Сынып, бөлшектеніп, ыдырап кету туралы.(?) ~ Қаламды шықырлатып, қайта- қайта маламын… келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алған боташа қаламымды сілке түсемін… Әлі түк жоқ. Ерсілі- қарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады. Ж.Айм. ~ Арпа ұнынан пісірілген бұл нан тұрып қалған нан емес-ті. Оны бүгін пісіріп қойсаң да үш-төрт сағатта-ақ ағаштай қатып қалады. Керісінше жүгері наны басы зорға бірігіп піседі де, бас бармақ тырнағындай болып, торғай бастанып бөлініп, сынып түседі. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОТЫДАЙ ТҮРЛЕНДІ
Құлпырып, жайнады, сыланып, сәнденді. ~ Жырым-жырым қалың ерні түріле күлімсіреп, Майраны қарсы алды. Еркелете аялап, ақ білегінен ұстады. Жәрмеңкенің әні де, сәні де болған Майра сұлу тотыдай түрленіп, сыңғырлаған үнімен: ~ Айналып нақ биіктік өлшеміне, Тотыдай түрленіпті өлке, міне. Тоғысып пирамида құпиясы, Көз тоймас жауһар түзген көркеміне. ~ А.Жақс. Ә.Әрін. ~ Осы кезде сау етіп кірген Артурлар қарсы есіктен шыққан Зерде ғұламаға жүгіре жетіп амандасып жатты. Баян мен Жібектің жүздері тотыдай түрленіп, шырайлана түсіпті. С.Ғабб. ~ Қызықса, қызыққандай-ақ жер екен, шіркін! Түгін тартса, майы шыққандай! Одан соң, көз тойғысыз көркін айтсаңшы тотыдайын түрленген! С.Үс. * «Қалай қолайын тауып дұрыс өзгереммен» жүргенде, жүйкең тозып, қалжырап қаласың. Көпке ортақ жүріс-тұрысқа үйренген Елтайдың қолынан өйтіп тотыша түрлену келмейді. М.Қаб
ТОРҒАЙ КӨЗ (КӨЗДІ)
Қазақ батырлары киген, көзі жиі тоқылған сауыттың түрі. * Күлдір-күлдір кісінетіп, Күренді мінер ме екеміз?! Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екеміз?! Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы торғай көз Сауыт киер ме екеміз?! Ақтамберді ж. * Дулыға деген себілді Сүйек басқа киген дейді Балдағы алтын, сабы жез, Шын бадана торғай көз Жағасы алтын жүлгір жез Иір бадана торғай көз, Ақ ұлпадай себіл тон. Ә.Марғ. ( "Көкетай ханның ертегісі") * Бір қызығы, жаңа ғана арман еткен ойының жалғасын түсінде көріпті… Бұл өзі қол бастаған батыр екен дейді. Үстінде торғай көзді ақ сауыт, қолында күн нұрына шағылған, сегіз қырлы ақ найза, соңына ерген мың-сан қол бар сияқты. Боздақ даласынан бері өтіп, Шәуәшекке қарай шабуылдап келе жатқандай… Қ.Жұм.
ТОТЫҚҰСТАЙ ТҮРЛЕНДІ
Әдемі киініп, боянып-сыланып, кербез тартты, сұлуланды. * Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толқысып, түрленер тотықұстай. Абай. ~ Бәйшешектей киініп, тотықұстай түрленген қыз-келіншек қалың жиналыстың бір жағын тұтасымен сәндендіріп, гүлдей жайнап, көрік береді. І.Жанс. * Көкшетау көп жердің бір көркем жері, Қыз орман Бурабайдың мөлдірлері. Жамылып жасыл барқыт асыл құндыз Түрленген тотықұстай тау көркемі. І.Жанс.
