Зәресі ұшты; қатты сескенді. * Жүлік деген сөзді естігенде Әлімхан екеуміздің төбе шашымыз тік тұрды. Қ.Ысқ. * Әмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне алтысы келеді, мен де, әкең де төбе шашымыз тік тұрып сені айырып алуға жан салдық. Б.Майл. * Майданнан бір хабар естірткелі шақыртты ма деген ойдан төбе шашы тік тұрды Сүлкейдің. С.Елу. * Дәніккен қол сумаңшыл болады деп, ертеңіне де қас қарая жетіп келіп, еденді қақыратады, пешті бұзады… есегіне артып ап тайып тұрады. Күз түсіп, қойшылар еңіске жөңкіп, жылы, шуақты қыстауға келгенде мекен-жайды көріп төбе шаштары тік тұрады. Д.Досж. * Інім, ол сотталды ғой. Бірақ ол кезде ауданның бір бастығы болсам да мен оның сотты болғанын құптамадым. Бірақ жалғыз менің қолымнан не келеді. Шулап артында жеті баласы қалды дегенде төбе шашым тік тұрды. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨБЕСІН КӨРСЕТІП ҚАЛДЫ
Біреудің көзіне түскісі келді. ~ Олардың түпкі ойы — осындайда көсемнің көзіне түсіп, төбелерін көрсетіп қалу. Сөйтіп, биліктің басқышына қол артып, қазанның бір тұтқасын ұстау. Д.Рам.
ТӨБЕГЕ ҰРҒАНДАЙ СІЛЕЙДІ (ТҰРЫП ҚАЛДЫ, ТЫНДЫ т.с.с)
Оқыс жағдайдан не істерін білмей қалды. ~ Мұндайда үйірімен кездесетін ұлыған аш бөрінің дыбысы жоқ сияқты. Жолықтыра көрмесін. Айнала тұра қалып қар боратқанда ат шіркін де төбеге ұрғандай сілейіп, есінен танып қалады. К.Жүн. ~ Танысынан мына бір «тырылдақты» қалтасын қағып беріп, зорға сұрап алған. Қыстауға таяп қалған- да төбеге ұрғандай сілейді де қалды. Ө.Кәр.* Бірдеме айтқысы келді. Бірақ, айта алмады. Айтпаған қалпы салбырап шығып кетті. Екеуі төбеге ұрғандай тұрып қалған. Қ.Ысқ. * Әуезовті тыңдаған алты адам отырған-отырған жерімізде төбеге ұрғандай тынып, қаттық та қалдық.З.Қаб. ~ − Сонда қалай болғаны?! Алланы, пайғамбарды балаларымыз белкүллі ұмытып кете ме?! — Қызғылт томпақ шекесін жұдырығымен ысқылап, төбеге ұрғандай тоқтап қалды. С.Омар.
ТӨБЕСІН ОЙДЫ
Өктемдік жасап, жанын шығарды. * – Құдай–ай, алдына қойып берген асты дұрыстап іше алмайтын Қойшыбектің жаман ұлы анада әкім болып келіп, төбемізді ойып жібере жаздады емес пе?!. Т.Әл. * Бір кезде соқаның соңында жүрген топас мұжық еді, оны құтыртып апарып әкім қойдыңдар. Қолына киттей билік тиіп еді, жұрттың төбесін ойып жібере жаздады. Т.Ахт. * Көкек төбесін ойсаң да түк түсінбейді, сұратпай-ақ өз атын өзі атауды ғана біледі, — культ личности. Мен бұлбұлды не… жақсы көрем. Ғ.Қаб.
ТӨБЕДЕН (КӨКТЕН) ТҮСКЕН ЖАЙДАЙ
Оқыстан орын алып, елдің есін шығарған оқиға туралы. ~ Көпшілік қауым Сталин қолымен жасалған кесепатқа бірде сеніп, бірде сенбей екіұдай сезім кешкен. Қаншама уақыт уланған сана үшін Сталиннен кінәрат табу дегеннің өзі төбеден түскен жайдай әсер етті. Ш.Сар. ~ Томаға тұйық адам сияқты болатын. Ал әлгі істегені көктен түскен жайдай біраз жұртты шошытып-ақ тастады. С.Мұр.
