай дейсің халықтың. К.Мыр. ~ Тотының төбесі көкке жетті әлгі жерде. Режиссермен танысады — қандай бақыт! М.Қаб. ~ Бұл жиналыстан мен төбем көкке жеткендей боп қуанып қайттым, аяулы оқушым, Баукеңнің атағына, алғырлығына, шешендігіне қуандым. Ә.Нұрш.
ТӨБЕ ҚҰЙҚАСЫ ШЫМЫРЛАДЫ
Зәресі ұша қорықты; тұла бойы түршікті; үрейленді. * Бірақ, шар-шар шыңғырған сәбилердің дауысынан төбе құйқаң шымырлайды. Ә.Кек. * Китель киген шүңірек көз қара сұр кісі елдегі жалпы саяси ахуалды, іштегі бұққан жаудың бүлігін айтып, оларды “жою керек, құрту керек” деп, қолын үсті-үстіне сермегенде, аузынан сөз емес, бытыра бүркіп тұрғандай төбе құйқаң шымырлайды. Т.Сәук. * Көзіне бұлдырап сағым, сонан соң зеңгір аспан… сонан соң… төбе құйқасы шымырлап, тізесі дірілдеп кетті. Д.Досж.
ТӨБЕСІ ТЕСІК
Бөтен тілді де түсінеді д.м. ~ Сан Саныч, ваше слово! — Бұл кержақтың төбесі тесік! — деп Әбдіжапар тағы да киліге кетті. — Қазақша тіл қатсаң, қалмақша жауап береді. Қ.Ысқ. ~ Мен дайынмын, — деді Василий де қазақша қайырып. — Өй, мынауыңның төбесі тесік қой, — деді Керім көкесі. — Әрине, Семейдің орысы емес пе… Өскемендіктер ғой өгіз секілді «өлдім» демейтін! А.Алт. ~ Әй, жел сөзді қойсаңдаршы, қонақ емес пе? Кім біледі, төбесі тесік шығар. Оның төбесі бітеу болса да, анау жандайшабының төбесін қайда қоясын. С.Жүн.
ТӨБЕ ҚҰЙҚАСЫН ШАЙНАДЫ
Есін шығарды. ~ Ат үстінің аударысында тақымы аттан ауып көрмеген, танымынан тартыста еш жанға көкбөрі лақ бермеген тартқыштар танауларын кептіріп, мықты жігіт өзімсініп, мығымсиды. Атыстың алысына түсіп, жаурыны жерге тимеген мелжемді жігіттер бүгін талай солдаттың, болыстың төбе құйқасын шайнайтын секілді. Бәрі ісік, бәрі пері, гу-гу. І.Жанс.