ТОРҒАЙ ТОЗЫ ШЫҚТЫ
Есі кетті, құты қашты, сау- тамтығы қалмады. ~ Қапелімде абдырап кетіп, торғай тозы шыға қашқан бір топқа тұп-тура қырғиша тигенмін. Ж.Сәм. * Шулап-шұрқырған мал, бақырыпшыңғырған қатын-бала, торғай тозы шыққан азаматтар бірді-біреу ұқпаған аласапыран тіршілік пайда болды да, тыныш дала бірдемде зар мен мұңға шомды. Б.Жұм.
ТОТЫҚҰСТАЙ (ТОТЫДАЙЫН) ТАРАНДЫ
Сыланып-сипанды, сәнденді. * Жазғы қудай ыңырантып, Жарылған мұздай күңірентіп, Тал шыбықтай бұралтып, Тотықұстай таранып, Патшалардай найқалтып, Қаса байдай шайқалтып … А.Байт. "Ер Сайын". * «Құдай-ау, күні кеше ғана қаршадай қыз емес пе еді. Еңді міне ай мен күндей жарқырап, тотықұстай таранып иықтас тұрғаны. Шынымен-ақ, – деп ойлады, – шынымен-ақ Омардың ерке қызына ғашық болып қалғаным ба?» О.Бөк. * «Жарқыным- ау, бұл әлгі…. иә- иә, баяғы Зүбәржат қой. Қайтсе де мынау қайғы- шерден жүнжіп кеткен мұңлық емес, керісінше тотыдайын таранған сұлу боп, алтайыдай түлеп апты- ау, әсте, — деп ойладым бір сәтте- ақ әлденеге жүрегім уілжи үнсіз қамығып. Ж.Шағ.
ТОРҒАЙ ТОЗЫН ШЫҒАРДЫ
Тас-талқан қылды. ~ Әзір осы таудың екі беткейіне бытырап тасалана тұрамыз. Қызылдар зеңбірек құдыретымен ақтарды торғай тозын шығарғанда, қашқан жау осы аңғармен кетеді. Б.Жұм. ~ Әне сол құдыретты жаратушының қаһары оңай емес екен. Біріне-бірін өлтіртіп, батырды есінен айырып торғай тозын шығармады ма? Б.Жұм.
ТОТЫҚҰСТЫҢ ЖҮНІНДЕЙ
Неше түске түрленіп, жайқалған д.м. ~ Ұзына бойына тартылған түрлі жіптердің бояуы әлі оңып, өңі сына қоймапты. Ұстай алсаң, саусақ ұшыңа нілі жұғып қалардай иіп тұр. Көрген сәтте тотықұстың жүніндей толқи құбылып, көңілін еліттІ. С.Үс. ~ Жауға аттансам батасын берген шешем, Айырылмастай қасыма ерген шешем. Кәпірлердің қолына қор боп түсіп, Аяғына балаңның түсті-ау кісен. Қайырмасы: Тобылғының бүріндей, Тотықұстың жүніндей. Өтіп жалған барады, Бір күнгімдей білінбей. Ж.Шәк. ("Бүркітбайдың әні")
ТОРҒАЙБАС ҚАР
Ұлпалары үлкен қар. * Шақпақ жақтан жайлап жел соқты. Аспаннан жауған торғайбас қар орай да борай ұйтқи бастады. Жуалының атақты ақ бораны белгі берген тәрізді. Ш.Мұрт. * Бір жылы Алтайдың торғайбас қары толастамай, қытымыр қыстың қысқан кезінде Әутәліп ақсақалдың ұзақ жыл отасқан жары о дүниелік болды. Ы.Дәб. ~Таң атқанша болмақшы қаншаны ақтап, Торғай бас қар жауып тұр қапалақтап. Ақ мылтығы соқпаса жарар еді, Келсін-келмес бет-жүзді шапалақтап… Б.Дүйс.
ТОТЫША ТАҚЫЛДАДЫ
Бір айтқанын қайталай берді, сарнады. * Бала молда тотыша тақылдап, «алдым-алдымды» қағып, «қашан бітер екен?» дегеннен басқаны ұмытып кетті. Ж.Айм.