ТӨБЕСІНЕ (БАСЫНА) ӘҢГІР ТАЯҚ ОЙНАТТЫ
Әлімжеттік жасап, зәбір көрсетті, әбден қорлады. * — Көке, осы үркітіп- қорқытуыңызды қашан қоясыз? Қылдан тайсақ, төбемізден әңгір таяқ ойнатасыз. Адамбыз ғой біз де… С.Смат. * … бесіктен беліміз енді ғана шыққан бізді де өзінің былғаныш ісіне араластырып, көнбесек басымызға әңгір таяқ ойната бастаған еді. С.Мұрат. * «Елубайды екі күн қара жұмысқа жегеді екенсің ғой» деп төбеме әңгір таяқ ойнатып жүрсе. Аш құлақтан — тыныш құлақ. Қ.Жиен. * Бір кездері сойқан-сойқан солақай саясат төбемізден әңгір таяқ ойнатты ғой. Т.Рыск.
ТӨБЕДЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ
Естен тандырарлықтай суық хабар туралы. ~ Сіз жақсы көрсеңіз болды, шаруа бітті дейді екенсіз ғой. Дүниенің тұтқасы сіздің сол жақсы көруіңізде ғана тұр екен ғой. Ал мен жақсы көрмедім. Онда не істедіңіз? Төбемнен жай түскендей. Жылы-жылы хат жазып жүрген Сақыш дәп осылай жауап қайтарады деп кім ойлаған. С.Шай. ~ Германия бізге соғыс ашыпты! Жаманат хабар төбеден жай түскендей шатыр ете қалды. Б.Соқ. ~ Жаздың қақ ортасында төбеден жәй түскендей тарпа бас салғаны қай сасқаны! Т.Сәу. ~ Бұл күтпеген оқиға еді. Оның әсері төбеден жай түскеннен бір де бір кем болған жоқ. Д.Иса. ~ Аяқ астынан төбеден жай түскендей, Қарсылық Майданының көсемі қарақшы қолынан қаза тауыпты деген суыт хабар дүңк ете түссін. Т.Сәу. ~ Алайда төбеден жай түскендей тап берген қытайлардың қисапсыз көп қолына төтеп бере алмай, хан әскерімен Қоқанға қарай жылыстады. С.Ақт. ~ Далабай мен Таугүл де дүниеміз түгенделді-ау дегенде төбелерінен жай түскендей жағдайға душар болды. Анажардың аяғы ауыр екен. Бұл енді сұмдық оқиға, төтенше жағдай. Е.Әл.
ТӨБЕСІНЕ ЗЫҒЫР ЕКТІ
Жәбір көрсетті, басынды, қинады. * Мүлкаман сөйтіп еңбекке араласты, ең әуелі малшының төбесіне зығыр екті. Көрсеткіші жаман шопан сұмдық қысым жасады. Д.Досж.
ТӨБЕДЕН ТАС ТҮСКЕНДЕЙ (ӘСЕР ЕТТІ)
Естен айырардай әсер етті д.м. ~ Кресло шетінде тізе бүккен Айбар ытырыла түрегелді. Былайғылар түкті түсінбей аң-таң, төбеден тас түскендей оқыс әсерден тұра алмастай омала түскен. Д.Дос. ~ Мына сөз Айбарға төбеден тас түскендей әсер етті. Қазақ салтына қалай болған сонда? Д.Дос. ~ Жұрт тым-тырыс мөлиісті, сақалдының сөзі төбеден тас түскендей есеңгіретті. "Бұл не сонда?" Д.Дос.
ТӨБЕСІНЕ КӨТЕРДІ
Жер-көкке сыйдырмай мақтады, құрметтеп, асты-үстіне түсті, пір тұтты ~ Кенжебекше айтсақ, кешегі "құдайдың беріп тұрған" заманында бұл Табылды деген байдың қонысы еді. Табылдыға мыңнан аса жылқы біткен. Бақыты үдеген. Ауыл-аймақ Табылдыны төбесіне көтерген. Б.Майл. ~ Менің бұл жерде айтып өтейін дегенім, дұшпанын жамандағанда «Алаш» көсемдері қисынын тауып соға беруші еді демек. Сол жамандаған кісілері «Алаштың» өз жолына түскен болса, төбесіне көтерер еді. С.Сей. ~ Шынжаң қазағы төбесіне көтеріп келген аяулы әкеміздің бұлайша мазақ болуы көкірегімізге шер ұялатып, көзімізге жас үйіртті. Ж.Шәк.
